Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
– Нағима Жаулыбайқызы, біздің қоғамда кейбір адамдардың радикалды сенімге бейімділігі байқалады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Шынында да, бұл мәселе бәрімізді ойландырады. Радикализм де фундаментализм сияқты, бүгінгі әлемде кең етек алған әлеуметтік көрініс. Бұрын-соңды тарихымызда ешуақытта дінге негізделген қақтығыс болған емес. Еліміздің аумағында ертеден әртүрлі діндер таралып, олар бір-бірімен толерантты қатынаста өмір сүрген. Қазақстан енді ғана тәуелсіздік алған тұста Сорбонна (Франция) университетінен келген докторант маған «Қалай ойлайсыз, болашақта Қазақстанда экстремизм мен терроризм таралуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойған-ды. Сонда мен: «Қазақстанда ондай идеология мен теріс іс-әрекеттердің орын алуы мүмкін емес, себебі ол біздің халқымыздың табиғатына жат нәрсе. Әрине, біз ашық қоғамбыз, сыртқы факторлардың әсерінен орын алуы мүмкін», деп жауап берген едім. Қазір де сол пікірдемін.
«Біздің қоғамда кейбіреулер радикал сенімге бейімділігі байқалады» деген пікірге қосыла алмаймын. Иә, біз ашық, сенгіш, ақкөңіл, еліктегіш халықпыз және бұл қасиет көп жағдайда жастарға тән. Көпшілікке мәлім деструктивті, радикал ұйымдардың әлеуметтік базасының 90-95%-ын жастар құрайды. Кез келген қоғамда әртүрлі деңгейде белгілі бір әлеуметтік, экономикалық, қаржылық, саяси, мәдени-рухани дағдарыс болады және олар ешуақытта діни қақтығыстарға, экстремизм мен терроризмнің өрістеуіне өздігінен ықпал еткен емес. Алайда қоғамдағы шетін жағдайларды өздерінің саяси, тіпті геосаяси, экономикалық мүдделері үшін діни факторды желеу ретінде пайдалануға ұмтылатын топтар, эмиссарлар мен миссионерлер бар. Өкінішке қарай, көп жағдайда, оңы мен солын айыра алмайтындар, әсіресе жастар сондай топтардың қуыршағына айналады.
– «Исламдағы секталар мен бағыттар», «Қазақстандағы діндер» және тағы басқа кітаптардың авторысыз. Жалпы осы кітаптардан қалың жұртшылық хабардар ма?
– Біраз жыл бойы философия және ғылым методологиясы мен дінтану кафедрасының меңгерушісі ретінде қызмет істегенімде кафедрадағы дінтанушылардан шығармашылық топ ұйымдастырып, дін саласындағы жаңа форматтағы оқулықтар, сөздіктер, ғылыми монографиялар, конференциялардың материалдарынан тұратын жинақтар басып шығардық. 10 жылдай философия, мәдениеттану және дінтану мамандықтары бойынша докторлық диссертациялық кеңестің төрайымы қызметін атқардым. Сол жылдары нақтылы дінтану саласындағы алғашқы жоғарғы деңгейдегі білікті мамандарды: ғылым кандидаттары мен докторларын дайындадық. Жоғарыда аталған шығармашылық топ «Исламдағы секталар мен бағыттар», «Қазақстандағы діндер», «Дінтану», «Дәстүрден тыс діни ағымдар мен культтер», 3 томдық «Дінтанулық сөздік», 2 томдық «Дінтану. Энциклопедиялық сөздік» және т.б. кітаптар шығарды. Бірақ бізде қалың оқырманға ғана емес, тіпті мамандарға да діни ақпарат жеткізу жүйесі жеткілікті деңгейде дұрыс жолға қойылмаған. Өйткені көпшілік осы әдебиеттер туралы біле бермейді, олар жеткілікті тиражда шығарылмайды. Қоғамның бүлдіргі ағымдардың әрекетінен бейхабар болатыны да осындай себептен туады.
– Экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында елімізде қандай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр?
– Осы бағытта, әсіресе соңғы жылдары, кешенді және жоспарлы түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл, әрине, осы саладағы барлық мәселені толыққанды шешеді деп айта алмаймын. Себебі радикал топтардың басшылары да ұйымдастыру жұмыстарын белсенді жүргізіп, жаңа бір тәсілдерді қолдана бастағандығы байқалады. Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мамандары бүлдіргі ағымдарға қарсы жұмыстың заманауи жаңа тәсілдерін, неғұрлым тиімді жолдарын жетілдіріп отыру қажет. Сондықтан алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыс көп.
– Қазақстанда діни білім беру жүйесі қаншалықты орнықты?
– Алдымен діни және дінтану саласындағы білім беру жүйесі екі бағыттағы білім жүйесі екендігін де естен шығармауымыз керек. Діни білім беру жүйесі дін саласындағы қызметкерлерді немесе діннің негізгі ұстанымдары мен доктринасын оқып білгісі келетіндерге бағытталған. Ал дінтану бағытындағы білім беру жүйесінде барлық діндер бейтарап объективті түрде, ғылыми, зайырлылық принципіне негізделе отырып оқытылады, зерттеледі. Бұл жерде дін саласындағы ғалымдар, ұстаздар, әртүрлі мемлекеттік ұйымдарда қызмет істейтін мамандар даярланады.
Діни білім беру жүйесіне келетін болсақ, бүгінде Қазақстанда Діни басқармаға қарасты 1 университет, 1 имамдардың білімін жетілдіру институты, 11 медресе, 2 қарилар орталығы жұмыс істейді. Тек қана Алматы қаласының өзінде Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Имамдардың білімін жетілдіру институты, Әбу Ханифа, «Үшқоңыр» медреселері діни білім беруде. «Үшқоңыр» медресесінде қыздар бөлімі ашылған, бүгінде кейбір медреселерге колледж мәртебесі берілді. Ал дінтану бағытындағы білім беру жүйесі де белгілі бір деңгейде қалыптасып, осы салада бірнеше қазақстандық университет өзіндік үлесін қосып жатыр. Олар: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. Аталған университеттер дінтанушылар мен исламтанушыларды 3 деңгейде: бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлерінде даярлайды. Осы уақытқа дейін біз негізінен жалпы дінтанушылар мен исламтанушыларды дайындадық. Діни жағдайдың барған сайын шиеленісуіне байланысты аталған мамандарға қойылатын талап та күшейді, ендеше дін психологтары, дін әлеуметтанушылары, дін заңгерлері керек. Осы мамандықтарды дайындау уақыт сұранысынан туындап отыр. Сол сияқты, жалпы исламтанушыларды дайындау жеткіліксіз, фикх, ақида, қалам сияқты салалардың нақтылы мамандарын дайындау қажет. Осыған орай, дінтану және исламтану факультетін ашу заман сұранысына оң жауап болар еді.
– «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» ерекшелігі неде?
– Бұл мемлекеттік бағдарлама қазіргі кезеңде әлемде болып жатқан геосаяси өзгерістерге, ең алдымен Қазақстанда діни жағдайдың күрделенуіне, терроризм қатерінің өрши түсуіне, мемлекеттің қауіпсіздік ахуалына тікелей байланысты. «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдар қабылданды, онда экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен оған қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері белгіленген.
Біздің елімізде 2011-2012 жылдар аралығында 12 террорлық акт жасалса, 2008-2013 жылдар аралығында террористік қылмыстары үшін сотталған адам саны – 27-ден 171-ге дейін, ал экстремистік қылмыс үшін сотталғандардың саны – 56-дан 168-ге дейін жетті. Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекет туралы 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама діни экстремизм мен терроризмге қарсы жалпы мемлекеттік жүйені дамытуға мүмкіндік берді. Діни ахуалдың шиеленісуіне байланысты соңғы қабылданған бағдарлама 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жалғасы. Жаңа бағдарламада, әсіресе антитеррорлық дүниетанымның, жалпы антитеррорлық өмірлік позициясының қалыптасуына ерекше назар аударылды, оның негізгі мақсаты – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жаңа геосаяси және діни жағдайларға байланысты әрі қарай жетілдіру, оның тиімділігін арттыру, жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– Қазіргі таңда діни тұрақтылық пен зайырлы мемлекеттің ұстанымдарын сақтау таразысын қалай тең ұстауға болады?
– Бізде әлі де болса кеңестік, атеистік түсінік басымдау. Зайырлылық, зайырлы мемлекет дегеніміз дінді жоққа шығару немесе дінге қарсы тұру дегенді білдірмейді. Зайырлы мемлекетте дін мен мемлекет бір-бірінен ажыратылған, яғни әрқайсысы бір-бірінің ісіне араласпай, әрқайсысы өз аумағында қызмет етеді. Мемлекет тарапынан осы мәселені реттеу үшін нақтылы қалыптасқан елдегі ішкі және елге әсер ететін сыртқы факторларға байланысты заңнамалар қабылданып отырады. Және ол заңдар діни ұйымдар мен мемлекеттің, жеке адам мен мемлекеттің, жеке адам мен діни ұйымдардың, әртүрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, бір сөзбен айтқанда, қоғам мүшелерінің және барлық діни және діни емес ұйымдардың бірдей деңгейде заң алдындағы жауапкершілігін айқындайды. Дінге қатысты мемлекеттің негізгі міндеті – қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтай отырып зайырлылық қағидаларының сақталуын қадағалау. Егер діни ұйымдар тарапынан заңды бұзу, мойындамау, қоғамның басқа мүшелеріне, олардың діни және ар-ождан бостандығына, денсаулығына, қоғамдағы қалыптасқан құндылықтарға, жеке адам мен жалпы мемлекет, қоғам қауіпсіздігіне нұқсан келтіргенде, қауіп-қатер тудырғанда мемлекет өз міндетін атқаруы тиіс.
Діни тұрақтылық пен зайырлы мемлекеттің ұстанымдарын сақтап қалу үшін елімізде дінге қатысты саясат толеранттылық, өзара сыйластық принциптерінің нығаюы маңызды. Көпэтносты және көпконфессиялы еліміз үшін бұл өте өзекті. Әрине, бұл жерде толеранттылық қағидаларын қолданудың да шегі бар екенін ескере кету керек. Яғни бүлдіргі ағымдар шектен шыққанда, заңымызды бұзып, әртүрлі радикалды, экстремистік, террористік іс-әрекеттерге барғанда ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан мемлекет шұғыл шара қабылдауы тиіс. Себебі мемлекет өз азаматтарының қауіпсіздігінің кепілі саналады.
Әңгімелескен
Марал ШАЙХЫ,
журналист,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін