Әлем • 08 Қазан, 2019

Әзербайжан Президенті Бағдад Әміреевті қабылдады

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреевті қабылдады. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады

Әзербайжан Президенті Бағдад Әміреевті қабылдады

Бас хатшы Б.Әміреев Президент Әлиевті жақында Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттердің президенттерімен жүргізген сұхбаттары, сондай-ақ 15 қазанда Бакуде өтетін Түркі Кеңесінің 7-ші саммитіне дайындық туралы хабардар етті. Саммитпен тұспа-тұс келетін Түркі Кеңесі құрылуының 10 жылдығына да тоқталып, осы тұрғыда ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы әңгімеледі.

Бас хатшы сондай-ақ Президент Әлиевке Түркі Кеңесінің күн тәртібіне елеулі қолдау көрсеткені және ұйым аясындағы ынтымақтастық процесіндегі Әзербайжанның сындарлы және белсенді рөлі мен түркітілдес мемлекеттер арасындағы көпжақты қатынастарды дамытқаны үшін алғыс айтты.

Өз кезегінде И.Әлиев алдағы Саммиттің ерекше маңыздылығын атап өтті. Ол Өзбекстанның Түркі Кеңесіне қосылуына және 2019 жылдың 19 қыркүйегінде Мажарстанда (Будапешт) Түркі Кеңесінің еуропалық кеңсесінің ашылуына қатысты қуанышын білдірді. Бұл кеңсе Кеңестің Еуропалық Одақ елдерімен және басқа да Еуропадағы халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған.

Жүздесу барысында Президент пен Бас хатшы мемлекет басшыларының Түркі ынтымақтастығының экономикалық ауқымын кеңейту жөніндегі шешімдерінің орындалу барысын талқылады. Осыған байланысты Бас хатшы Б.Әміреев Өзбекстан үкіметінің ұйымдастыруымен өткен Түркітілдес мемлекеттердің Біріккен сауда-өнеркәсіптік палатасының І Бизнес және инвестициялық форумының нәтижелері туралы баяндады.

Президент Ильхам Әлиев мүше мемлекеттер мен Түркі кеңесі хатшылығының бірлескен күш-жігерінің арқасында Түркі кеңесінің алдағы саммиті барлық түркі халықтарының игілігі үшін табысты тарихи оқиға болады деп сенім білдірді.