Қоғам • 17 Қазан, 2019

Алимент төлеуді шариғат міндеттей ме?

945 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғамның саламаттылығы отбасының тұрақтылығына тікелей тәуелді. Қазақ ежелден отбасы құндылықтарын ерекше қастерлеген. Дастарқан басында әке мен ұл, ата мен немере әңгімесі және ене мен келіннің байланысы үлкен тәрбиелік мектеп үлгісін бейнелейді. Дастарқан төңірегінде отбасы институты қалыптасып, ата-баба салты мен дәстүрі әкеден балаға беріліп келді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Әке тұрып сөйлеген ұлдан без, шеше тұрып сөйлеген қыздан без», «Қарты бар үй – қазына», деген өнегелі сөздер соның бір айғағы.

Алимент төлеуді шариғат міндеттей ме?

Келін түсіріп, қыз ұзатып құда болу салты жарасымды отбасының алғышарты. Осылай көтерілген шаңырақ баянды некенің кепілі. Үйлену мәселесі тек екі жастың ғана шешімі емес. Тұтастай екі әулеттің ортақ мәмілесі. Бұл асыл дініміздің һәм ата дәстүріміздің сара жолы. Қазақ әлмисақтан әкесіз қалған баланы жетімсіретпейтін. Ұл ержетіп, қыз бойжеткенше бүтіндей әулет қамқорлығында болатын. Әкесі бола тұра, тірі жетім атану деген мүлде болмаған еді.

Ал енді осы бір қазақи қағида мен мұсылмандық игі үрдіске бүгінде неліктен қылау түсті? Бұл ер-азаматтардың өз міндетіне жауапкершілікпен қарай алмауынан туындап отырған секілді. Ендеше, асыл дініміздің талап-шарттарында ер-азаматтың міндеті жайында не айтылған, қандай мәселелерге ер кісі жауап­кер­шілікпен қарауы тиіс деген тақы­рыптардың түйінін шама-шар­қы­мыздың жеткенінше тарқатып көрелік.

Жас-жұбайлар некелескенде қалыңдық өзін «табыс еттім», күйеу жігіт «қабыл еттім» деуімен неке­нің бір шарты орындалады. «Та­бысталған» деген сөз бұрын әке­сінің жауапкершілігінде болған қызды некелесу арқылы ер-азамат аманаттап алып отыр дегенді білдіреді.

Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен­дердің әрбірің – бақта­шы­сыңдар. Ер кісі отбасының бақташысы. Ол бала-шағасына жауапты. Әйел күйеуінің үйіне және балаларына бақташы. Әйел осыларға жауапты. Шаңыраққа жауапты...», – деген. Бала ананың мейірімі мен әкенің қамқорлығын көріп өсуі қажет. Ата-ананың тәрбиесінен қағылған бала ертең өмірде өз жолын, қоғамда лайықты орнын таба алмай қиналады. Әрі қоғамның тұрақсыздығына себеп болуы да мүмкін. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ажырасқан ерлі-зайып­тылар баланың санасы мен тұр­мысы бұзылмай өсуін қада­ға­лау­ға жауапты.

Өйткені әкелік және аналық жауап­кершілік ажырасқан соң да сақталады. Бала ешбір жағ­дай­да тәрбие мен материалдық қолдаудан айырылмауы тиіс. Ша­риғатта ауыр күнәнің бірі – өзі­нің жауапкершілігінде болған жан­дарды қараусыз қалдыру. Бұл жа­йында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Ер кісіге өзінің асырауында болғандарға қарамай қоюы күнә ретінде жетіп-арты­ла­ды», – деп ер-азаматтарға ескер­теді. Демек, адам баласы Құ­дай сүйетін қаншама игі амал­дар жасаса да Алланың алдында күнә арқалауына отбасы жауап­кершілігін сезінбеуінің өзі жеткілікті болады.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өсиетінің бірінде: «Бір динар бар, оны Алла жолында жұмсайсың. Тағы бір динар бар, оны адамды құлдықтан азат ету үшін жұмсайсың. Ал, тағы бір динар бар, оны мұқтажға садақа етесің. Енді, бір динарды отбасыңа жұмсайсың. Міне, ең сауабы көбі де отбасыңа жұмсалған динар», – деп ер кісінің отбасы үшін жұмсаған қаражаттың сауабы көп екендігін айтып сүйіншілейді. Бір қарағанда Құдай жолында жұмсаған қаражат пен мұқтаждың қажетін өтеуден асқан сауапты амал жоқ секілді көрінуі мүмкін. Алайда, Ислам діні ер кісінің өз отбасына жұмсаған қаражаты осылардан да сауапты амал екендігін айқындайды.

Ер-азамат көптеген қайы­рым­ды­лық жасаумен айналы­сып, ел ішінде атымтай жомарт атанып, алайда өз отбасына қарайласпаса, оның жасаған қайырымдылығы құмға құйған сумен тең. Сон­дық­тан ер кісінің ең үлкен жұмысы – бала-шағасын асырау, оларды қажетті керек-жарақпен уақтылы қамтамасыз ету.

Фиқһ кітаптарында отбасы, неке және ажырасу тақырыптарына арнайы бап арнап, бұл мәселелерді егжей-тегжейлі ашықтайды. Осы баптардың ішінде «нәпақа» мәсе­ле­сін қозғай келе ер-азаматқа отба­сын асырауды міндеттейді. Бұл тақырыпқа арқау болатын Құран кәрімнің мына бір аяты: «Кең­ші­лік иесі өзінің қаражатынан бала-шаға нәпақасын берсін. Ал, несібесі аз болған адам, Алланың өзіне бергеніне қарай нәпақасын берсін» (Талақ сүресі, 7-аят). Әкенің балаға қамқор болуын шариғат міндеттегені сияқты, адамның ақыл-санасы да бұл міндетті жоққа шығара алмайды. Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар. Біріншіден, бай адам өзінің дәулетіне сай, бала-шағасына нәпақа беруі міндеттелуде. Алайда, адамдардың барлығының жағдайы бірдей емес. Яғни, біреудің табысы орташа енді бірінің табысы аз мөлшерде болуы мүмкін. Алла тағала осы жағдайды ескеріп, табысы аз адам өзінің тапқанына қарай отбасын қамтамасыз етсін деп бұйыруда. Демек, әйел адам күйеуінің табысымен санасуы қажет. Оның қолынан келмейтін материалдық жағдайды талап етпеуі тиіс. Ер адамды қылмысқа итермелейтін факторлардың бірі – әйелдің қанағатсыздығы. Нәзік жандылар қалауына ерік беріп, ел кигенді кигісі келсе, ел ішкенді ішіп-жегісі келсе, күйеуінен осы­ларды талап етеді. Мұндай жағ­дай­да ер-азамат пара алуы, ұрлық жасауы немесе басқа да қылмысқа баруы бек мүмкін. Сол себепті, әйел адам бұл мәселеге жіті мән бергені жөн.

Аятта айтылған «нәпақаға» қандай материалдық мәселелер кіреді? Яғни, ер-азаматқа отбасын асырауда қандай міндеттемелер жүктеледі? Міндетті нәпақаға – ас-су, киім-кешек және баспана кіреді. Ас-су, азық-түліктің мөлшері мен сапасы күйеуінің әл-ауқатына қарай белгіленеді. Киім-кешек бір мезгіл киетін бастан-аяқ болуы керек. Ханафи мен Шафиғи мазһабтарында жұбайына 6 айда, балаларына 4 айда бір жаңа киім алып беріледі делінген. Үй-жайдың қандай болуы да күйеуінің қаржылық жағдайына байланысты. Сонымен қатар үйді жиһазбен жабдықтап, күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті заттармен қамтамасыз етуі тиіс.

Ер адам еңбекке жарамды болса, жұмыс жасап бала-шағасын асы­рауға міндетті. Егер одан бас тартса, онда оны жұмыс іс­теу­ге еріксіз мәжбүр етеді. Бала­ның әкесі болмаса немесе әкесі жұмысқа жарамсыз болса, онда баланы асырау әкесінің орнын басатын туыстардың біріне жүктеледі делінген «Әл-фәтауа әл-Һиндия» кітабында. Ер баласын балиғат жасына жеткенге дейін, ал қолында тұратын қызы қай жаста болса да және жұмысқа жарамайтын мүгедек ұл баласының жасы үлкен болса да әкесі оларды асырауға мін­дет­те­ле­ді. Бұл «нәпақа» міндеті, яғни, бала-шағасын асырау – отбасылы ер-азаматқа жүктелгені секілді ажырасқан ер-азаматтардан да талап етіледі.

Бірде Һинд Утбақызы Пайғам­ба­рымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Менің күйеуім Әбу Суфиян өте сараң адам. Маған да, бала-шағасына да жетерлік етіп нәпақа бермейді. Оның дүниесінен айтпай алсақ күнә бола ма?», – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Оның дүниесінен өзіңе және бала-шағаңа жететіндей етіп алуыңа болады», – деп жауап береді. Жоғарыдағы аят-хадис­тер ер кісінің отбасына нәпақа беруі «уәжіп» (міндет) екендігін делелдейді. Бүгінде осындай жа-уап­­­сыз әкелерді заңмен міндеттеп, өз балаларына алимент төлеуін талап етуде. Алайда, кейбір «пы­сы­қай» әкелер алиментті аз төлеу үшін табыстарын жасырып, аз етіп көрсетуге тырысуда. Мұсылман адамды сипаттағанда «Ол – қорқақ яки сараң болуы мүмкін. Бірақ мұсылман адам өтірікші болмайды» деп баға беріледі. Демек, өзінен туған балаларынан табысын жасыруы мұсылмандық сипатқа қайшы.

Ер адамдар Құрандағы «Ер­кек­тер әйелдерге басшы» деген аятты оқып алып, отбасында әр істе өзінің бір саты жоғары тұратындығын алға тартады. Алайда, көпшілігіміз аяттың жалғасына аса мән бере бер­мейміз. Шынтуайтында, ер­кек­­тің үстемдігі әйелді ұрып-соғуда яки әлімжеттік жасауын­да емес. Аяттың жалғасында еркек­тің үстемдігі – әйелге мәһр беруі мен отбасы нәпақасын табу сынды маңызды жауапкершілік арқа­лағанында деп толықтырады. Сол себепті, отбасылы немесе ажы­рас­қан ер-азаматтар жоғарыда айтыл­ған мәселелерге қатысты өз жауапкершілігін сезіне білуі тиіс.

 

Төлеби қажы ОСПАН

Ақтөбе облысының өкіл имамы