Руханият • 07 Қазан, 2019

Зиярат туризмін дамытуға мүдделі

425 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өзбекстанның туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитетінің зиярат туризмін дамыту бөлімінің бас маманы Сайдкомил Халходжаев Алматыға келген сапарында көне Түркістан Түркі мемлекеттері арасындағы сопылық ілімінің негізі қаланған орталық деуге болатынын айтты. Оның айтуынша, Ахмет Ясауи кесенесі мен оның тарихын, ұлы ойшылдың ілімін үйрену мен ислам мұралары түркі халықтары үшін ғана емес, әлем жұртшылығы үшін де қызықты.

Зиярат туризмін дамытуға мүдделі

«Қазақстан мен Өзбекстанның өзара қолға алған жобалары, оның ішінде туристік компаниялар арасындағы байланыс келешекте бұдан да арта түседі», деді Сайдкомил Халходжаев.

Өзбекстан аумағында 7 мың­нан астам мәдени және тарихи нысан бар. Төрт көне қала­дағы 200-ден астам тарихи жәді­гер ЮНЕСКО-ның ерекше қорға­латын аймақтар тізіміне енген. Алдағы уақытта «Ежелгі Бұхара» және «Самарқанд сити» демалыс аймағы құрылмақ.

Алдағы уақытта бірігіп «Жі­бек жолы» туристік жобасын да жүзеге асырмақшы.

Оның бір бөлігі зиярат туриз­мі болмақ, дейді мамандар.

Статистикалық мәліметке жү­гінсек, биыл 7 айда көрші ел аума­ғына 3 миллионан астам ту­рист келген. 2018 жылы Өзбек-с­таннан бізге дәл соншама адам қыдырып келген. Оның басым бөлігі Түркістанға зиярат жасапты. «Түркі жұртының рухани аста­насы саналатын Көне Яссы қаласы зияратшылар санының артуына себеп болатындығына біз сенеміз», дейді Сайдкомил Халходжаев.

Өзбекстанның есігі шетелдік туристерге айқара ашылғанына биыл үшінші жылға аяқ басты. 2019 жылдан бастап бұл елде 6 миллионға жуық адам қонақта болған. Оның тек 4 миллионы ғана Самарқан, Бұхара қаласына тоқтаған. Бұл 2018 жылмен са­лыс­тырғанда екі есе көп. Бұрын мұндай көрсеткішті тек армандайтын өзбек билігі туристерді әлде де еселеп тарту үшін ішкі туризмнің мүмкіндіктерін әрта­раптандырып жатыр.

Ташкент қаласы туристік ин­фра­құрылым және мәдени мұра бөлімінің басшысы Элбек Набиев Қазақстанға келген сапарында өзбек билігі қонақтарға жайлы болу үшін бар жағдайды жасап жатқанын айтты. Қонақ­үйлерге тоқтаған туристерге өз­бектің хош иісті көк шайы мен тандыр наны тегін ұсынылады. «Қазір біздің елде 65 мемлекетпен визасыз режім орнаған. Келесі жылы бұл тізімге тағы 20 ел қосылады деп күтіп отырмыз», деді Элбек Набиев.

Зиярат туризмінің Түркіс­таннан басталуы өзбек билігі үшін тиімді болып тұр. Ал қ­а­зақ­стандық мамандар ежелгі Сайрамдағы сансыз бап пен Арыс­танбаб кесенесін «Жібек жо­лы» туристік жобасына кіргізу қажет­тігін ескертіп отыр. Себебі Сайрамда Ахмет Ясауидің ата анасы Ибрагим мен Қарашаш, ал Отырарда ұстазы Арыстан бабтың кесенесі бар. Бұдан өзге көне Оты­рар жерінде Шыңғыс ханның ізі сайрап жатыр.

 «Сайрам мен Отырардың «Жі­бек жолы» туристік жобасына енуіне Қазақстан мүдделі болуы керек», дейді қазақстандық туризм саласының өкілдері.

Өзбекстан Республикасының бас консулы Аброр Фатхуллаев апта басында қазақстандық журналистермен кездескен кезде 2025 жылдарға арналған туризм­ді дамыту бағдарламасы бекі­тілгенін айтты. Бұл бағ­дар­­­лама Өзбекс­танды аймақ­тық және әлемдік туризм нары­ғын­дағы бәсекеге қа­білетті елге айналдыруды көз­­­деп, туристер ағынын жылына 9 мил­лионға жеткізуді мақсат еткен.

Былтыр Ташкентте өткен ха­лық­аралық туристік инвес­т­фо­румға жиналғандар бір турис­тің Өзбекстандағы 1 апта­лық шығыны 619 доллар болатынын есептеп шығарған.

Бұған қонақүй шығыны, таң­ертеңгі және кешкі тамақ мәзірі кіреді.

Бас консул Аброр Фатхуллаев бізбен әңгімесінде 2025 жылға қа­рай, бұл көрсеткіш 2,2 мил­лиард долларға, туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2,3 пайыздан 5%-ға жетуі керек екенін айтты. Соны­мен бір мезгілде туристерді ор­наластыратын демалыс аймақ­тарының саны да 900-ден 3000-ға дейін өсіп, ал туристік фир­малардың саны 1700-ге дейін жетуі керек.

Бұл деректер өзбекпен көрші қонған қазақты шындап ойландыруы тиіс.

 

АЛМАТЫ