Үкімет • 11 Қазан, 2019

Әлеуметтік маңызды нысандарды тексерді

174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар спорт және медициналық нысандарды аралады.

Әлеуметтік маңызды  нысандарды тексерді

Вице-премьердің нысандарды аралауы қаланың ескі меди­циналық мекемесі ‒ орталық темір жол ауруханасын аралаудан басталды. Аурухананың корпустары 60 жыл бұрын салын­ған әрі қатты ескірген. Осы уақытта аталған нысанда бір рет те жөндеу жұмыстары жүргі­зіл­меген. Сонымен қатар меди­циналық мекемеде елор­даның халық көп орналасқан аудан­дарының бірі – Сарыарқа ауда­нының тұрғындарына қызмет көрсетіледі. 

Қала әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені 600 орынға арналған жаңа меди­циналық кешен салу арқы­лы ше­шуді жоспарлап отыр. Бола­шақ құрылыстың учаскесі анық­талды. Мемлекет-жекеменшік серіктестік жобасын іске асыру үшін Түркиядан инвестор тарту жоспарлануда.

Вице-премьер сондай-ақ қатер­лі ісік ауруларын емдеуге жо­ғары мамандандырылған көмек көрсететін Көпбейінді меди­ци­налық орталықта болды. Алдыңғы жылдары онко­ло­гиялық орталық «СҚ-Фармация» дистрибютеріне 1,3 млрд теңге көлемінде қарыз болып қалды. Бұл жағдайды шешу үшін арнайы комиссия құрылды.

Премьер-Министрдің орынбасары жауапты мемлекеттік орган­дарға медициналық орта­лық­ты науқастарды емдеуге қа­жетті дәрі-дәрмектермен толық­тай қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар Бердібек Сапар­баев «Қазақстан» спорт ке­­ше­нінде және «Толқын» олим­­пиадалық резервтегі маман­­дан­дырылған балалар-жасөс-
пірімдер мектебінде болды.

«Қазақстан» спорт кешені 2001 жылы салынған, бүгінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Нысанда мұз аренасы жұмыс істейді, бірақ бассейн апатты жағдайына байланысты жабық тұр. Жалпы, нысан толық жаңғыртуды қажет етеді. Оған мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында шетелдік инвесторды тарту жоспарлануда. Бүгінде қажетті рәсімдер орындалып жатыр. Келесі жылы жұмыстар басталады. Құрылысты 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр», деді елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

«Толқын» спорт мектебінің шатыры күрделі жөндеу жұмыс­тарын талап етеді.

«Жобалық-сметалық құ­жат­таманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Кон­курстың жеңімпазы анықтал­ғаннан кейін біз жұмысқа кірі­семіз. Жөндеу жұмыстарын келе­сі жылдың қыркүйегіне дейін аяқтауға тырысамыз», деп сен­дірді Б. Мәкен.

Жұмыс сапарының қоры­тын­дысы бойынша Бердібек Сапар­баев Денсаулық сақтау минис­тр­лігі мен қала әкімдігі алдына бірқатар міндеттер жүктеп, Мем­лекет басшысының тапсырмаларын орындау Үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Айта кету керек, Мемлекет бас­шысы жақында өткен елор­даны дамыту жөніндегі кеңес­те спорттық нысандардың қолже­тім­ділігін арттыру және меди­циналық қызметтердің сапасын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырмалар берген болатын.

Соңғы жаңалықтар