Қоғам • 10 Қазан, 2019

Елімізде Кәсіподақтар күні тұңғыш рет атап өтілді

1423 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін – Кәсіподақтар күні. Атаулы дата Үкіметтің биылғы 22 мамырдағы №303 қаулысына сәйкес тұңғыш рет ресми түрде атап өтіледі. Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі» деп кәсіподақтар қызметін жоғары бағалаған болатын. Еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы – жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасында басты медиатор, қоғамдағы ірі және қуатты азаматтық институттардың бірі. Ұйымның қызметі қызметкерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға, өндіріс шарттарын жақсартуға, еңбек дауларын реттеуге бағытталған.

Елімізде Кәсіподақтар күні  тұңғыш рет атап өтілді

Президенттің Алғыс хатын табыс етті

Алғаш рет аталып өткен Кәсіподақтар күні қарсаңында елордада орталық мемлекеттік орган мен халықаралық ұйым өкілдерінің, кәсіпорын басшы­ларының, еңбек ұжымдары мен баста­уыш кәсіподақ ұйымдары өкіл­дерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті. Мерейтойдың ашылуын­да сөз алған Мемлекеттік хатшы Қырым­бек Көшербаев: «Бүгінде күллі әлем бос­тандықты ту еткен әділетті жарастықты аңсайды. Ендеше, адамдар мен қоғамның, мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – қасиетті ұғым. Сол тәуелсіздікке жанашыр, әлеуметтік тұрақтылыққа жанашыр, әділеттілікке жанашыр, бәрінің негізін қалаушы еңбек адамына жанашыр – қадірлі кәсіподақ қозғалысының қайраткерлері сіздерсіздер! Әр еңбек ұжымы пікірі мен әрекетінің тізгінін өзі қолға алып, нақты іске көше алмай жатыр. Бұл үшін біріміз емес, бәріміз де ұяттымыз. Қазір жеке шауып бәйге алатын заман емес, ұлт болып ұйысып, ұпайымызды түгендейтін кезең. Сағы сынғанға – сая, асқанға тосқан болып келе жатқан сіздер – кәсіподақ қайраткерлері, істеген істеріңізбен, әділдіктеріңізбен абыройлысыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сіздерді марапаттай отырып, үлкен үміт артады, елдің бірлігін аманат етеді», деді.

Марапаттау рәсімі

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы Прези­денттің Алғыс хатын «Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары мен мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ Жаңаарқа ауданы өкілдігінің төрағасы Нұрлан Акишевке, «Астана-Жылутранзит» АҚ өндірістік-жөндеу қызметі оқшаулау учаскесінің 5-разряд муфталы қосылыстардың монтажшысы Жахмаш Омарбекке, Әйтеке би кентіндегі Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектебі қазақ тілі мен әдебиетінің пәні мұғалімі Роза Жұмағазиеваға табыстады. Сонымен бірге кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін шешуде басты әлеуметтік әріптес екенін атап өткен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов кәсіподақтар қозғалысының белсенділеріне Премьер-Министр Асқар Маминнің Алғыс хатын табыс етті.

 

Федерацияның жұмысы жанданды

Жиында Кәсіподақтар федера­ция­сының төрағасы Ералы Тоғжанов ұйым­ның жетістіктеріне тоқталды. «Бүгін­де Кәсіподақтар федерациясы – 2 мил­лионға жуық кәсіподақ мүшесін бір шаңырақтың астына біріктіріп отыр­ған еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Жолдауы кәсіподақтар қызметіне қарқын берді. Жолдаудың көп бағыты кәсіподақтар қызметімен үйлесім табады. Сондай-ақ Президент үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттігін атап өтті. Сондықтан кәсіподақтар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған үрдістердің басы-қасында болуы тиіс. Жолдауда халықпен тікелей байланыс орнату, азаматтарымыздың өтініштері мен арыздарына баса назар аудару сынды мәселелер айрықша көрсетілген», деді Ералы Тоғжанов. Өз сөзінде бизнес саласы ірі жұмыс берушілерден үлгі алуы тиіс екенін айтқан кәсіподақ басшысы «Eurasian Resources Group» сынды ірі кәсіпорындарда кәсіподақ қызметі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған компанияда еңбекақыны индекстеу, зиянды еңбек шарттарында жұмыс істеу, көп балалы және жалғыз басты ата-аналарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері қолға алынған.

«Кәсіподақтар федерациясы әлеу­меттік-еңбек саласында маңызды мәсе­лелердің шешіміне жан-жақты қатысуда сараптамалық және ұйымдастырушылық әлеуетке ие. Кәсіподақтардың қарқынды жұмысының нәтижесінде ұжымдық шарттар саны 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда 16 пайызға, ал 2016 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артты. Биыл республика бойынша ұжымдық шарттар саны 15 пайызға көбейді. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестерімен бірлесе отырып, жұмыс орындарын сақтауға атсалысты. Қазіргі таңда 126 мыңнан аса меморандум бекітіліп, республика бойынша 2 млн 292 мың жұмысшыны қамтыды. Кәсіподақтар жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын арттыру мәселесіне де кірісті. 199,6 мың жұмыс беруші 1,1 миллион жұмысшының жалақысын көтерді. Аз жалақы алатын жұмысшылардың орташа жалақысы 31 пайызға өсті», деген Федерация төрағасы кәсіподақтар қазақстандық және шетелдік жұмыс­шылардың еңбекақысындағы теңсіздікке жол бермеу үшін ауқымды жұмыстарды қолға алғанын айтты. Атап айтқанда, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесе отырып, еліміздегі 50 адамнан аса шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 63 кәсіпорынға тексеріс жүргізген. Нәтижесінде Еңбек және көші-қон заңнамасының 783 бұзылу фактісі, соның ішінде еңбекақы және сыйақы төлеудегі теңсіздіктер бойынша 22 кәсіпорында 457 факті анықталған.

Ералы Тоғжанов кәсіподақтар медиация және бейбіт келісім арқылы еңбек дауларын жанжалсыз шешу жүйесін қалыптастыруға күш салып жатқанын да тілге тиек етті. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында Татуласу орталықтары жұмыс істейді. Онда медиаторлар мен психологтар, заңгерлер, барлық дең­гейдегі соттар тегін кеңес береді. Мәселен, Татуласу орталықтары 2018 жыл­дың наурыз айынан бері 3 мыңнан аса медиациялық үрдіс өткізіп, еңбек дауына қатысты 1590 өтініш оң шешімін тапқан.

Федерация құрамына 23 салалық, 17 аймақтық кәсіподақ бірлестігі кіреді.

 

Еңбек ұйымдарын аралады

Осы күні Кәсіподақтар федера­ция­сының төрағасы Ералы Тоғжанов бастаған делегация елордадағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар ең алдымен 500-ден аса қызметкері бар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Қырқыншы машиналандырылған аралықтағы» жол бөлімшесі филиалына барып, еңбек қауіпсіздігін сақтау және еңбекті қорғау мәселелерін талқылады. Жұмыс тобы ондағы еңбекті қорғау талаптарының сақталуы, жалақы тө­леу және еңбек қатынастарын реттеу бойынша заңнамалық нормалардың сақ­талуымен танысты.

Федерация өкілдері жұмыс сапарын 1800 адам жұмыс істейтін Нұр-Сұлтан қалалық №1 автобус паркінде жал­ғастырды. Қазіргі уақытта автопарктің кәсіподақ ұйымы өндірістік кеңес ар­қылы жұмысшылардың денсаулығын жақсарту жұмыстарын жүргізуде. Онда ұжымдық шартқа сәйкес жұмысшыларға тұрақты материалдық көмек көрсетіліп, жыл сайынғы еңбек демалысына қо­сымша күндер қосылады. Сондай-ақ са­наторлық-курорттық жолдамалар ұсынылады. Кездесу кезінде Нұр-Сұлтан қаласының кәсіподақтар орталығы автопарк қыз­меткерлеріне үстел теннисін тарту етті.