Қоғам • 16 Қазан, 2019

Кедергісіз өмір сыйлайды

186 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, еліміздегі Nur Otan партиясы өңірлік филиалының бастамасымен мүмкіндігі шектеулі 7 адамға денсаулықтарын оңалтуға арналған арнайы арбалар берілді. Қайырымдылық шарасы «NFC Kazakhstan» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асты.

Кедергісіз өмір сыйлайды

Ал «NFC Kazakhstan» ЖШС өкілі Жарқын Тұрышевтің айтуынша, компания еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға 20 миллион теңгеге көмек көрсеткен. Серіктестік өңірдегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істеуде.

Биыл әмбебап «umbrella» поляк фирмасының үш арқалығы бар арбасын, ересектерге арналған бір жүріс арбасын, бір вертикализатор және церебралды сал ауруымен ауыратын балаларға арналған ресейлік «Mega Optima» фирмасының бекіткіші бар бес жүріс арбасын бірлесіп 2 миллион теңгеге сатып алған. Сондай-ақ компания өңірдегі көпбалалы отбасылардың тізімін алып, алдағы уақытта олардың мектеп­тер­де оқи­тын ұл-қыздарына қайы­рым­ды­лық жасамақшы.

– Өкінішке қарай, мүмкіндігі шек­теулі жандардың арнайы жеке арба­ларға мұқтаждық мәселесі әлі де бар, – деді облыс әкімі Болат Бақауов арбаларды тапсыру кезінде. – Бюджеттен қаражат бөліп, қажетті арбамен қамтамасыз ету­деміз. Бизнес те шет қалмауда. «NFC Kazakhstan» компаниясы жыл сайын демеушілік жасай­ды. Компания басшылығына алғы­сы­мыз­ды білдіреміз.

Жоғарыда аталған бас­қар­ма­ның мәліметінше, арнайы құрыл­ғыларды өздігінен сатып алу қиын. Бір арқалығы бар арба – 200 мың теңге, бекіткіші бар жүріс арбасы – 80 мың теңге, ал қолай­лы­лығы жоғары кейбірінің бағасы 400 мың теңге тұрады.

– Ұлым Бауыржан сал ауруы­мен ауырады. Өзі отыра алмай­тын­дықтан, арқалығы бар арба қажет болды. Әкімдікке өтініш жазып, кезекке тұрдық. Бүгін өте қуаныш­тымыз. Бізге «umbrella» арбасы берілді. Облыс әкіміне және демеушілерге алғысымды білді­ре­мін, – деді екібастұздық Гүлнұр Нұрхаева.

Биыл 79 тұрғынға арнайы қоз­ға­лыс құралдары берілген. Облыс бойынша арнайы құрал-жаб­дықтарға мұқтаж жандар тізі­мін­де 700 адам бар. Олардың 50-і – бала.

– Мүгедектік белгіленген соң көрсеткіштер бойынша оңалтудың жеке бағдарламасы әзірленеді. Көз нашар көріп, құлақ дұрыс естімесе, сурдо­техникалық құралдар дайындалады. Оңалту құралдары бөлін­ген бюджетке байланысты алынады. Бюджеттен түскен қаржы курорт­тық сауықтыруға, протездік-ортопедиялық қызметтерге есептелген, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Зарина Әленова.

Облыс орталығында көпбалалы аналардың өтінішіне қарай «Мүм­кін­дігі шектеулі балаларды оңал­ту үшін қосымша орталық» ашыл­ды. Сондай-ақ облыстық әкім­дік қаладағы бұрынғы бала­бақшаны күрделі жөндеуден өткізіп берді. Орталықты қайта қал­пына келтіріп, мүмкіндігі шек­теу­лі балаларға ыңғайлы етіп жасау жұмыстары жүргізілді.

Қазір орталыққа келетін балалар барлық ем-домды қабылдай алады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 80 орынға арналған орталықта оңалту мерзімі үш ай, одан кейін балалар демалыс алады. Бір жыл аралығында орталықта 300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі баланы қабылдауға мүмкіндік бар.

– Біздің балалармен жұмыс істеу­де үлкен тәжірибеміз бар, – деді тірек-қимыл аппараты бұзыл­ған балаларды оңалту бойынша қызмет көрсету орталығының директоры Роза Қадырбекова. – Кейбір балалар бізде 4 сағатқа дейін, кейбір балалар 10 сағатқа дейін, ал облыстың басқа қалалары мен аудан­дарынан келген балалар тәу­лік бойы болады.

Сонымен бірге жуырда облыс орталығына қарасты Кенжекөл ауылында мүгедектерді оңалту кабинеті ашылды. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Ал емделушілерді Бақберген Қаламұш қабылдайды. Оның өзі де мүгедектер арбасына таңыл­ған жан. Қайтсе де жүріп кетуді армандайтын ол, өзі сияқты арбаға таңылғандарға кедергісіз өмір сыйламақ.

 – Алдымен «Атамекен» кәсіп­кер­лер палатасында арнайы курс­тан өттім. Жеке кәсібімді ашуға грант алдым. Бірақ ауылдан мүге­дек­терге арналған арнайы жаттығу залын ашатын орын таппадық. Облыс әкімі Болат Бақауовтың қа­был­­дауына жазылып, көмек сұра­дым. Әкім сөзінде тұрды, – деді Б.Қаламұш.

Оңалту кабинеті ауылда жуыр­да ғана пайдалануға берілген мәдениет үйінің ішінен ашылды. Көп жыл бойы тұрғындар асыға күтіп жүрген мәдениет үйінде 300 орындық зал, би залы және түрлі үйірмелерге арналған кабинеттер бар. Ал оңалту кабинетін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін ERG компаниясының атынан жоба иесіне 5 миллион теңге грант берілді.

Бұған дейін Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек еткен Б.Қала­мұш­қа Еуразиялық топтың өкілдері қолдау көрсетіпті.

 

Павлодар облысы