Қазақстан • 17 Қазан, 2019

Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет

1105 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы ел­шілігінде қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасы анто­логия­сының орыс тіліндегі нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жаһандағы заманауи  Қазақстандық мәдениет

Қазақ әдебиеті жинағының орыс тіліне аудармасы мен жарыққа шығуын көркем ау­дар­ма саласындағы тәжі­ри­бе­лі ресейлік мамандар­дың қаты­суымен Ресей Жазу­шы­лар одағының Мәскеу қала­лық бөлімшесі мен Мәскеу мем­лекеттік университетінің бас­пасы жүзеге асырды. Анто­логияға алғысөзді Ресейдің ака­демиялық қоғамдастығының көрнекті өкілдері жазды. Мысалы, проза антологиясына алғысөзді Мәскеу мемлекеттік уни­верситеті филология факуль­тетінің президенті, филология ғы­лымдарының докторы Мари­на Ремнёва жазса, қазіргі қазақ поэзиясының жинағына алғы­сөзді А.М.Горький атын­дағы Әлем әдебиеті институ­ты­ның директоры, филология ғылымдарының докторы Вадим Полонский жазды.

Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситеті баспасынан жарық көрген қазақ прозасы мен поэзиясының жинақтары енді орыс тілінде сөйлейтін 14 мем­лекеттің 3,5 мыңнан аса кітап­ханасына, университеттері мен ғылыми орталықтарына жет­кізіледі.

Таныстырылымға Ресей Феде­рациясы Прези­ден­тінің аймақаралық және мә­дени байланыстар басқар­масының басшысы Владимир Чернов, Ресей Жазушылар одағының басшылығы, сон­дай-ақ аудармашылар, әдеби редак­торлар, сыншылар мен шолушылар, ал Қазақстан тара­пынан Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің көмек­шісі, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, Қазақстан Рес­публикасының Ресей Федера­циясындағы Төтенше және өкі­летті елшісі Иманғали Тас­мағамбетов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақ­стан Жазушылар одағы төраға­сының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.

Заманауи қазақ әдебиеті үздік үлгілерінің БҰҰ-ның 6 ті­ліне аудармасы «Жа­һан­дағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жоба өз кезегінде Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты болып табылады. «Жаһандағы заманауи қа­зақстандық мәдениет» жоба­сының міндеті – қазіргі заманғы Қазақстанның әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы мәдени қазыналарын әлем жұртшылығына таныстыру.

Таныстырылым сал­та­натында сөз сөйлеген Аида Балаева: «Біздің жобамыз 2017 жылы сәуір айында Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асуда. Жоба­ның өзегінде заманауи әлем­де ұлттың бәсекеге қабілет­тілігі оның мәдени және ин­тел­лектуалдық әлеуетімен өлше­неді деген қисын жатыр. Бұл тұсаукесер – «Жаһандық әлем­дегі заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасының аясын­дағы жұмыстың жемісі. Ол қа­зақстандық әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, театр және кино туындыларын әлемге таныс­тыруға бағытталған» деді.

Енді аталған жоба жүйелі түрде жалғасын тауып, мә­дениетаралық қарым-қаты­нас­тардың ұлғаюына негіз бола­ды деген сенім мол. Ал бұл жолы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары тұңғыш рет бірден әлемнің негізгі алты тіліне аударылып отыр. Жобаны жүзеге асы­руға Ұлыбритания, Фран­ция, Испания, Мысыр, Қытай және Ресейдің жетекші бас­па ұйым­дары атсалысты. Антология әлемнің бес құр­лықтағы 90-нан аса еліне тарайды. Яғни, бұрын-соңды дүние жүзі оқыр­мандарының қолына тимеген қазақ әдебиетінің үздік үлгі­лерімен 2,6 млрд адам танысуға мүмкіндік алады.

Осы арада нақтылай кетсек, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының бір бағыты – «Жаһандағы заманауи қазақ­стан­дық мәдениет» жобасы екені белгілі. Соның аясында қа­зіргі қазақ әдебиетінің екі анто­логиясы аударылып, жарық көріп отыр. Олар – «Қазір­гі қазақ прозасының антоло­гиясы» мен «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы». Әр антологияның көлемі шамамен 500 беттей, әрқайсысына 30 қазақстандық автордың таңдамалы шығармасы енген.