Қазақстан • 17 Қазан, 2019

Атаулы көмек алушылар қатары неге артты

220 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Павлодар өңірінде 2019 жылдың бірінші тоқсанында мемлекет тарапынан төленетін қолдау қаражатын 1176 отбасы (5184 адам) алып келген болса, екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 5919-ға (27111 адам) артқан. Осылайша жыл басында бекітілген 1,6 млрд теңгенің орнына атау­лы әлеуметтік көмекке төленетін шығын 3,3 млрд теңгеге жеткен.

Атаулы көмек алушылар қатары неге артты

Облыстық Жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындардың саны бес есеге өскен.

Өзге өңірлерде кездескен жайттар сияқты, облысымызда да атау­лы әлеуметтік көмек алу үшін отбасылар «ажырасып», енді бірі дүние-мүлкін, қорасындағы малын туыстарының атына жазып тастаған. Басшыларымен келісіп, жұмыстағы еңбекақысын ең төменгі деңгейде көрсетіп, оны дә­лелдейтін арнайы анықтама қа­ға­зын алып келгендер де болып­ты.

Жалпы, облыс бойынша та­бы­сын жасырған 126 отбасы анық­талған. Олар осы уақытқа дейін мемлекеттен 27,3 миллион теңге алған. Қазір қаржыны қай­тару бо­йынша жұмыс жүр­гізі­луде. Оған қоса, 51 отбасы кірісі нақты­лан­ғанға дейін төлем­ақы ала алмайтын болды.

Өз­дері­нің нақты табыстарын жасыру арқылы атаулы әлеу­мет­тік көмек тағайындауға заңсыз қол жеткізбек болған 444 отба­сына төлемдер тоқтатылды. Об­­лыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасының бө­лім басшысы Айгүл Рахым­жа­но­ва­ның айтуынша, тұр­ғын­дар әлеу­меттік қызмет қыз­мет­керлерінен атаулы көмек тағай­ындау кезінде нақты табыс­тарын жасырған.

Мысалы, Май ауданы, Қара­терек ауылында тұратын 6 адамнан тұратын отбасы 2019 жылдың сәуір айында АӘК тағайындауға өтініш берген. Отбасына 105 мың 843 теңге көлемінде көмек тағайындалды. Қосымша тексеру кезінде отбасының нақты табысын жасырғаны анықталды. Қайта есептеу нәтижесінде отбасына АӘК төленбейтін болды.

Ал Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылының тұрғындары Сайран Мәден, Айнұр Шаймұрат, Айнұр Сақаба сияқты көп балалы аналар атаулы әлеуметтік көмек аламыз деп керісінше мемлекетке қарыз боп қалды. Қалалық Жұмыспен қамту орталығы мамандарының Қызылжар ауылының тұрғындарынан қажет құжаттарды дұрыс сұратпау салдарынан, яғни салғырттығынан осындай жағдай орын алған.

Бұл ретте тұрғындардан бұрын, орталық мамандарының өздеріне ақпараттандыру жұмыстарын жүргізген дұрыс болар.

Бұл келеңсіз мәселе елге оралған ағайындардың ресми тілді түсінбеуінен болуы да мүмкін. Қалалық, жергілікті әкімдік бірлесіп, аталған көп балалы аналарға ақпаратты толық түсіндіріп, нақты кеңес беріп, көмектесулері керек еді.

Міне, осындай мысалдардан-ақ Үкіметтің атаулы әлеуметтік көмек берудегі қамқорлық ниетін жергілікті әкімдіктер өз дәрежесінде жүзеге асыра қоймағанын байқайсыз. Құжатын өткізуге келген халық болса, әбден әуресарсаңға түсті. Мамандардан ештеңе түсіне алмаған, мамандарға ештеңе түсіндіре алмаған тұрғындар реніш-шағымдарын арқалап газет редакцияларына, тілшілер қосынына келетін болды. Бұл жайларды республикалық телеарналар да көрсетуде.

Қарапайым халықтың алдындағы шенеуніктердің міндеті мен жауапкершілігі, қызметтік әдеп-этикасының жоқтығы жоғарыда жазғандай өкінішті жайларға әкелді. Жергілікті жерлерде халық игілігіне сай жасалған мемлекеттік бағдарламаларды дұрыс жүзеге асырып, мемлекеттік мәселеге биік дәрежедегі көзқараспен қызмет ететін білікті, білімді мамандардың да жоқтығы байқалып қалды. Олай болмағанда, елімізде қабылданған Атаулы әлеуметтік көмек беру жүйесі дау-дамайға, ұрыс-керіс пен айғай-шуға ұласпас еді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Айнұр Мұқашбекованың сөзінше, біздің облыс қазір 7993 отбасындағы 35 мыңнан астам адамға АӘК беріп отыр. Төленген қаражат көлемі – 2,6 млрд теңге. Әлеуметтік жағдайы Үкімет ұсынған талаптар мен ережелерге сәйкес келмеген 526 отбасыға көмек беру тоқтатылды. Сондай-ақ 16 отбасы алған ақшаларын өз еріктерімен қайтарды.

Мәселенің мәнісіне келсек, заңгерлер «Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін кірісін жасыру заңбұзушылық болып саналады. Мемлекеттік органдардың көмекке мұқтаж адамдарға бөлген қаржысын қайтаруы енді дұрыс емес», деген пікірде. Бұл жайларға керісінше, өңірде өз отбасын, бала-шағасын еңбек етіп асырап, мемлекеттің бергеніне қанағат етіп жүрген көп балалы отбасылар да аз емес.

Әрине, әкімдіктер заң талабына сай, нақты көмекке зәру отбасыларды қолдайды. Бірақ жағдайы бола тұра, әлеуметтік төлемге алақан жайып, масылдық көзқарастағы тұрғындарды қолдауға міндетті емес.

Биыл өңірдегі көп балалы, аз қамтылған отбасыларды қолдауға көңіл бөлініп, кезең-кезеңімен пәтерлер берілуде. Аудан-қала басшыларына бос, сатылымға қойылған үйлерді түгендеп, оларды көп балалары отбасыларға беру жүктелді.

Сондай-ақ облыс әкімдігі өңірдегі көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетудің ұтымды жолы жұмыспен қамту, кәсіп ашуға көмектесу екенін ескертті. Тағы бір жақсы бастама, облыс орталығында, Екібастұз, Ақсу қалаларында тұратын көп балалы отбасыларды ауылдық жерлерге көшіру тәжірибесі қолданылуда. Қоныс аударушыларға жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үй, жұмыс орны және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Биыл облысқа 1241 адам Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келді. Сондай-ақ оңтүстік өңірлерден 220 отбасы Павлодар облысына қоныс аударды.

Жуырда облыс әкімі Болат Бақауов Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында осы тақырыпқа қатысты арнайы жазба жариялады.

–Қоныстанғандардың көбі – көпбалалы отбасылар. Қазір әрбір отбасының жеке баспанасы бар. Еңбекке жарамды адамдардың бәрі тұрақты жұмыспен қамтылды. Балаларына балабақша мен мектептерден орын берілді, – дейді облыс әкімі. – Біздің облыста 25 мың бос жұмыс орны бар. Оның 10 мыңы – тұрақты жұмыс орны. Аймақта ірі өндірістік кәсіпорындар жетерлік. Шағын және орта бизнес қанат жаюда. Агроөнеркәсіп кешені де қарқынды даму үстінде. Әрбір тұрғынды баспанамен, медициналық көмекпен, тұрақты жұмыспен, балаларын мектеп және балабақшамен қамтуға дайын.

Әр аптаның сейсенбісінде облыс әкімі Nur Otan партиясы облыстық филиалының кеңсесінде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Ал тұрғындар аудан, қала әкімдерінің тұрғындармен кері байланысы жоқтығын, қоғамдық қабылдаудың сирек өткізілетініне, әлеуметтік желідегі жеке парақшалары тиісті деңгейде жүргізілмейтініне шағым айтады.

Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы 1 айдан астам уақыт бойы көп балалы және әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың мәселелерін қарастыру мақсатында жұмыс істеді.

Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметін тегін алады. Сондай-ақ олар мектептерде (1-11 сынып оқушылары) тегін тамақтану мүмкіндігіне ие болмақ. Осы санаттағы отбасылар үшін Ақсу қаласында 102 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй сатып алынады деп жоспарлануда. Өңірдегі 1435 көп балалы отбасы жылына 1 рет бірінші қажеттіліктегі дәрі қораптарын тегін ала алады. Бұл мақсатта бюджеттен 4,6 миллион теңге бөлінген.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтің айтуынша, биыл өңірдегі 10 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Былтыр аталған көмекке 1600-ден астам отбасы, яғни 7 мыңға жуық адам ие болған.

Өңірде тұрғындарды қысқа мерзімде оқытып, жұмыспен қамтуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сай 1035 адам техникалық және кәсіптік білімді меңгереді деп жоспарланған. Бүгінде 2017 жылы оқуға түскен 191 адам техникалық және кәсіптік оқуды тәмамдады. Олардың 131-і немесе 68,6 пайызы жұмысқа орналасты.

Бірақ басқармалардың тарапынан берілетін осындай ұшы-қиыры жоқ қаптаған, тіпті, бір-біріне сәйкес келе қоймайтын әртүрлі мәліметтер мен сандардан шатасып, адасып қаласың.

Ендігі жаңалық – 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы берілетін болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, яғни атаулы әлеуметтік көмек алудың да шарттары өзгереді. Жаңа заң жобасы көп балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек және балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік топтама деп белгіленген. Енді көп балалы отбасылар табысына қарамастан бала санына қарай жәрдемақы алады. Аз қамтылған, көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек те беріледі. Әр балаға 20789 теңгеден төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек әр тоқсанда, яғни үш ай сайын тағайындалып тұрады. Бұл табыс жасыруды төмендетпек. Жаңа заң атаулы әлеуметтік көмек алатындардың санын азайтады деп күтілуде.

Сонымен қатар, көп балалы, яғни 4 және одан көп баласы бар отбасыларға табыс мөлшерінің аз-көбіне қарамай жәрдемақы тағайындалатын болды. Бұл – көп балалы аналарды жеке санатқа шығару және оларға кепілді жәрдемақы беру. Аталған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына байланысты болмайды. Яғни, бұл көп балалы отбасыларды қосымша қолдау болса, екіншіден, олардың барлығы «аз қамтылған отбасы» деген атаудан арылып, қоғамдағы мәртебесі артады. Елдегі бала туу көрсеткішін арттырып, халқымыздың демографиялық жағдайына оң әсер ететін өзгеріс болмақ.

Сондай-ақ бұған дейін төленіп келген атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған азаматтарды қолдау және оларды жұмысқа орналасуға ынталандыруды көздейді. Бұл әр балаға 21 мың теңге қалпында қала бермек.

Жаңа шарт бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушыларға бос жұмыс орындары, жеңілдетілген шағын несие, қайтарымсыз грант және жаңа кәсіпті үйрену ұсынылады. Бұл ретте «Еңбек» бағдарламасына өзгертулер енгізілмек. Әлеуметтік көмектің жаңа механизмі бойынша жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді деген ұсыныс та орынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Атаулы әлеуметтік көмек беру – ашық әрі әділетті болуы, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Бүкіл әлемде азаматтарды қолдаудың жүйесі ең мұқтаж адамдарға ғана бағытталады».

Жаңа бастама құптарлық. Әлеуметтік көмек беру әлемде барлық елдердің тәжірибесінде бар. Сондықтан жұртшылық Үкімет ұсынған жәрдемақының жаңа түрі – әлеуметтік мәселелердің түйінін шешіп, жағдайды жақсарта алады деген үмітте.