Оған қоса, жолдардың сапасын 75 пайызға дейін жақсарту да стратегияда айтылған. Сондай-ақ, жаңа Алматыда саябақтар мен халық демалатын орындар көптеп пайда болады. Қала басшысының халыққа ұсынған 2050 жылға арналған даму стратегиясы әлі ел талқылауында. Екі жарым айдан кейін қабылданатын бағдарлама алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
«Меніңше, өте дұрыс. Себебі Алматы ¬– Қазақстанда жалғыз. Ендеше, қаладағы 8 аудан тұрғындарын да орталық, шет тұрғыны деп бөле-жарудың не керегі бар?!», деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Құсман Шалабаев.
«Қабылданғалы отырған Алматы қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын қолдаймын. Бұл Алматы үшін аса маңызды құжат дер едім. Себебі, біздің қалада өзгелерде жоқ үш ерекшелік бар. Алматы жоғары мен төменге бөлінеді. Бұл тек тауға ғана қатысты дүние емес. Төмен жақта аз айлық, арзандау баға, өмір сүру сапасының төмендігі байқалады. Бағдарлама осындай кедергіні алып тастауға бағытталған. Қала бірдей дамуы үшін қолға алынып отыр. Оны халық түсініп, талқылауға қатысуы керек», деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Жанна Төлегенова.
Қазіргі уақытта «Құрамыс», «Таужолы», «Ақжар», «Жайлау» шағынаудандарының жобалары бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы шығарылып, қалған шағынаудандар бойынша жобалар сараптамадан өткізілуде. Егер құрылыс жұмыстары мемлекеттік сараптаманың оң шешімін алып, тиісті қаражат бөлінсе, аталған мәселелер өз шешімін табады. Халықтың бұл мәселеге түсіністікпен қарағаны жөн. Өйткені, бұл жұмыстар өте күрделі әрі біраз қаражат пен қажырлылықты қажет ететін шаруа. Қала басшылығы Алматыға жаңадан қосылған аудандарға орталықтандырылған су құбырынан ауызсу ішер күн алыс емес деп отыр. Оған қала басшысының «Шетсіз қала» бағдарламасының да тигізер көмегі көп болмақ.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еqemen Qazaqstan»