«Тұлға» сыйлығын тапсыруға арналған салтанатты қауышу алуан түрлі іс-шараны қамтығанын айта кеткен жөн. Жан-жақтан келген құрметті қонақтар қала төріндегі Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев және Кетбұқа би ескерткіштеріне тағзым етіп, гүлшоқтарын қойды.
Есте қалар кездесудің бірі жергілікті №8 мектеп-гимназиясында болды. Сара Әбдікерова сынды білікті басшы жетекшілік ететін білім ұясының ұжымы бұл шараға тыңғылықты дайындықпен келіпті. «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихына терең үңілген оқушылар көрме ұйымдастырып, театрландырылған қойылымдар көрсетті. Арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстел шарасында басылымның қазіргі тыныс-тіршілігіне байланысты сұрақтар қойып, оларға газет басшылығы тарапынан толыққанды жауаптар алды. Кездесу барысында мектепте өткен «Егемен Қазақстан» тарихы – ел тарихы» атты апталықтың қорытындысы шығарылды. Атап айтқанда, «Ғасырлық тарихы бар «Егемен» тарихы» ғылыми практикалық конференциясында жеңімпаз атанған 11-сынып оқушысы Дильназ Сабитова, «Егемен ел шежіресі» («Егемен Қазақстанға» – 100 жыл) эссе байқауында топ жарған 9-сынып оқушысы Ақнұр Нақай, «Дені сау ұрпақ – егемен елдің болашағы» сайысында тоғызқұмалақтан үздік шыққан 10-сынып оқушысы Нұрайлым Байзакеш, «Жыр арқауы – «Егемен Қазақстан» мүшәйрасының жеңімпазы 11-сынып оқушысы Аружан Сәулен, «Егемен Қазақстан» – өрлеудің еңселі жолы» атты әдеби-музыкалық композицияны қоюшы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағлан Досжанова арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Одан әрі шараға қатысушылар Жезқазғандағы тарихи-археологиялық музейде болып, «Егемен Қазақстан» газетіне – 100 жыл» атты көрмемен танысып, мысты өлке мен қасиетті Ұлытау өңіріне қатысты құнды жәдігерлерді тамашалады. «Халықтар достығы мен мәдениеті» үйіне ат басын тіреген қонақтарға көрсетілген құрмет пен қошеметтің салтанаты да айрықша келісті болды. Бекзат Қомарұлының қолға алуымен Жезқазғанда алғашқы рет тағайындалып отырған «Тұлға» сыйлығы әр сала бойынша ұсынылған үміткерлердің ішінен ең таңдаулы деген үздіктеріне берілді.
Салтанатты сәттің беташары ең әуелі номинациялық атаулық сыйлықтарды тапсырудан басталды. Ел өміріндегі биылғы жылғы рухани жаңалықтың елеулісі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстанға» 100 жыл толғалы отыр. Газет тойымен 125 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келген, «Еңбекші қазақ» кезінде осы басылымның жауапты редакторы болған Сәкен Сейфуллин атындағы атаулы сыйлық «Егемен Қазақстанның» Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, журналист Қайрат Әбілдаға тапсырылды. Осы басылымның Жамбыл облысындағы тілшісі, журналист, ақын Хамит Есаман Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов атындағы атаулы сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар Білім беру ісінің үздігі Шабал Бейсенбекова атындағы атаулы сыйлықпен №8 мектеп-гимназиясының директоры Сара Әбдікерова, Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Нүрия Жұмажанова атындағы сыйлықпен №1 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Әбдірахман Досанов марапатталды.
Қазақ театр өнерінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған талантты режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Жанат Хаджиев атындағы сыйлықты С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының талантты актері Кенжетай Әбілдин алса, Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев атындағы сыйлыққа «Кейкі мерген» сериалында Кейкінің рөлін сомдаған жас талант, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов лайықты деп танылды. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актері Кеңес Нұрланов атындағы сыйлық Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаевқа табыс етілді. Кезінде С.Қожамқұлов атындағы театрда Қодар сияқты күрделі образдарды сомдап, қазір Қостанай драма театрының тарлан актеріне айналған Қоныспек Бегайдаров атындағы сыйлыққа Қостанай театрының талантты өнерпазы Олжас Бегайдар ие болды.
Театр өнері тарландарының бірі Серік Бұлғақбаев атындағы атаулы сыйлық С.Қожамқұлов атындағы театрдың жас таланты Нұржан Бейісбековке бұйырды. Өнер майталманы, «Құрмет» орденінің иегері Райхан Ибраева атындағы сыйлық талантты актриса Зылиха Әбдірасыловаға табыс етілді.
Келесі бір айтулы марапаттың жөні бөлек десе болғандай. Өнердің тарлан тұлғасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Тұлпар» фестивалінің лауреаты Қайрат Кемалов атындағы атаулы сыйлықты меценат биыл алғаш рет белгілеп отыр. Бұл сыйлыққа Ж.Хаджиев атындағы халықаралық фестивальдың лауреаты, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының жас актері Қуаныш Жағыпаров лайықты деп танылды. Лайықты марапатын өнердегі ізбасарына Қайрат Кемалұлы өз қолымен тапсырды.
Салтанатты шара одан әрі «Тұлға» сыйлығының иегерлерін ұлықтауға ұласты. Мемлекеттік саясат пен ұлттық мүддені ұштастыра отырып, халқымызды руханият нәрімен сусындатуда бұқаралық ақпарат құралдарының айтарлықтай маңызы бар екендігіне дау жоқ. Ұлт алдындағы үлкен жауапкершілік жүгін мүлтіксіз көтеріп келе жатқан, ғасырлық тарихы бар ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымы «Тұлға» сыйлығына лайықты деп танылуы көпшіліктің көңілінен шықты. Осыған орай салтанатты шараға қатысып отырған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қамен сахна төріне шақырылды. Мәртебелі сыйлықты «Құрмет» орденінің иегері, Қарағанды облысының құрметті азаматы Мұзараф Аханұлының қолынан алды.
Сондай-ақ «Тұлға» сыйлығы білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Құрмет» орденінің иегері, Сәтбаев қаласының құрметті азаматы Шабал Бейсенбекова лайықты деп танылды. Ардагер ұстазға мәртебелі сыйлығын қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова табыстаған соң, игі бастамаға ұйытқы бола білген Бекзат Алтынбековке алғыс лебізін жеткізіп, бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы айтарлықтай шара болғанына тоқталды. «Тұлға» сыйлығының келесі иегері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның халық әртісі, биыл 70 жастың желкенін керген Досжан Жаботаев болды.
Сахна төріне көтерілген Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, облыстық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков қазақ ән өнеріне ерекше еңбек сіңіріп жүрген әнші, композитор, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықоваға 400 мың теңгелік «Өнер грантын» тапсырумен тарландарды таңдап, ұлықтау рәсімі мәресіне жетті. Елена әнші «Жез даламды аңсаймын» әнінен бастап бірнеше өз туындыларын орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Салтанатты оқиғаға куә болған қауым 15 жылдан бері қайырымдылық істерімен айналысып келе жатқан меценат Бекзат Алтынбековке «Бір қаланың, бір ауданның шаруасын бір өзі атқарды» деген баға беріп, ризашылық сезімін білдірді.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы