Кездесуге Мәжіліс депутаты Ж. Ахметбеков, қоғам қайраткері М. Әбенов, режиссер Е. Тұрсынов, саясаткер С. Нұрбек, «Team Qazagstan» жастар қозғалысының көшбасшысы А. Садырбай, «Қазақ үні» ЖШС президенті Қ. Иса және жұмыс тобының басқа да мүшелері қатысты.
Сонымен қатар талқылауға Үкіметтің әлеуметтік блок министрліктерінің басшылары – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д. Абаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева қатысты.
«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтудың берік көпірі болып саналады. Бүгінде бұл – бірлескен шешімдер қабылдауға, дамудың өзекті жолдарын іздестіруге бағытталған жаңа коммуникациялық алаң. Біз әлеуметтік-мәдени жаңғыртудың одан әрі маңызды аспектілерін талқылауға жиналдық», деді Б. Сапарбаев өз сөзінде.
Вице-премьер әлеуметтік-мәдени саладағы Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын қарау қорытындысы туралы жұмыс тобының мүшелеріне ақпарат берді. Соның ішінде, мемлекеттік органдар Мәдениет және спорт министрлігі жанынан мәдени саясат жөніндегі кеңесті құру, дарынды балаларды қолдау және алға тарту, мәдени туризмнің жаңа орындарын құру, педагог мәртебесін арттыру және басқа да ұсыныстарды қолдады.
Өз кезегінде Ұлттық кеңес мүшелері білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, мәдениет пен спорттың танымалдылығын арттыру, ЖОО-лар түлектерін еңбекке орналастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру проблемаларын шешу, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, тарихи отанына оралған қандастарға қолдау көрсету бойынша бірқатар ұсыныстар білдірді.
Кездесу барысында Үкімет пен Ұлттық кеңес мүшелері әлеуметтік-мәдени саланы жаңғырту, өткір әлеуметтік проблемаларды шешу бойынша өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесудің соңында Бердібек Сапарбаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне мазмұнды диалог өрбігені үшін алғыс білдірді.
«Бүгін сындарлы әрі ашық әңгіме болды деп ойлаймын, азаматтарымызды толғандыратын өзекті мәселелер қаралды. Сіздердің барлық ұсыныстарыңызды мемлекеттік органдар ескеретін болады. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру мен әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша алдағы уақытта да жемісті өзара ынтымақтастығымызды жалғастыратынымызға сенім білдіреміз», деп түйіндеді Б. Сапарбаев.