Заң жобасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген болатын. Жобамен бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заң жобасымен «бір үй – мүліктің меншік иелерінің бір бірлестігі – бір шот» қағидаты бойынша кондоминиум объектісін басқарудың жаңа үлгісі ұсынылады. Сенатор Ә.Құртаевтың айтуынша, бұл қағида әрбір үйді басқару жөніндегі жеке әдісті қарастырады. Пәтер иелері кооперативтерінің қызметі әрбір үйдің ағымдағы және жинақ шотын пайдалану арқылы қаржыландырылады.
Заң жобасымен кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуді қаржыландыру тетігі енгізіледі, ол пәтерлер мен тұрғын емес
үй-жайлардың меншік иелерінің қаражатты жинақтауына және екінші деңгейдегі банктен қарыз алуға негізделген. Мамандандырылған қор МИБ-тің тұрғын үй қарызын өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындауын кепілдендіретін болады.
Сонымен қатар тұрғын үй-құрылыс кооперативін құру, оның қызметін жүзеге асыру және тоқтату тәртібі, мүшелік шарттары мен жарғы мазмұны реттеледі.
Заң жобасымен басқарушы және сервистік компаниялар қызметтерінің ашықтығын арттыруға және Үй кеңесін құру және электрондық ақпараттың ресурстар мен ақпараттық жүйелерді енгізу арқылы пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері тарапынан бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй саласындағы құқықтық қатынастар субъектілерінің арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған ережелер ұсынылады.
Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.