Руханият • 17 Қазан, 2019

«Көктем ауылының» ақсақалы еді

461 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Әбілфайыз Ыдырысов ағамыз өмір бойына журналистікпен, жазушылықпен айналысумен бірге ұзақ жылдар бойына алтын шаңырақ ҚазҰУ-да профессор болып, сабақ беріп, жұртқа танымал қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеп, қанат қақтырған, елімізге еңбегі сіңген білікті ұстаз еді ғой.

«Көктем ауылының» ақсақалы еді

Мен Әбекеңді сонау 1959 жылдан, студент кезімнен білетін едім. Ол кезде ол «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы. Редактор командировкаға кетіп, өзі қол қойған нөмірге бі­рін­ші курста оқитын менің «Бө­тен сөзбен былғанса сөз арасы» деген мақаламды жариялап, өзі­нің де, менің де басымыз дауға қалған-ды.

Осы жерде Әбекеңнің естелік-эссесінен кішкене үзінді келтіре кетудің жөні келіп тұр: «Ойымда дәнеңе жоқ. «Бүгінгі газет санын­да оқырманға бір тұшына оқи­тын материал ұсындым!» деп бөркім қара қазандай боп өзімше көте­ріңкі көңілмен отырғанмын.

Өйткені Болаттың жазғаны, шынында, оқырман оқырлық тәуір материал болатын. Ізденім­паз жас шәкірт үлкен жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Қара­ғанды» романы мен белгілі сыншы-жазушы Темірғали Нұр­тазиннің «Мұрат» атты повесін мұқият зерттеген де, сол шығар­маларында майталман қалам­герлердің ана тілімізде қолға ұстат­қандай баламалары бар: дәптер, мұнай, ас­хана, таразы, болат, тәулік, су құ­ламасы, жинау-құрастыру, кеңес, төбе, екілік деген сөздерді – тетрадь, нефть, столовая, гири, сталь, сутки, водопад, сбо­роч­ный, совещание, потолок, двой­ка деп орысша сөздермен қолданғанын орынды сынға алған болатын.

Сөйткенше болмады. Редак­тордың тура телефоны без ете түс­ті. Ар жақтан қатқыл әйел дау­сы:

– Бұл Дыхнов (сол кездегі Қазақстан Комсомолы Орталық Коми­тетінің бірінші хатшысы) жолдастың қабылдау бөлме­сінен... Редактормысыз?! – деді бұйрықты үнмен.

– Жоқ. Уақытша редактор мін­детін атқарушымын! Ыдырысов!

– А, онда... Ыдырысов жолдас, дереу, қазір бюро мәжілісіне кел!

Дереу жеттім, «кіші ЦК-ға». Екі ЦК да кімді де бюро мәжілісіне жайдан-жай шақырмайды. Біраз «ұйпалап» («на ковер») алу үшін шақырады. Мен де сол сазайды тарттым. «Ұлтшылдық сарынды уағыздауға дем беретін, саяси сауатсыз, редакторлықтың өзі түгіл, маңына жолатпайтын адам ретінде», жеке карточкама жа­зылған сөгіс алып шыға келдім. Маған саяси сауатсыздығым үшін сон­ша шүйліккен Дыхнов жолдас, мені сыбап-сыбап келіп:

– Ыдырысов жолдас, өзіңді ақтағың келсе, әрі біздің сені (қараңыз, мәдениетін – Ә.Ы.) жастар газетінде (атын атамайды – Ә. Ы.) одан әрі қызметте қал­дыруымыз үшін келесі нө­мірде қазақтың белгілі жазу­шылары: не Әуезовтің, не Мұқа­новтың, не Мүсіреповтің, тек осы үшеуінің бірінің ғана «жауап материалын» жариялауға міндеттеймін. Олардың қайсысы болса да «титтей ұлтшылды» же­ріне жеткізе әшкерелейтін болсын, жазған жауаптарында! – деп, столды тоқпақтай ұр­ды. – Бұл жауынгерлік тапсырманы орын­­­дамасаң, газеттен мүл­де қуы­­ласың. Сонан соң одан әрі бас­­пасөз маңында жүрмейтін бола­­сың!

– Николай Васильевич, Ыды­рысов жолдас ол жазушы­лардың жауап сөзін газеттің келесі санына жариялауға үлгере алмас, – деп осы арада сөзге Ажар Хакимовна араласты. – Өйткені ол кісілерді іздеуі, келісуі, жаздыруы керек қой. Газетте жариялайтын материалды жай әзірлеудің өзі үш тәулікке созылса керек. Соны ес­керсек! «Жауапты бір апта ішінде жарияласын!» деген қаулы етсек!

Өзім өткірлігі, әділдігі, білік­тілігі үшін қатты сыйлайтын, Ор­талық Комитеттің студент-оқу­шы жастар арасындағы жұмыс жөніндегі хатшысы Ибраева жолдас, газет жұмысынан мүлде хабарсыз бастығының білместігін осылайша «білдірмей» сәл «жөн­деп», жаны ашыған болуы керек, маған көмекке келді.

«Сөгіс» күнде болмаса да, екі күннің бірінде «жеп», етіміз үйренген жайымыз... Бірақ, екі нәрсеге қиналдым. Оның бірі: Дыхнов жолдастың «одан әрі бас­пасөз маңында жүрмейтін боласың!» – дегені. Олар қазір құдай да емес, құдайдан былай да емес қой! Дегенін істейді. Сонда қалаған мамандығымнан айрылмақпын ба?! Екіншісі: шәкірт Бодаубаевтың жайы. Оны Дыхнов «титтей ұлтшыл» деп, бюрода қайта-қайта айтты. Шәкіртке сол обал. Оны жанбай жатып, сөндіртпеу керек. Ал оның жолы, шынында, «шалдардың» біріне «жылы жұмсақ» «жауап» жаздырып, Болат баланы «былай аздап сынатып», бірақ «сылап-сипатып» «жоғары жақтың» гүрзісінен сақтап қалу!»

Осы жерде, осы айтылған сөздерден-ақ Әбілфайыз ағаның бойындағы өзіне ғана тән айрықша қасиеттерін: өмір бойы жан баласына қиянат жасап көрмеген ақ, адал көңілін, өз басын ғана ойлап қоймай, өзгелердің де жағдайларын, жай-күйлерін ойлай жүретін қамқор мінезін де байқауға болады. Бірақ Әбекеңнің ол естелік-эссесінде жаны жайсаң ағаның сол бір қысылтаяң кезде де өз басын арашалауды ғана ойлап қоймай, «бейкүнә шәкірт» менің де одан арғы келешек тағдырымды бір сәт те есінен шы­ғармағаны, алаңдағаны, сол тұстағы істеген әрекеттері егжей-тегжейлі, тартымды баян­далады. Заңғар жазушыларымыз Мұхтар Әуезовпен, Ғабит Мүсіреповпен араларында болған әңгімелерден заман лебі, ұлы тұлғаларымыздың адамгершілік болмыстары анық көрінеді. «Енді қайттім? Сәбең де мақала жазудан бас тарса не істемекпін?» деп қорқа-қорқа, жанына Сәбеңмен таныстығы, араластығы бар, редак­цияға жаңа­дан алынған жас ақын Әли Мұсахановты ертіп, Сәбеңнің сая­жайына барғаны, сондағы Сәбең мен ол кісінің жары Мәриям ше­шейдің оларды қазақы кең мінезбен қалай жайдары қарсы алғаны, газет туралы, мақала туралы, редакторлық туралы Сәбеңнің айтқан ойлы пікірлері, ең соңында: «Онда былай болсын: сүйіп оқитын газетім «Лениншіл жас» үшін, сендер, Бодаубаев екеуіңнің болашақтарыңа қиянат болмасы үшін Сәбит ағаларың тағы бір терін артық төгеді де! Менің де шұғыл жұмысым аз емес. Бірақ, сендерді арашаламасқа бола ма! Алдын ала айтып қояйын: газетке, Әбілфайыз, саған тиіспеймін. Өйткені осындай бір «төңкеріп» тастар бірдеңе баспаса «Лениншіл жас» бола ма?! Ал сен болсаң, уақытша болса да қол қойып отырған соң газеттің беделін өсіруге тырыстың (ал бұл біздің де бастан өткен). Бірақ, Болат шәкіртті, әке ретінде, біраз қамшы астына аламын. Әдетте, мықтап қорғаудың бір жолы – кінәліні мықтап тұрып шықпырту, сынның астына алу! Сонда сыналған енді жабылам дегендердің аяушы­лығына да ие болады. Онда Болат та «жас ұлтшыл» деп тағы­лар атақтан да аман қалады! Сон­дықтан ол бала менің сынымды – әкесінің еттен ғана өтетін шыбыртқысы деп білсін! Ал «енесі тепкен құлынның еті де ауыр­майтыны» белгілі! Міне, осы­­лай! Материалды «Бұл қай жа­­тырқау?!» деген тақырыппен ма­­­шин­каға бастыртып, ертең түс­ке дейін редакцияларыңа жет­кізіп берем!

Сәбең «шықпыртқан» Болат Бодаубаев, сол заңғар жазушының «тепкені» шипа болып, кейін белгілі қаламгерге айналды. Ол қазір республикамызға танымал публицист-жазушы!» – деп жазыпты Әбілфайыз ағамыз Жам­был облыстық «Ақ жол» газетінде 2017 жылдың 9 ақпаны күні «Студент Бодаубаевта жазық жоқ» деген атпен жарияланған естелік-эссесінде.

«Бұл қай жатырқау?» атты Сәбеңнің көлемі көлдей «жауап» материалын оқығанда көңіліме қорқыныш ұяламады десем жалған айтқандық болар еді. Бірақ, осы оқиға орын алған 1959 жыл – Хрущевтың уақытындағы, бұрынғы қатаң репрессиялардың тоңы біраз жібі­гендей болған, «жылымық кезең» еді ғой. Газеттер біраз шулап, КПСС Орталық Комите­тінің органы «Коммунист» журна­лының сол жылғы қыркүйек айындағы №13 санында да сын­ға ұшырағаныммен, оны респуб­ликалық «Казахстанская правда» және «Социалистік Қазақстан» көшіріп басқанымен (сол жыл­дардағы тәртіп қой), Әбіл­файыз аға айтқандай Сәбеңнің қам­шысының да шипасы тиді ме екен, оқудан шығарылмай, түрмеге де түспей, аман қалдым.

Сөйтіп, университеттің бірін­ші курсын бітірген кезден-ақ қамқорлығы мен шапағатын көр­ген Әбекеңмен одан кейінгі есейіп, елге танымал болған журналистік сапарымда, жауапты, тұтқалы қызметтер атқарған жылдарымда да рухани жақындығымыз бен ағалы-інілі сияқты сыйластық қарым-қатынасымыз үзілген жоқ, одан әрі жалғаса түсті. Тағы да Әбекеңнің «Қазақтың Қал­дашы» атты естелік-эссе-әп­сәнәсінен кішкене үзінді келті­рудің реті келіп тұр: «Ал бұл тарих – қызық тарих өзі. Біздер­дің: мені «ақсақалы» еткен Қалдаш (Қалдарбек Найманбаев), Шәкең (Шә­рібек Есмұрзаев), Бөкең (Бо­лат Бодаубаев), Нұрекең (Нұр­ғожа Жұбанов), Мәкең (Мәди Кереев), Жәкең (Жаңалық) және Ерекең (Ерік Сыздықов) сынды сайдың тасындай мүшелері бар «көктемдіктер» «Брежневтің кең заманында» құрылған-ды. Ол өз мүшелерін рухани жақтан өсі­румен, тәрбиелеумен, жанды байы­тумен айналысатын қауым еді.

«Көктемдіктердің» сол қауы­мының тұрақты асаба-прези­денті Қалдаш болды. Ол қауым міндетін сондайлық мәмілегерлікпен жүзеге асыртты. Қандай мәнді өмір кештіртті бізге!».

Осындағы Әбекеңнің «көк­тем­діктер» деп отырған, отбасы, бала-шағаларына дейін тығыз араласып, дәм-тұздары, көңілдері риясыз жарасып, бір-біріне қуаныш пен шаттық сыйлап, ақ-адал достық көңілдеріне қылау түсірмей, шат-шадыман ғұмыр кешкен, Алматыдағы журналистер мен жазушылар арасында «Көктем ауылы» атанып кеткен шоқ жұлдыздай осы қауымның қалай құрылып қалыптасқаны күні кешегідей есімде.

1971 жылы Алматыдағы бұ­рынғы Ленин, қазіргі «Достық» даңғылының бойындағы пар­тияның Орталық Комитеті сал­дырған бес қабатты, сол кез үшін жұрт қызығатындай, қабырғалары бетон мен плита емес, таза кір­піштен өрілген сәулетті үйдің құ­рылысы бітті. Сол үйден партия қызметкерлерімен бірге ауыздарының салымы бар кейбір журналистерге, жазушыларға, баспахана қызметкерлеріне де пәтерлер тиді. Үйдің нөмірі 107. Астыңғы бірінші қабаты тұтасымен нешетүрлі бұйымдар сатылатын «Көктем» деп аталатын әдемі дүкен. Әлгі «Көктем» деген сөз үйдің төбесінде де күндіз түрлі-түсті бояу­ларымен көз тартып, түнде от болып жанып, жарқырап, алыс­тан көрі­ніп тұрар еді. Сол үйден «жолымыз болып», жоғарыдағы Әбекеңнің эссесінде айтылғандай, қаламгер-баспагерлер Қалдарбек Найманбаевқа, Шәрібек Есмұр­заевқа, әйгілі фототілші Нұр­ғожа Жұбановқа, маған (ол кез­де «Лениншіл жас» газеті редак­торының орынбасарымын) пәтерлер тиді. Менің жұ­байым Хабиба ол уақытта Мәс­кеудің Плеханов атындағы инсти­тутының аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғап келіп, ҚазПИ-де сабақ беріп жүріп, үлкен ұлдан кейінгі екінші қызымыз Динаны дүниеге әкелген-ді. Қызымыздың қырқынан шығаратын тойына көршілерімізді жұбайларымен шақырдық. Ол тойымыздың қызықты, көңілді болғаны, көп отырып, рахаттана ішіп-жеп, көп күлгеніміз соншалық, бұрын да бір-бірімізге көңіліміз түзу ғой, арамызда енді шын мәніндегі жақындық, қимастық сезімі пайда болды. Қалдарбек, Нұрғожа, Шәрібек КазГУ-ді қатар оқып бітіргендіктен, өзара әзіл-қалжыңдары да ешқашан таусылмайтын. Тойды басынан аяғына дейін басқарып, қызықты өткізген Шәрібек тойдың соңына таман «енді осындай тамаша отырыстарымызды бұдан әрі де жалғастырайық. Мұның өзі жай ғана сөз болып қалмау үшін мен қазір қолыма қағаз аламын. Сөйтіп, қай үйден соң қай үйге баратынымыздың тізімін жасаймын. Осыған қарсылар бар ма?» – деп сұрады. Мәз-мейрам боп рахаттанып отырған көпшілік «жоқ!», «жоқ!» деп шуласты.

Келесі жолы Шәкең мен Нағима біздерге қосып КазГУ-де сабақ беретін Әбілфайыз ағамызды, өздерімен есікпе-есік көршісі, партия қызметкері Мәди Кереевті жұбайларымен бірге шақырыпты. Бұл жолғы тамадамыз Қалдарбек болды. Оның журналистік, жазушылық, ұйымдастырушылық, баспагерлік қабілеттерімен бірге жиын-той, дастархан басқару қабілеті де ғажап еді. Осы жолы жасының үлкендігін сыйлап, төрге отыр­ғызған Әбілфайыз аға мен Заря жеңгеміз отырыстың ажар-көркін, сән-салтанатын одан сайы­н арттырып жіберді. Екеуі кезек-кезек шырқаған Қыз Жібек пен Бекежанның ариясы опера театры әншілерінің орындауынан титтей де кем болып көрінген жоқ. Әбекең ағамыз Заря жеңгеміздің ажар-көркіне, бұлбұлдай сайраған үніне өмір бойы ғашық болып өтуі, кейін соны өзек етіп «Таңшолпан» атты роман жазуы тегіннен-тегін емес-ті.

Өзі бала жастан қиындықты көп көріп, әке-шешенің аялы алақанын білмей өссе де жең­геміз Заря екеуі жұптары, тату­­лықтары жарасқан, елге жұ­ғымды, дос-жаранға, ағайын-туысқа қадірлі, үлгілі-өнегелі отбасы болды. Осы шаңырақта тәр­бие алған Ерлан Ыдырысов ұзақ жылдар халқымыздың айтулы азаматтарының бірі болып, Ел­басының жанынан табылып, аса жауапты қызметтер атқарып, елімізге адалдықпен еңбек етіп келе жатқаны көңілімізге қуаныш ұялатады.

 

Болат БОДАУБАЙ