Қазақстан Президенті өз Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел əрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бəрімізге ортақ міндет екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Бұл мәселелер біз үшін де көкейкесті, себебі Ұлттық ұланға заңға сәйкес жеке тұлға, қоғам мен мемлекеттің, адам мен тұрғындардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және басқа да құқыққа қарсы әрекеттерден қорғау, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою міндеттері жүктелген.
Ел Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің тәуелсіздігін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың орнын ерекше атап өтті. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша біз әскердің жақын арадағы даму перспективасын қарастырдық. Қазір Ұлттық ұланның 2020-2022 жылдарға арналған Даму бағдарламасын дайындаудамыз. Бұл жерде біз әскердің мобильдігіне, кәсіби дайындығына, мемлекетіміздің қоғамдық қауіпсіздігіне тиімді қатыса алатын заманауи қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен қамтамасыз етуіне ерекше көңіл бөлеміз.
Жауынгерлер үшін осы жылдың көктемінде Қазақстан Президентінің Ұлттық ұланның елордалық құрамасына алғашқы сапарымен келуі айрықша мәнге ие болды. Жоғарғы қолбасшылық пен әскерилерге қарата айтқан сөзінде Мемлекет басшысы Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің еліміздегі тұрақтылық пен бейбіт өмірдің сақталуы, мемлекет пен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында маңызды міндеттер атқаратынын атап өтті. Бұл тұрғыда Президент қызметтік-жауынгерлік дайындық деңгейінің жақсаруына ерекше назар аударып, барлық оқу-жаттығулар шынайы жағдайларға жақындатылуы тиіс деп баса айтты. Сондай-ақ Қ.Тоқаев бізді Ұлттық ұланның қызметтік әрекетіне қатысты барлық мәселелер өзінің жеке бақылауында болатынына сендірді. Бұл өз кезегінде қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындауда бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ұлттық ұланның елордалық құрамасына сапары барысында Мемлекет басшысы әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселесіне мұқият тоқталды. Осы орайда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Әскери баспана» және басқа да бағдарламалар арқылы әскердің 1100-ден аса қызметшісі бүгінгі таңда баспаналы болғанын зор мақтанышпен айтамыз.
Көпбалалы әскери қызметшілердің отбасылары да назардан тыс қалған жоқ. Биыл «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясының аясында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері өз ішіндегі аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасылардың және балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналардың мектеп жасындағы 300-ден астам баласына мектепке қажетті оқу құралдарын сатып алуға көмектесті. Әскер басшылығы балаларының немесе өздерінің ауыр науқастануына байланысты қиын жағдайға душар болған әскери қызметшілерді және Ұлттық ұланның ардагерлерін де еш уақытта қиындықта қалдырмайды. Мүмкіндігінше біз олардың емделуіне қаражат іздеуге көмектесіп, шипажайларға жібереміз. Шынтуайтында, өмірде мұндай аурулардан ешкім сақтандырылмаған. Сондықтан жаны қысылған әріптестерімізге қол ұшын созып, қиындықтарымен жалғыз қалдырмау – біздің қасиетті міндетіміз.
Биылғы Жолдауда да біз мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты байқап, сезініп отырмыз. Президент біздің алдымызда жаңа тұжырымдама негізінде жауынгерлік қабілетті армия құру міндеті тұрғанын атап өтті. Өз кезегінде біз Отан қорғаушылар ретінде Жоғарғы Бас қолбасшымыздың жауынгерлік армия құру және елдің қорғаныс әлеуетін нығайту жөніндегі бастамаларын қолдаймыз.
Мемлекет басшысы Жолдауында азаматтарды табиғи құбылыстардан және технологиялық апаттардан қорғауға ерекше назар аударды. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді дана халқымыз. Қазақстандықтардың бірлігінің бекем болып, жұдырықтай жұмылғанының көрінісі ретінде біз Арыс қаласында оқ-дәрілер жарылыстары зардаптарын жойып, жергілікті халыққа көмек көрсетуін айтамыз. Атап өту керек, төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлері қала тұрғындарын эвакуациялау жұмыстарына белсенді қатысты, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде Арыс тұрғындарының мүліктерін күзетіп, елді мекенде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті. Әскери қызметшілер іс-қимылдарының арқасында қала тұрғындарына үлкен көмек көрсетілді, жарылыстар зардаптарын жоюда уақтылы шаралар қабылданды. Арыс қаласын қалпына келтіргені үшін сегіз ұландық Президенттің қолынан мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Жалпы, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Ұлттық ұланда батыл және ержүрек қорғаушыларды тәрбиелеуде даңқты жауынгерлік дәстүрлер қалыптасты. Жауынгерлер сан мәрте, тіпті кейде өз өмірлерін қию арқылы жанқиярлық әрекеттер жасап, ерліктің айқын үлгісін көрсетті. Құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлері Ербол Отарбаев, Жандос Баянбаев, Ақылбек Қоңыров, Бақтияр Қайырбеков, Тимур Рахимов, Денис Яковлев және басқалары қазіргі заман батырларының шынайы образына айналды. Ербол Отарбаевтың жанқиярлық әрекеттерінің үлгісінде көрермендердің ыстық ықыласына бөленген «Алтыншы бекет» көркем фильмі мен телехикаясы түсірілді. Кинотуынды өзін қазақстандық прокатта сәтті көрсетіп, сарапшылар мен кино сыншыларынан жақсы пікірлер алды. Жақында картинаның телевизиялық нұсқасы «TЭФИ-Достастық» халықаралық фестивалінің үздік телехикаясы аталымында бас жүлдені иеленді.
Сонымен бірге тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгердің ерлігі негізінде «Қазақстан» телеарнасы «Аю Синема» кинокомпаниясымен бірлесе отырып, Ұлттық ұланның қолдауының арқасында жақында «Қазбат» атты көркем фильм мен телехикаяның түсірілімін аяқтады. Оның үлкен экрандардағы тұсаукесері осы жылдың соңына дейін жоспарланған.
Граната жарылысы кезінде сарбазды өлімнен құтқарған полковник Қайрат Үмбетовтің ерлік әрекеті құқықтық тәртіп әскер тарихында алтын әріптермен жазылатын болады. Осы ерлігі үшін полковник Қайрат Үмбетовке жоғары дәрежедегі «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Сонымен қатар Қайрат «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанғанын ерекше атап өтеміз.
Тарих көрсетіп отырғандай, қай кезде болмасын елдің қорғаныс қабілеті қазіргі заманғы қару-жараққа ғана емес, жауынгердің рухына да байланысты болады. Сондықтан әскери қызметшілердің патриоттық тәрбиесіне, әскери қызметтің беделіне, құқықтық тәртіп әскерінің мәртебесін арттыруға айрықша көңіл бөлінеді. 2009 жылдан бастап әскерде ақпараттық-насихат топтары жұмыс істейді. Дәстүр бойынша Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ұланның ән-би ансамблінің гала-концерті, халықаралық мәртебеге ие болған әскери оркестрлердің «Әскери керней» фестивалі мен жекпе-жек турнирлері өткізіледі. Ұлттық ұланның оркестрі Ресейде өтетін халықаралық фестивальдардың тұрақты қатысушысы. Осы жылы оркестр тұңғыш рет атақты «Спасск мұнарасы» халықаралық әскери-музыкалық фестиваліне қатысты. Онда оркестр ұжымы тек Ұлттық ұлан ғана емес, барша еліміздің мерейін асырды. Дауыс беру нәтижелері бойынша қазақстандық ұжым 14 шетелдік оркестрдің ішінде үшінші орынға ие болды.
Жастар арасында адалдық, қырағылық, батылдық, Отанға деген сүйіспеншілік және оны қорғауға дайын болу секілді әскери қызметті өтеуге қажетті қасиеттер қалыптастыру мақсатында Ұлттық ұланда «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы құрылды. Оның тарихы 2003 жылдан басталады. Бүгінде құқықтық тәртіп әскерінің әскери бөлімдерінің жетекшілігімен 50-ден астам «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық сыныптары және 30-дан астам спорттық әскери-патриоттық клубтар жұмыс істейді. Осылайша біз мектеп жасынан бастап болашақ Отан қорғаушылар резервін дайындаймыз, оларды патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік сезімдеріне баулимыз.
Ұлттық ұлан бұдан былай да елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қазақстандық қоғам мен ел тұрғындарын қорғау міндеттерін лайықты орындайтынын үлкен сеніммен айтамын.
Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
генерал-лейтенант,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы