Президент • 09 Қазан, 2019

Елорданың төрт құбыласы тең болуы тиіс

438 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде мәжіліс өтті.

Елорданың төрт құбыласы тең болуы тиіс

 

Бас қала қарқынды дамып келеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында бас қала егемен еліміздің негізгі әрі аса маңызды жобасы екенін, бүкіл әлемге Назарбаев моделі немесе Қазақстан жолы деп мойындалған стратегия дәл осы шаһардан басталатынын айтып, елорданың бірқатар жетістігіне тоқталды.

– Нұр-Сұлтан қаласын әрі қарай дамытып, жаңа белестерге шығару – алдағы негізгі міндеттердің бірі. Біріншіден, елордамыздың экономикасы соңғы жылдарда ойдағыдай дамығанын атап өту қажет. 21 жыл ішінде ішкі өңірлік өнім шамамен 5,5 есеге өсті. Бұған құрылысты күшейту, бизнесті дамыту және ин­вестиция тартудың арқасында қол жеткізілді. Қала экономикасына 9 трлн теңгеден астам инвестиция құйылып, 2018 жылы бюджетке 1,1 трлн теңге түсті. Шағын және орта бизнес халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік берді. Екіншіден, қала инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатыр. Астанамыз өмір сүруге қолайлы болуы үшін жан-жақты абаттандырылды. Тұрғын үй және жол құрылысы, әлеуметтік сала инфрақұрылымы айтарлықтай дамыды. Нұр-Сұлтан қаласы мәдени әрі зияткерлік орталыққа айналды. Біз осы даму қарқынын бәсеңдетпеуіміз және әрі қарай күшейтуіміз керек. Үшіншіден, елордамызда маңызды халықаралық шаралар мен кездесулер өткізіліп тұрады. Бұл – үлкен жетістік. ЕҚЫҰ саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, халықаралық ЭКСПО көрмесі, жыл сайынғы Астана экономикалық форумы және жуырда өткен Жаһандық инновациялық саммит – соның айқын дәлелі. Нұр-Сұлтан қаласын халықаралық орталық ретінде әрі қарай дамыта береміз. Көп жұмыс атқарылды, бірақ мұнымен шектеліп қалмауымыз керек. Біз үшін маңызды мақсат – елордамыздың дамуын барлық бағыт бойынша жаңа сапалы деңгейге көтеру. Бас қаламыз еліміздегі басқа өңірлерге үлгі болуы керек. Елорданың көркеюі – Қазақстанның өсіп-өркендеуін көрсететін негізгі фактор. Бұл мақсатта қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан маңызды жұмысты зор жауапкершілікпен атқаруымыз керек, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысына Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Ал­тай Көлгінов қаланың әлеуметтік-эко­номикалық дамуы, стратегиялық келешегі, тұрғын үй және инженерлік ин­фрақұрылымдарды кеңейту, әлеу­меттік салада тұрғындарды мазалайтын мәселелерді реттеуге бағытталған шаралар туралы баяндады.

Астана әкімі шаһарды Еуразияның іскер, мәдени және ғылыми орталығы ете отырып, жастарды, кәсіпкерлерді және туристерді тартуды негізгі темірқазығы санайтынын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі басымдық қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, азаматтармен тиімді қатынас пен кері байланыс орнатуға берілуде.

– Елорданы көшірген сәттен бастап халық саны 280 мыңнан 1 млн 100 мың адамға артты. Тұрғындардың дені 35 жасқа дейінгі азаматтарды құрайды. Халық санының қарқынды өсуіне орай алдымызға бірқатар маңызды міндет қойдық. Атап айтқанда, әлеуметтік инфрақұрылымға басымдық беру, қаланың шетіндегі елді мекендерді дамыту, сапалы жұмыс орнына деген қажеттілік және тағы басқа. Тұрғын үй мәселесіне келсек, қолжетімді баспана басты мәселе болып тұр. Осы бо­йынша жүргізілген сауалдамада қала тұрғындарының тең жартысы баспананы негізгі мәселе деп көрсетті. Қазіргі таңда үй кезегінде 47 600 адам тұр. Олардың көбі түрлі әлеуметтік топтарға жататындар. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, қолжетімді баспана құрылысын үш есеге дейін арттыруға дайындық жұмыстарын бастап кеттік. 2019 жылдың қорытындысы бойынша бюджет қаржысы есебінен 190 мың шаршы метр болатын 2400 пәтер тапсырылады. Ал келесі жылы жеткілікті қаражат қарастырылған жағдайда ауданы 550 мың шаршы метр болатын 7 мыңға жуық пәтер салуды көздеп отырмыз, – деді А.Көлгінов.

Сонымен қатар алқалы жиында елорда инфрақұрылымын дамыту жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев баяндаса, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов жаңадан құрылған орталықтың аяқалысын айтып берді.

Ал Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Президент Әкімшілігіне жүгінген Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының талап-тілектерін жеткізді. Соның ішінде денсаулық сақтау жүйесіндегі қорда­ланған мәселе көп екені мәлім болды. Ай­талық, тұрғындар емханалардағы ұзын-сонар кезекке жиі шағымданады екен. Бұл ретте цифрландыру тетіктері атал­ған мәселелерді шешуде өз тиім­ділі­гін толық көрсете алмай жатқаны айтылды.

Кетеуі кеткен істер кәсіпкерлікке кедергі келтіреді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту жөніндегі жұмыстардың жай-жапсарымен танысып шыққан соң көпшіліктің көңілін күпті еткен негізгі мәселелерді атап көрсетті. Сөйтіп Президент қала әкімдігі мен бірқатар министрлікке нақты тапсырмалар берді. Президент алдымен инвес­тиция тартуды басым бағыттардың бірі ретінде атады.

– Нұр-Сұлтан экономика мен бизнес ортаға қолайлы жағдай жасайтын қала болып қала беруі қажет. Елорда әрқашан инвестиция тарту бойынша көшбасшы болды. Жыл сайын қалада инвестициялық және экономикалық форумдар өткізіледі. Бұл тәжірибе жалғасады. Инвесторлар немесе қоғам қайраткерлері болсын, олар бірінші кезекте елордаға ат басын бұрады, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы 10 жылда елордаға тартылған инвестиция көлемінің азайып кеткеніне назар аударып, қала әкімдігі мен Сыртқы істер министрлігіне осы бағыттағы жұмысты жандандырып, жуық арада нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.

Бұдан кейін Президент баспана беру мен құрылыс жұмыстарының бәсеңдеуіне мән берді.

– Үлескерлік құрылыс мәселесі тез арада шешуді талап етеді. Қалада 49 проб­лемалы нысан бар. Олардың құры­лысының аяқталуын 13,5 мың үлескер тағатсыздана күтіп жүр. Бұл мәселені шешуге 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ 4,5 млрд теңге ғана игерілді. Бұған қоса әкімдік қосымша 175 млрд теңге сұрап отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев жұртты алдап, ақшасын жымқырып, тақырға отырғызып кеткен алаяқтарды қатаң жазалау керектігін айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне тапсырма берді.

Сонымен қатар энергетика саласын­дағы нысандар құрылысының уақтылы аяқталмауын атап айтты. Құрылысы 2010 жылы басталып, биыл аяқталуы тиіс ЖЭО-3-тің пайдалануға берілу мерзімі кейінге шегерілгенін мы­салға келтірді. Бұл бағыттағы жұ­мыстың тоқырауы бизнестің дамуына да айтарлықтай кедергісін келтіріп отыр екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың «Сарыарқа» газ құбырына қосылуға да­йын болмауын да сынға алды. Бұған қоса кәсіпкерлерге қолбайлау болып отырған инженерлік жүйелерге қосылудың қиындығына назар аударды.

– Көп жағдайда коммуникацияға қосылуға техникалық мүмкіндігі жоқ жер телімдері аукционға шығарылады немесе алдын ала жазылған техникалық талаптар құрылыс барысында өзгеріп жатады. Бұған жол беруге болмайды. Берілетін жер телімдері барлық жүйелерге қосылуға дайын болуы керек,– деді Президент.

Мысал ретінде «Premium Development Life Park» ЖШС-нің электр көзіне қо­сы­лудағы қиындығын алға тартты. Сондай-ақ осы мекеменің атауына да мән беріп, компаниялар алдымен қазақ тілінде аталу керектігін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қолма-қол ақ­шасыз есеп айырысу үлесін арттыру қа­жет­тігіне назар аударды. Қазір елордада ол небәрі 9 пайызды құрайды.

– Аталған проблема қала тұрғындары мен қонақтарына жайсыз жағдай туғы­зып қана қоймай, «көлеңкелі эконо­ми­каның» өрістеуіне әкеп соғады. Қаржы министрлігі қала әкімдігімен бірлесіп қаладағы сауда нүктелері мен қызмет көрсету салаларындағы бақылау-кассалық аппараттарды, карталық терминалдардың болуын қатаң бақылауға алуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент азық-түлік және күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттығына назар аударды. Оның ойынша, бағаның қымбаттығы – инфрақұрылым мен азық-түлік белдеуінің нашарлығы, сауда орындарының жетіспеушілігінің айғағы. Нұр-Сұлтан қаласында азық-түлік және күнделікті өмірге қажетті тауарлардың бағасы қымбат. Мысалы, ұн бағасы елдегі орташа бағадан – 18,2%, сүзбе – 17%, пияз – 14,5%, күнбағыс – 9,6%, сиыр еті 6,7% жоғары.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарының әкімдіктеріне тауар өндірушілермен және сауда желілерімен тікелей байланыс орнатуды тапсырды.

Өмір сүруге мейлінше қолайлы жағдай жасау қажет

Мемлекет басшысы өз сөзінің басым бөлігін қала тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсартуға арнады. Оның айтуынша, ішкі миграциялық процестерге бақылаудың болмауынан жыл сайын қала халқының саны артып, ол өз кезегінде әлеуметтік инфрақұрылымға, соның ішінде медицина мен білім саласына салмақ түсіруде.

Білім беру ұйымдарында орын жетіспеушілігі бар. Мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын шешу үшін жеке­меншік әріптестікті көбірек тарту маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық қызметтің сапасын арттыруды да атап өтті. Бұл тұрғыда 60 жылдан бері күр­делі жөндеу жүргізілмеген Орталық те­мір жол ауруханасының апатты жағ­дайын мысалға келтірді. Бұған қоса, әкімдікке спорттық нысандардың қала тұрғындарына қолжетімді болуы үшін қажетті шаралар ұйымдастыруды, «Қа­зақстан» және «Толқын» спорт кешен­дерінде қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Мемлекет басшысы елорда тұрғын­дарының өмір сүруіне мейлінше қолайлы жағдай жасау керектігіне тоқталып, Нұр-Сұлтан – «төрт құбыласы тең қала» қағи­датымен дамуы қажеттігін айтты. Негізгі міндет – жол салу және жөндеу, орталық коммуникацияларды тарту, шеткі көшелер мен «Мичурино», «Интернациональный», «Күй­генжар» елді мекендерін жарық­тандыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғын­дарының қозғалысын қамтамасыз ету мәселесін қозғағанда көптен бері жыр болған LRT – жеңіл рельсті көлік құ­рылысын сынға алды.

– Бұл – өте даулы жоба, экономикалық тұрғыдан түсініксіз. Әрине, оны бастаған соң аяқтауға тура келеді. 18 стансадан тұратын LRT-ның ұзындығы бар бол­ғаны 22,5 км-ге созылады. Сіздер бұл қа­шықтықты марафон кезінде-ақ жүгі­ріп өтесіздер. Мұндай дүдәмал жоба қа­лайша қолға алынды. Үкімет пен әкім­дікке LRT құрылысын қайта бастау және бірінші кезеңінің аяқталу мерзі­мін нақты белгілеуді, сонымен қатар екін­ші кезеңнің кестесі мен жүзеге асы­рылу тетіктерін айқындауды тапсырамын, – деді Президент.

Сондай-ақ Үкі­мет пен әкімдікке көшелердегі көлік кептелісін азайту мақсатында қаланың интеллектуалдық көлік жүйесінің тиім­ділігін қамтамасыз ететін шаралар қа­былдауды тапсырды. Нақты айтқанда, Сарайшық және Сарыарқа көшелеріндегі кептелісті азайту үшін Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылына дейін көпір салуды ұсынды.

Президент Нұр-Сұлтан ағылшын тілінде қызмет көрсететін халықаралық орталық ретінде дами беруі керек деді.

– Шетелдік сарапшылар мен инвесторларға ағылшын тілінде «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуді ұйымдастыру керек. Ол үшін қала әкімдігі «Астана» халықаралық қаржы орталығы Экспат орталығының мүмкіндігі мен тәжірибесін пайдалануы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың қарқынды дамуы үшін тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті екенін айтты.

– Жыл басынан бері балалардың терезелерден, балконнан құлау салдарынан 14 тосын жағдай тіркелді. Құрылыс нормаларында қауіпсіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет деп санаймын, – деген Мемлекет басшысы сөз соңында айтылған мәселелердің барлығы ескеріліп, тиісті іс-шаралардың орындалуы керектігін қадап айтты.