Қазақстан • 14 Қазан, 2019

Катонқарағайды қалай сақтап қаламыз?

650 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Түбі бір түркінің түңлік түріп, түтін түтеткен түп мекені, Алаштың атажұрты төр Алтай десек, осы ұлы таудың баурайындағы сақтарға саялы орда болған, тұмса табиғаты, Бошай, Оралхан, Қалихан, Дидахметтей тұлғалары, жотасында жортқан бұғы-маралы бар Катонқарағай ауданын бір көруді армандайтындар елімізде де, шет мемлекетте де аз емес.

Катонқарағайды қалай сақтап қаламыз?

Алайда талайдың арманына айналған шекара шебіндегі, елдің шеті, желдің өтіндегі Катонқарағайда соңғы жылдар мұғдарында халық саны азайып бара жатқаны ащы да болса, шындық. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, Алтайдан жұрттың ауа көшуіне себеп көп. Себептің бәрін жіпке тізсек, алысқа кетерміз. Көшер жұрт көшті, кетер халық кетті. Қазіргі ең үлкен, тү­йін­ді мәселе – елде қалған ағай­ынды сақтап қалу болса керек. Жақында осы мақсатта бұрын­ғы аудан орталығы – Катон­қа­рағай ауы­лында «Ка­тонқарағай ауданының бола­­ша­ғына саналы көзқарас» атты инвес­ти­циялық форум өтіп, осы аудан топы­рағынан түлеп ұшып, бүгінде қанаты қа­тайған ірі кәсіпкерлер туған мекен­дерін түлету, ел еңсесін көтеру жайын ақылдасты.

Ауылда 15 жылда адам қалмауы мүмкін

Катонқарағайдың іс басында, бизнес са­ласында жүрген азаматтары фо­румға құр келмепті, жергілікті жұрт­ты сер­пілтуге септігі тиер нақты ұсыныстарын, жүйелі жоспарларын ала ке­ліпті. Ойға алған жоспар-жоба­ларын тездетіп қолға алу үшін үш-төрт ай бұрын Серік Толық­паев, Қайрат Ахметов, Ғани Шаймерденов бастаған меценаттар «Катонқарағай ауда­нының тұрақты дамуы» атты қоғамдық қор құрған екен. «Театр киім ілгіштен бас­талады» демекші, қор алғашқы қанат­қақты жұмыстарын аудан ор­талығы – Үлкен Нарын мен Ка­тонқарағай ауылдарын сан жыл қордаланған қоқыстан тазар­тудан бастап, 10 миллион тең­геге екі елді мекендегі қоқыс алаң­дарын рет­ке келтіріп, арнайы қоршау орнатты. Ең маңыз­дысы, қор Катонқарағай ауда­нын дамытудың 10 жылдық жос­парын әзірледі. Жоспарды әзір­леу үшін аудан­ның бүгінгі жағ­дайына барлық сала бойын­­ша сараптама жасады. Қор ұсынған мәлімет­терге сүйенсек, соңғы 18 жылда аудан хал­қы 48 пайызға азайған (қазіргі тұрғын­дар саны – 23 207 адам). Тек соңғы екі жыл­да ауданнан 3 мыңнан астам (2017 жылы – 975, 2018 жылы – 2355) адам көшіп кетті.

Қор қазірден бастап тиісті іс-шара­ларды жеделдетіп қолға алмаса, Катонқарағайдың 2609 тұрғыны бар 13 ауылы Ақшарбақ (9), Құндызды (23), Қаражал (51), Бекалқа (36), Алыбай (52), Согорное (75), Ново­поляковка (358), Приморское (118), Солоновка (760), Бесүй (83), Бал­ғын (287), Мойылды (55), Жаңа-Хай­рузовка (702) 5, 6259 тұрғыны бар 15 ауылы Ақсу (649), Сенное (209), Ақ­қайнар (755), Топқайың (517), Берел (457), Жазоба (154), Өрнек (127), Жамбыл (348), Барлық (368), Жұл­дыз (218), Белқарағай (501), Кіші Нарын (637), Солдатова (900), Үш­бұлақ (157), Көкбастау (262) 10, ал 14 339 тұрғыны бар 20 ауылы Үл­кен Нарын (4552), Катонқарағай (3262), Өрел (1125), Қайыңды (200), Ал­тынбел (1102), Шыңғыстай (608), Көктерек (302), Коробиха (383), Аршаты (375), Қызылжұлдыз (242), Үштөбе (175), Жаңа-Үлгі (348), Свинчатка (77), Егінді (169), Ақмарал (144), Еңбек (355), Майемер (600), Қабырға (217), Шұбарағаш (51), Рахман қайнары (52) 10-15 жыл­дан астам уақыттан кейін жабылуы мүмкін деген болжамдарын алға тартты. Әрине ауыл десек әуелі мек­теп еске түседі. Қор алдағы 2-4 жыл көлемінде Ақмарал, Жұлдыз, Жаз­оба, Үштөбе, Балғын, Қайыңды, Қа­бырға, Қызылжұлдыз, Көктерек, Еңбек ауылдарындағы 323 оқушысы, 220 мұғалімі бар 12 мектеп, 5-6 жыл көлемінде Сенное, Барлық, Жаңа-Үлгі, Аршаты, Солдатова, Жамбыл, Новополяковка, Топқайың, Майемер, Берел, Белқарағай, Кіші-Нарын ауылдарындағы 956 оқушысы, 250 мұғалімі бар 13 мектеп, ал 7-15 жыл көлемінде Ақсу, Солоновка, Шың­ғыстай, Жаңа-Хайрузовка, Катон­қарағай, Өрел, Үлкен Нарын ауылдарындағы 2352 оқушысы, 300 мұғалімі бар 12 мектеп жабылу қаупі бар деп ескертті. Әрине ауылдар мен мектептердің жабылуынан бетін аулақ қылсын дейміз. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ».

 Туризм кластеріне 500 миллион теңге бөлінеді

Енді осы ауылдар мен мектептер­дің жабылмай, жандана түсуі үшін аудан азаматтары нендей істерді қолға алуы керек? Қордың жоспары қандай? Инвестициялық форумды ашқан Ка­тонқарағай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев ауданның туристік әлеуеті зор болғанымен ке­лу­шілерге кедергі келтіретін жайт­­­тардың бар екендігін айт­ты. «Ауданымыз шалғайда ор­на­ласқан, бірде бір өндіріс орны жоқ, тұрғындар негізінен ауыл ша­руа­шылығымен күндерін көріп отыр. Туризм – тек жаз маусымында ғана. Сондықтан ауданда қысқы туризмді дамытсақ дейміз. Ауданға келетін туристер тамақтану жағынан қиналады. Өскемен мен Алтай ауданының арасында дәмхана көп. Ал Үлкен Нарын мен Берел арасында жалғыз ғана дәмхана бар. Осы ретте біз бизнес өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуге, ұсыныстарды қабылдауға дайынбыз. Халық көшіп жатқанымен ауданға еліміздің өзге өңірлерінен көшіп келіп жатқан тұрғындар да бар. Ең маңыздысы, біз «балық берме, қармақ бер» қағидасын ұстанып жергілікті халықты табыс табуға үйретуіміз керек», деді ол.

Форумда сөз алған «Катонқара­ғай ауданының тұрақты дамуы» қоғам­дық қорының үш құрылтай­шысының бірі, «Aitas KZ» АҚ бас директоры Серік Толықпаев аудандағы халықтың көшін тоқта­тып, елдің еңсесін көтеру үшін Ка­тон­қарағайда туристік, аграрлық және білім кластерін бірдей дамыту керектігін атап өтіп, қор алдағы 10 жыл көлемінде аудандағы ең үлкен үш елді мекенді – Үлкен Нарын, Катонқарағай мен Өрелді өмір сапасы әлемдік деңгейге сәй­кес келетін ауылдар қатарына қо­суды жоспарлап отырғандарын жет­кізді. Қор алдағы 10 жылда осы үш ауылда шағын әуежай, фин үлгі­сіндегі балабақшалар, ағыл­шын тілін тереңдетіп оқытатын же­кеменшік мектептер, тәулік бойы жұмыс істейтін дәріханалар мен дәмханалар, жыл бойы тоқтаусыз қызмет көрсететін білім беру лагерь­лерін, заманауи құрылғы­лармен жаб­дықталған емханаларды ашып, Арбат көшесі, балалар алаңдарын, «Ұрпақтар сабақтығы» бағдарламасы аясында коттеджді квартал мен спорт кешенін салып, бизнес идея­ларға шағын гранттар беруді жоспар­лаған екен. «Біз қорды құрмас бұ­рын ауданның озық тұстары мен осал тұстарын әбден сараладық. Сарап­шы­лармен кездестік. Қорды құру­дағы мақсат-мұратымыз – табыс табу, қайырымдылық көмек көрсе­ту емес, ауданды көтеру, тұрғын­дар­­дың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Мұны осы қасиетті топырақта туып-өскен Катонның тумалары, біз қолға алмасақ, сырттан келіп ешкім істемейді. Бұл жерде қоғам, билік пен бизнес үшеуінің синер­гиясы, яғни бірлігі керек. Бұл шаруа Катонқарағайдың әрбір тұрғы­нының ерік-жігерін, туған жерге деген сүйіспеншілігін қажет етеді. Жоғарыда атап өткен жобалар­ды жүзеге асыру үшін үлкен инвести­ция, қомақты қаражат қажет. Осы іске ауданның үлкенді-кішілі кәсіпкер аза­маттары үлес қосады деген сенім­демін» деген Серік Толықпаев туған жерінде туристік кластерді өркендету үшін өз қалтасынан алдағы 10 жыл көлемінде жыл сайын 50 миллион теңгеден 500 миллион теңге қаражат бөлуге әзір екендігін жеткізіп, жер­лес­терін бір желпіндіріп тастады. Кәсіп­кер бұл қаражат ауданның туризм саласындағы барлық мәселесін шеш­песе де, осы саладағы бірқатар түйт­кілдерді тарқатуға, халықтың экономикалық білімін ұлғайтуға, экологиялық сауатын ашуға, кәсібін енді бастаған азаматтарға қол ұшын созуға септесетініне сенімді.

 «Жусан» жерлестерді шақырады

Қор аудан жұртшылығы наза­ры­на ұсынып отырған жоба­ның бірі «Жусан» деп аталады. Жоба шеңберінде Үлкен Нарын, Катонқарағай және Өрел ауылдары­ның маңында, табиғат аясында кот­тед­жді ауыл салу жоспарланған. «Бұрын ауданда тұрып көшіп кеткен жерлестеріміз арасында туған жеріне қайта оралғысы келетіндері де бар. Бірақ барайын десе дайын­ тұрған үйі жоқ. Сондықтан біз бұл жобаны ауданға қайта келуге ниетті азамат­тарға  арнасақ дейміз. Олар осы уақытқа дейін алған білімін, жи­ған тәжірибесін елге, жас ұрпақ игі­лігіне жұмсап, білгендерін үйретсе, оқытса дейміз. Біз Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдарынан коттедж­дердің салынатын орнын да белгілеп қойдық. Қалада бар жағдай­дың барлығы жасалады. Жеке әкім­шілігі болады. Қоршаған ортамен үйлесімде болуы үшін тек табиғи мате­риалдардан тұрғызылатын бұл үйлер жалға берілуі де мүмкін, қонақ­үй нөмірлері де болуы мүмкін. Ол жағын пысықтап жатырмыз. Тек осы жобаға инвестор қажет», дейді С.Толықпаев.

Қоғамдық қор ең әуелі ауданда ту­ристік кластерді дамытуды жос­парлап отыр. Бүгінде аудан экономикасындағы туризмнің үлесі 1 пайызды ғана құрайды екен. «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Серік Жүнісов­тың айтуынша, қор алдағы 10 жыл көлемінде аудан экономикасына туризмнен түсетін табысты 30 пайыз­ға дейін көтеруді көздеп отыр. «Қазір­гі уақытта Катонқарағайда бір мезгілде 555 адамды қабылдай алатын 30 қонақүй бар. Жол бойында қызмет көрсететін нысандар саны – 14. Ауданға келетін туристердің жыл­дық көрсеткіші 6 мың адам ар жақ-бер жағында. Жоғарыда атап өткен 30 пайызға жету үшін қонақ үйлер санын 80-ге жеткізуіміз керек. Қонақүйлер бір мезгілде 3105 адамды қабылдайтындай болуы қажет. Демек, аудан жылына 6 мың емес, 70 мың туристке қызмет көрсететін деңгейге жеткені абзал. Ауданның халық көшіп жатқан ауылдарында этно туризм мен экологиялық туризмді дамытуға күш салатын боламыз. Үлкен ғимараттар салмаймыз, туристерге киіз үй үлгісіндегі нысандарда қызмет көрсетіледі» дейді ол.

Форумда Қырғызстан мен Моң­ғолиядан, еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген туризм саласының білікті мамандары Катонқарағайда туризмді қалай дамыту, тұрғындарды қалай оқыту керектігі жайындағы ойларын нақты мысалдар келтіре отырып ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

 Ұтымды ұсыныстар

Айша МӘМБЕТАЛИЕВА,

«Қырғыз туризм ОсОО» директоры: 

– Туризм саласында 15 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Әуелде эко туризм сөз болғанда қырғыз ағайын­дарыңыз да «Сасық турис­тер бізге не керек?» деп ат-тонын ала қашқан болатын. Қонақжайлық көш­пенділердің қанында бар дүние ғой. Ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ. Мысал ретінде Қырғызстанның Нарын облысының Кочкор ауылын айтайын. Басында бұл ауылға ешкім бармайтын. Халық көшіп, ауылда үлкен кісілер ғана қалған болатын. Сөйлестік, оқыттық. Қазір Кочкор ауылы туризмінің көш басында тұр. 2000 жылы Қырғызстан ауылдары бар-жоғы 18 турист қабылдаса, 2006 жылы бұл көрсеткіш 6 мыңға жетті. Егер Катонқарағайда шетелдік турис­терді қабылдай бастасаңыздар, қонақ бөлмесін дайындау жағын ғана емес, оларды қызықтыратын әртүрлі бағдарламаларды да ес­тен шығармаңыздар. Мәселен, Қырғыз­станда туристерге көрсетілетін бағ­дар­­ламаның бірі «Бауырсақ шоу» 30 АҚШ доллары тұрады. Бұл біздегі – ең танымал шоу. Ең маңыздысы, тұрғындарды оқытуға көңіл бөлу керек, туристерді қабылдауды үйрету қажет.

 Айдос АТАЙ, Моңғолия тау бүркіті қоғамының атқарушы директорының орынбасары:

– Моңғолиядағы қазақтар салт-дәстүрді жақсы сақтаған. XIII ғасырда қалай өмір сүрсе, қазір де солай. Шетелдік туристер осыны көруге келеді. Оларды тағы бір қы­зық­тыратын дүние – жабайы табиғат. Бұл жағынан Катонқарағай Моң­ғолияны он орап алатын шығар. Осы­ны пайдалану керек. Сосын киіз үйлерді көбейту қажет. Бізде саятшылық жақсы дамыған. Осыны Катонқарағайда да қолға алса артық болмас деп ойлаймын. Бұл тұрғыда өзіміз де көмектесуге дайынбыз.

Талғат КЕРТЕШЕВ,
БҰҰ ДБ биоалуантүрлілікті сақтау жобаларының менеджері:

– Экотуризм елімізде заң аясында жеке сала ретінде бекітілмеген. Өйткені бірден шығынды ақтамайды. Уақыт керек. Катонқарағайда ту­ризм­­нің осы саласын дамытуға мүм­­кіндік бар. Біз Катонқарағай ұл­т­тық паркінде Ақпараттық визит орталығын ашуға көмектесеміз. Турис­терге үш тілде экскурсия жүргі­зетін гидтерді даярлауға, оқытуға әзірміз. Екі кезеңнен тұратын «Эко даму» бағдарламасының алғашқы кезеңінде Алтынемел, Барсакелмес, Үстірт табиғи қорықтары мен Іле -Бал­қаш табиғи резерваты маңында 209 жұмыс орнын аштық. Екінші кезең 2020 жылы басталады. Осы бағдарлама арқылы жергілікті тұр­ғындар 6-7 па­йызбен несие алып, қонақ бөлмесін салып, 5 жыл көле­мінде қайтаруға болады.

Рашида ШӘЙКЕНОВА, Қазақстан туристік ассоциациясының директоры:

– Катонқарағайда ауыл туризмін дамытуға болады. Ол үшін не керек? Қонақ бөлмесі керек. Қонақ бөлмесі көп шығынды қажет етпейді. Ауыл тұрғындары ештеңе салмай-ақ өз үйлерінде туристерді қабылдай алады. Біз осындай жобаны Алматы облысының Саты ауылында қолға алдық. Бірі ауласындағы бос тұрған қосымша үйін, бірі ауласындағы киіз үйін пайдаланды. Ауыл тұрғындарының көбі өз үйлерін туристерге ұсынды. Шетелдік туристерге, оның ішінде эко туристерге ең бірінші керегі – таза жатын орын, жақсы тамақ. Оларға қымбат қонақүй емес, шырышы бұзылмаған табиғат керек. Қазақтың салт-дәстүрін көргісі келеді. Қазір Саты ауылының тұрғындарының көпшілігі туристерге қонақ бөлмесін берумен шұғылданады. 2019 жылы Саты ауылы 6 мың туристі қабылдапты. Демек, күн сайын 500 адамнан қабылдаған. Кішкене ауыл туризммен күн көріп отыр. Осыны неге Катонда қолға алмасқа?!

Анатолий САВИЧЕВ,

«Almaty city tour» компания­сының тең  құрылтайшысы:

– «Қысқы туризмді қай жерлерде қолға алуға болады?» деп жаз бойы  4500 шақырым жол жүріп, Катон­қа­рағайды аралап шықтым. Қысқы туризмді, оның ішінде шаңғы спортын Сарымсақтыда қолға алуға болады екен. Инфрақұрылымы, жол жағдайы, бәрі келіп тұр. Жаз мезгілінде ауданда атпен, велосипедпен, жаяу серуендеуді және балық аулауды жүзеге асыруға болады. Катонқарағай ұлттық паркінде 5 қосымша маршрут ашуға дайынбыз.    

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы,

Катонқарағай ауылы