Қоғам • 14 Қазан, 2019

Нан бағасының күрт көтерілуіне жол бермейміз - Ауыл шаруашылығы министрлігі

38 реткөрсетілді

Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров нан бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, жалпы республика бойынша дәнді-дақылдарды жинау алаңы 15,2 млн га құрайды, оның ішінде 15,1 млн га жиналды, бұл 99,2% құрайды. 19,1 млн тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік 12,6 ц/га құрады.

«Қазіргі уақытта егін жинау жұмыстары 99,2%-ға аяқталған. Қалған 0,8%-ы ‒ жұмысты аяқтап жатқан ұсақ шаруашылықтар. Жаңа астықтың түсімі, көлемі, сапасы туралы сұрақтар туындайды. Биыл бункерлік салмағында 19,1 млн тонна астық аламыз деп болжап отырмыз. Біздің алдын-ала есептеулерімізге сәйкес, былтырдан қалған астықты есепке алмағанда, бізде 11,5-12 млн тонна бидай болады, сондықтан бөлуге шамамен 14 млн тонна астық бағытталады. Бұл ішкі сұранысты 6 млн тоннаға қамтамасыз етуге жеткілікті», - деді С. Омаров.

Сонымен қатар, министр нан бағасының аздап өсуі күтіліп отырғанын, дегенмен Азық-түлік келісімшарт корпорациясында бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу үшін астық жеткілікті екенін айтты.

«Нан бағасының күрт көтерілуіне жол бермеу үшін біз қазір тұрақтандыру қорына астық сатып алумен айналысып жатырмыз. Сонымен қатар, әр облыс әкімдігі астық пен ұн сатып алып жатыр. Жыл сайын ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін ақпаннан шілдеге дейін Азық-түлік келісім шарт корпорациясы 150-ден 250 мың тоннаға дейін астық сатады. Биыл нан бағасының күрт көтерілуіне жол бермеу үшін біз ішкі нарыққа 150 мың тонна астық саттық», - деді С. Омаров.

Оның айтуынша, нан бағасының қалыптасуы тек бидайға ғана байланысты емес, басқа да қосымша шығындар бар. Бұл энергияны тұтыну, жалақы, жанармай және т.б.

«Мұның бәрі нарықтағы жағдайға байланысты. Бүгінгі таңда элеваторларға барлығы 2,9 млн тонна астық жеткізілді. Қараша айының соңына қарай барлық астық элеваторларда болады, содан кейін біз бағаның қандай болатындығын түсінеміз. Нанның бағасы тек бидайға ғана байланысты емес, нан бағасының қалыптасуында бидай шамамен 54% құрайды. Қалғаны басқа қосымша шығындарға байланысты. Нан бағасының күрт көтерілмеуі үшін біз жұмыс істейміз. Қазір нанның бағасы өңірге байланысты 75-78 теңге аралығында. Менің ойымша, шамалы өсім болады», — деп нақтылады С. Омаров.

Өз кезегінде ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов бүгінгі таңда Азық-түлік келісімшарт корпорациясының тұрақтандыру қорында 350 мың тонна астық бар екенін, оған қоса келісімшарт жасалған 70 мың тонна астық бар екенін айтты, бұл шамамен 400-420 мың тонна астық. Бұл көлем ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін жеткілікті.

«Нан зауыттары нанның әр түрін шығарады. Біздің қызмет саламыз әлеуметтік нанға қатысты. Әкімдіктерде құралдар бар ‒ бұл тұрақтандыру қорлары, олар солардан ұн сатып алып, әлеуметтік нан пісіру үшін наубайханаларға жеткізе алады. Сонымен қатар, әкімдіктер екі бағытта әрекет етеді: біреуі ұн сатып алады, сақтайды және наубайханаларға жібереді, ал біреуі, керісінше, әлеуметтік нанға арзан несие береді», - деді Р. Құрманов.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басқарушы директоры Нұрбек Даирбековтың айтуынша, қазіргі уақытта жалпы сақтау сыйымдылығы шамамен 12,2 млн тонна болатын 187 лицензия берілген нан қабылдау кәсіпорны бар, олар әкімдіктер берген лицензия негізінде қойма қызметі бойынша қызметтер көрсетеді.

Сонымен қатар, АШТӨ 14,9 млн тонна астық сақтау мүмкіндігі бар. Осылайша, астық сақтау қоймаларының жалпы көлемі 27,1 млн тоннаны құрайды, бұл болжамды өнімділікті ескере отырып, астықты сақтауға жеткілікті.

«Бүгінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы республика бойынша нан бағасына мониторинг жүргізуде. Біз қандай сападағы бидай жиналғанын, қанша көлемде жиналғанын қараймыз. Осы сандарға сүйене отырып, біз өзіміздің іс-қимылдарымызды жасаймыз. Егін жинау нәтижелеріне қарай біз толық баға беріп, азық-түлік корпорациясының тұрақтандыру қорларын қалыптастыру мақсатында нарыққа жаңа ұсыныстар енгіземіз, осылайша 2020 жылы күзгі-көктемгі кезеңде бағаны төмендетуге қажеттілік туындаған жағдайда, ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға құралдар болады», - деді Н. Даирбеков.

Сонымен бірге, бүгінде бидайдың экспорттық әлеуеті шамамен 6 млн тоннаны, арпа бойынша ‒ 2 млн тоннаға жуық және басқа дәнді дақылдар бойынша шамамен 300 мың тоннаны құрайды. Осылайша, 2019 жылғы егіннен барлығы 8,3‒8,5 млн тонна астық экспортталады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар

Қазалыда ретро-фестиваль өтті

Аймақтар • Бүгін, 16:58

Күлкі керуені № 20

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар