Парламент • 16 Қазан, 2019

Сингапурды инвестиция салуға шақырды

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Сингапурдың Аға министрі – Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіруші министр Тео Чи Хинді қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Сингапурды инвестиция салуға шақырды

Сенат басшысы Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев пен Сингапур­дың бірінші Премьер-министрі Ли Куан Ю негізін қалаған дос­тық қатынасты жоғары баға­лайтынын атап өтті. «Біз сау­да-экономикалық және мәде­ни-гуманитарлық байланыс­тарды нығайтуға, Қазақстанға Сингапур инвестициясын тартуға мүдделіміз», – де­ді Парламент Жоғарғы пала­та­сының басшысы.

Сенат Төрағасы осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуына байланысты бизнес үшін тартымды жағдай қалыптасып отырғаны туралы айтып берді. «Сингапурлық компаниялар Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықта «Астана» қаржы орталығының әлеуетін пайдалануға мүм­кін­діктері бар. Бұл халқы 160 миллион адамнан асатын қар­қынды дамып келе жатқан ке­лешегі бар аудан», деді Д.Назарбаева.

Тео Чи Хин ЕАЭО мен Син­гапур арасындағы еркін сауда айналымы жөніндегі келісімді ратификациялаудың маңызын атап өтті. Келісім Оң­түстiк-Шығыс Азия елде­рi­­нің ассоциациясы мен ЕАЭО елдері арасындағы ын­ты­мақ­тастыққа жаңа серпін береді», деді Сингапурдың Аға министрі.

Парламенттің Жоғарғы палата басшысы Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін дамыту жоспарлары туралы хабардар етіп, Сингапур қазақ­стандық компаниялардың Оң­түстік-Шығыс Азия нарығына шығу қақпасы бола алатынын атап өтті.

Сенат Төрағасы Қазақ­стан­ның инвестициялық тартым­дылығын нығайтуға мүмкіндік беретін көлік-логистикалық хабта маңызды рөл атқаратын «Бір белдеу, бір жол» Қытай мегажобасының әлеуетін атап өтті.

Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Дариға Назар­баева елімізбен, оның кө­рікті жерлерімен және тұрғын­дары­мен жақсы танысу мақ­сатын­да сингапурлық депутаттарды туристер ретінде келуге ша­қырды. Төраға Сингапур мен Қазақстан арасында тікелей әуе бағытын ашуды ұсынды.

Тео Чи Хин Сингапур цифр­ландыру және мемлекеттік басқару саласындағы тәжіри­бесімен бөлісуге дайын еке­нін атап өтті. Ол сондай-ақ Қа­зақстанның Тұңғыш Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың тәуел­сіз Қазақстанның дамуына зор үлес қосқанын және Син­гапурдың жақын досы еке­нін атап өтті. Аға министр Ел­басын Сингапурға сапармен келуге шақырды.