Қоғам • 15 Қазан, 2019

Біздің белсенділігіміз де маңызды

227 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздегі түйінді мәселелерді шешудің бағытын айқындаған тың бағдарламалық құжат болды.

Біздің белсенділігіміз де маңызды

Президент өз Жолдауында қазіргі заманғы тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеу­мет­тік жаңғырудың жаңа кезеңі, қуатты өңірлер – қуатты ел сынды негізгі басымдықтарды айқындап берді. Тыңғылықты пысықталып, ойластырылған міндеттер мен тапсырмалар белгілеген әрбір басымдық маңызды.

Мысалы, Президент азамат­тардың барлық сындарлы өтінім-сұрақтарына шұғыл әрі тиімді жауап қата алатын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын іске асыру мінде­тін қойып отыр. Иә, бүгінде әр тұрғынның көкейкесті мәсе­ле­сі заң шеңберінде және көше­де емес, тиісті мекеменің жауапкершілікпен қарауының нәтижесінде оң шешімін табуы маңызды. Бұл орайда сайлау­шылармен кездесіп, барлық мұң-мұқтаждарын тыңдап және оны тиісті орындарға жолдап отыратын жергілікті мәслихат депутаттарының жұмысын да жан­дандыра түсу қажет деп ойлай­мын. Сондай-ақ ол кездесулерді форматын өзгерте отырып жиі өткізу де оң нәтиже берері анық. Яғни, халықпен кері байланыс орнатуда депутаттардың белсенділігі де маңызды.

Мемлекет басшысы Үкі­метке микро және шағын биз­нес компанияларын табыс са­лы­ғынан 3 жылға босату туралы заңды негіз құруды тапсырды. Мұнда темекі, ішімдік сынды акциздік тауармен айналысатындар, жер қойнауын пайдаланатын кейбір санаттар жеңілдікке ілінбейді. Сонымен бірге қызметкер мен жұмысшы жалдап отырған кәсіпкерлер салықтан босатылады. Бұл да өз кезегінде елге үлкен көмек болатын шешім. Енді аяққа тұрып келе жатқан бизнесмендер үшін оңтайлы болмақ, олар осы салықтан босатылған уақыт аралығында кәсібін жолға қойып, ел экономикасының дамуына ықпал етеді. Мемлекеттің экономикаға араласуын тоқтату жолында бірқатар өзгеріс енгі­зіл­мек. Бұл бастамалар бизнеспен айналысушы кез келген компанияға немесе кәсіпкерге нарықтық бәсекелестікте жол ашады. Бұрынғыдай мемле­кеттің ақшасына алақан жайып отыратын компаниялар азайып, таза бәсекелестік пайда болады. Бұл өз кезегінде экономиканың кең қанат жаюына ықпал етеді.

Сондай-ақ Президент ха­лыққа Жолдауында Үкімет мүше­­леріне, мемлекеттік орган­дар мен өңірлердің, мемле­кет­тік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді және қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеу туралы айтты.

«Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырғанын айта келіп: «Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», деді.

Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – аза­мат­тық қоғамға қолдау көр­се­ту қажеттігі. Президент: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсету керек, халықты жалпы­мемлекеттік өзекті тапсырмаларды талқылауға тарту керек. Сол үшін де Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды», дей келіп, ол келелі мәселелер көшеде емес, Парламентте шешіл­уі тиіс екенін қадап айтты.

Сондай-ақ «Алда болатын мәжіліс және мәслихат сайлауы елді көппартиялы жүйеге әкелуі тиіс», деді Президент.

Жолдаудағы асы маңызды мәселенің бірі – қазақ тілі­нің мәртебесі, бұл ретте Президент қазақ тілінің мем­ле­кеттік тіл ретінде рөлінің күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңінің келіп жеткендігін атап көрсетті. Мем­лекеттік тілге қатысты міндет­ті жүзеге асыру үшін қол­дан келген барлық қажетті жағ­дай­ларымызды жасауымыз қажет деп білемін, бұл біздің ұлтымыз бен ұрпақтарымыздың келешегі үшін қажетті шара болмақ. Жолдауда халықты әлеуметтік қорғауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән берілді. Білім беру, медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру, әлеуметтік қолдауды одан әрі дамыту, отандық зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктелді. Әсіресе жұмыс істейтін азаматтардың өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға мақсатты пайдалануы тұрғысындағы тапсырмасы халықтың белсенді топтары үшін көңіл қуантарлық жағдай екені сөзсіз. Әрине мұның барлығы Президент пен Үкімет тарапынан қарапайым халықтың қамы үшін жасалып отырған игі шаралар. Олай болса барлығымызды ынтымақ-бірлігімізді ту етіп, облыс көлемінде осы міндеттерді жүзеге асыру үшін аянбай атсалысуға шақырамын!

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы