«Онда тамақ гигиенасы, тағамдық қоспалар, ветеринариялық дәрілік заттардың пестицид қалдықтары, өнімдерді таңбалау, талдау және сынамаларды іріктеу әдістері қамтылған. Еуропа мен басқа да елдер үшін азық-түлік импорты мен экспортын сертификаттауды бақылау туралы ережелер бар», деді Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаева.
Қазақстанның экспорттық саясатында белсенділік басым екені белгілі. Жалпы дүние жүзінде халықаралық стандарттарға сай азық-түлік түрлеріне ғана басымдық беріледі. «Codex Alimentarius» стандарттары Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде мойындалғанын айта кету керек. Денсаулық сақтау вице-министрі халықаралық сауда мүддесі мен халықтың денсаулығы арасында тепе-теңдікті табу өте маңызды фактор екеніне тоқталды. «Мұндай халықаралық форумдар азық-түлік қауіпсіздігін, жаһандық деңгейде адал сауданы қамтамасыз етудің халықаралық стандарттары мен нұсқаулықтарын әзірлеу үшін тиімді шешім табуға көмектеседі» деді Л.Ақтаева.
Қазақстандағы сүт өнімдері импортының басым бөлігі ірімшік, қойытылған сүт, құрғақ сүт, сары майдан тұрады. Сарапшылардың отандық сүт өнімдері экспортының төмендеуіне құрғақ сүтті тұтыну көлемінің артуы әсер етіп отыр деген пікірімен Үкіметтің экономикалық блогы да келіседі. Бірақ Үкімет алдағы уақытта бұл мәселелерді оң бағытта шешуіміз қажет деген жалпылама жоспарды 20 жылдан бері айтып келе жатыр.
31-сессияда басты тақырып азық-түлік қауіпсіздігі болды. Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекованың айтуынша, тиісті стандарттарға сай келмейтін сүт пен май өнімдері жиі кездеседі. «Табиғи өнімдер деп көрсетіп, құрамында өсімдік майы бар тағамдарды сата беретіндер көп» дейді Л.Бюрабекова.
Еуропа елдерінің осындай өнімнің адам денсаулығына аса зиянды екенін айтып, дабыл қаға бастағанына біраз уақыт болды. Норвегия, Швеция, Дания секілді Скандинавия елдері пальма майын тұтынуға заң бойынша тыйым салды. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде Еуропалық одаққа мүше 8 мемлекет пальма майын ішкі нарыққа кіргізбеу туралы шешім қабылдаған. Әлемде пальма майын үлкен көлемде импорттайтын екі ел бар. Олар – Индонезия мен Малайзия. «Отандық тауар өндірушілердің қолданып жүргені – Малайзияның майы» деген мәліметті Қазақстанның сауда саясатын дамыту орталығының жариялаған деректерінен білдік. Worldstopexports.com сайтының мәліметінше, әлемнің 203 мемлекеті пальма майын тұтынады екен. Бұл өнімді тұтыну көлемі жағынан Қазақстан 60-орында тұр. Ел Үкіметі 2018 жылы 53 млн АҚШ долларына пальма майын сатып алған.
Қазіргі таңда сүт өнімдерін өндіретін отандық кәсіпорындардың қуаты төмен. Оған қоса Ресей, Беларусь, Қырғызстаннан келетін өнімдердің бағасы арзан. Жиында айтылғандай, сарапшылардың «пальма майын азық-түлік өнеркәсібінде қолдану кәсіпкерлер үшін ғана тиімді» деген ұсынысын Үкімет қаперге алар емес. Пальма майының 1 тоннасы – 700 доллар, ал құрғатылған сүт майының тоннасы 9 800 доллар тұрады. Кәсіпкерлер пальма майы тауарлардың арзандығына және өнімнің сақталу мерзімін ұзартатындығына басымдық береді. «Дені сау ұрпақ дені сау қоғамды қалыпастырады» деген саясат осындай факторға төтеп бере алмай отыр. Үкіметтің пальма майына шектеу қоя алмай отырғаны сүт өндірушілердің шығынын қысқартқанымен, одан тұтынушылар зиян шегіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, балқытылған ірімшік, сүзбе, зауытта жасалған сары май, кондитер өнімдері мен қытырлақ картоптың құрамындағы пальма майының үлесі 60 пайызға дейін жеткен.
Жиынға қатысқан отандық тауарлы сүт фермасының өкілдері Қазақстанға сүт өнімдерінің 40 пайызы Қытайдан, Ресейден және Қырғызстаннан тасымалданатынын айтты. Бұл елдер көршілес орналасқандықтан, импорттың ішкі нарықтағы бағасы да онша қымбат емес. Отандық шағын өндірушілердің олармен баға жағынан бәсекеге түсуі қиын екен. Көкшетау облысынан келген тауарлы сүт фермасының сарапшысы Светлана Аутиеваның айтуынша, отандық сүт өндірушілердің Ауыл шаруашылығы министрлігіне «сүт сусыны» деген термин енгізуді сұраған өтініштері қазір түрлі министрліктің арасында адасып жүр. Осы өнімді дайындап, қайта өңдеп отырған кәсіпкерлер сүт өнімдерін сырткөз Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиесілі сала деп қабылдайтынын айтады. Ал шын мәнінде бақылау жүргізу функциялары бірнеше ведомстваға бекітілген. «Техникалық реттеу және метрология комитеті арнайы техникалық регламент әзірлеп, бекітуі тиіс. Сүт өнімдерінің сауда орындарына жеткенге дейінгі жағдайын Ауыл шаруашылығы министрлігі, ал дүкен сөрелеріне түскеннен кейінгі жағдайын Денсаулық сақтау министрлігі бақылайды. Үкімет осы әрекеті арқылы тұтынушылар мен бизнестің мүддесін бір-біріне қарсы қойып отыр» дейді С.Аутиева.
Ауыл шаруашылығы мемлекеттік бағдарламалардан кенде емес. 2017 жылы сол кездегі Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов агроөндіріс кәсіпорындарын облыстық және аудандық деңгейде орналастырудың нақты картасы әзірленіп, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында салынатынын айтқан болатын. «2021 жылға дейін жоспарымызды жүзеге асырсақ, ірімшіктің импорттық үлесі 70%-дан 51%-ға дейін төмендейді, сондай-ақ сары май мен сүзбеге қатысты импорттың да тасқыны азаяды», деген-ді. Ал 2013 жылы Парламентте «Агробизнес-2020» бағдарламасының таныстырылымында сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Қазақстанда 2020 жылға дейін сүт өнімдерінің импорты 70%-дан 35%-ға дейін қысқаратынын, 200-ден астам сүт өңдейтін кәсіпорын ашылатынын, оған бюджеттен 44 млрд теңге бөлінетінін жеткізген-ді. 2020 жыл қыр астында тұр. Ал өнімнің 70 пайызын өзімізде шығарамыз деген уәденің ауылы әзірге алыстау болып тұр.
Академик Көпмағамбет Елемесов сүт және сүттен жасалған өнімдерге байланысты мәселе шешімін таппағанын айтады. Мысалы, астана маңындағы ауыл тұрғындары сүттің литрін 50-60 теңгеден өткізгеніне қуанады. Шикізат зауытқа келгенде 200-250 теңгеге, дүкен сөрелеріне түскенде 400-450 теңгеге дейін қымбаттайды. Ортадағы айырмашылық тұтынушыға да, сүт өңдейтін зауытқа да бұйырмай, делдалдардың қалтасында кетеді. Пайдадан қағылмау үшін зауыттар сүт ұнтағын сатып алады, ал шаруа несібесінен қағылады.
Германиядан келген сарапшы Герхард Рихартс 2018 жылы Еуроодаққа мүше елдерде сүт өндірісі 1 пайызға азайғаны туралы айтты. Себебі Еуроодақ комиссиясы 2017 жылы пальма майының импортына шектеу қойған. «Қазір Германия табиғи сүт өнімдеріне басымдық бере бастады. Ішкі нарықтың қажетін өтеу үшін 400 мың тонна құрғақ сүт майы керек болса, 100 мың тонна артық дайындалу керек. Қазақстанда ондай мүмкіндік бар. Табиғи сүттің сақталу мерзімі 2-3 күн ғана. Сүт өндірушілердің құрғақ сүт майын дайындап алуына болады. Оның сақталу мерзімі – 6 ай. Бұл фактор сүт дайындау маусымдық ерекшеліктерге қатысты деген пікірді жоққа шығарады. Бұл үшін Үкімет пальма майын сатып алуды шектеп, құрғақ сүт майын дайындауға басымдық беруі керек», дейді ол.
Г.Рихартстың сөзіне қарағанда, қазір пальма майын қолдану арқылы сүт өнімдерін экспортқа шығару мүмкін емес. Себебі халықаралық қауымдастықтар үшін қазіргі тренд – жасанды сүтті дайындауға жол бермеу. Алдағы бірер жылда дамыған елдер синтетикалық қосындысы бар сүт өнімдеріне шектеу қояды. Бұған азық-түлік қауіпсіздігі заңмен қорғалмаған елдер ғана жол береді. «Азық-түлік проблемасы мемлекет үшін №1 стратегиялық саясат болуы тиіс. Сүт өнімдерінен дайындалатын азық-түлік түрі өте көп. Қазақстанда сүт өнімдерінің сауда орындарына жеткенге дейінгі жағдайын Ауыл шаруашылығы министрлігі, ал дүкен сөрелеріне түскеннен кейінгі жағдайын Денсаулық сақтау министрлігі бақылайтынына таңғалдым. Ел Үкіметі осыған қатысты оңтайлы шешім шығарады деп ойлаймын. Бұл өте ұятты жағдай», деді Г.Рихартс.
АЛМАТЫ