Қазақстан Республикасы Президентінің, оның Әкімшілігінің және Мемлекет басшысына тікелей бағынысты басқа да мемлекеттік органдардың қызметтерін архивтік қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындап келе жатқан Президент Архиві құрылғанына ширек ғасыр толған атаулы күнге орай «Қазіргі кезеңдегі архив ісі: мәселелер, тәжірибелер, инновациялар» атты II халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. II халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция архив ісінің жағдайы мен дамуы мәселелеріне арналды. Конференция өткізіп, өзара байланыс жасау жаңа идеяларды әзірлеуде, кәсіби тәжірибелер мен пікір алмасуда аса маңызды орын алатыны белгілі.
Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Н.Оңжанов конференция қатысушыларына арнайы құттықтау хатын жолдады. «Биылғы форум ел дамуының келелі кезеңдерін баяндайтын, баға жетпес бай мәдени және рухани мұраларға қол жеткізуге, ұрпақтар сабақтастығы мен уақыт бедерінің байланысын сезінуге мүмкіндік беретін құжаттың қайнаркөзі – Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құрылғанына 25 жыл толуына орайластырылып отыр. Мұндай маңызды мерейтой өз кәсібіне адал берілген және іске жауапкершілікпен қарайтын қызметкерлердің адал, ізденімпаз еңбегін атап өтудің жарқын көрінісі. Мемлекет тарапынан Қазақстан Республикасының ұлттық архив қорын толықтыру және архив саласын жетілдіруге бағытталған шараларға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Конференцияның құрылымдық бағытта өтетініне, ал айтылған идеялар мен кеңестер қатысушылар арасындағы кәсіби байланыстарды одан әрі нығайтуға және оларды жүзеге асырудың тәжірибелік шараларын әзірлеуге көмектесетініне сенемін» деген ол хатында.
17-18 қазанға жоспарланған халықаралық конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Польша, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінің архив ісіндегі жетекші сарапшылары мен тәжірибелі мамандары шақырылған. Тарихи мұраны насихаттау мақсатында Президент Архиві «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамдық маңызды іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Іс-шаралардың басым бөлігі отандық және шетелдік архивтермен, мәдениет ұйымдары, оқу орындары және тағы басқа мекемелермен бірлескен түрде ұйымдастырылады. Архивте шет мемлекеттердегі әріптестерінің қатысуымен шағын басқосулар, ғылыми мәні жоғары жиындар жиі өтеді. Қазақстандық әріптестерімен тұрақты әрі мығым байланыс орнатқан В. Пилецкий атындағы Тілектестік және батылдық институты «Шығыс архиві» ғылыми бағдарламасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Ежи Рогозински Қазақстанға жер аударылған поляк отбасысы Яблонскийлерді ажалдан аман алып қалған мақтаралдық қария Тасыбай Әбдікәрімовке Польшаның Алғыс орденін табыстауға ұйытқы болғаны мәлім. Ал оның жерлесі, Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейінің ғылыми қызметкері Дмитрий Панто болса «Поляктар мен Польша азаматтарының Қазақстанға жер аударылуы. Қазақстан Республикасы Президент Архивінің құжаттары бойынша» атты кітап жариялаған еді. Кітап жақында ғана поляк тілінде жарық көрді. Қазір ол Президент Архиві деректері негізінде жазылатын екінші кітабын жазу жұмысын бастап кетті.
Президент Архивінде Қазақстанның ХХ–ХХІ ғасырдағы саяси тарихының құжаттары сақталған. 2019 жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша архив қоры 810 мыңнан астам сақтау бірлігін құрап отыр.
Архив Ел Президентіне тікелей бағынысты мемлекеттік органдардың, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымына енетін ұлттық мәдени орталықтардың құжаттарын жинақтайды.
Архив IT-технологияларды қолдану саласындағы отандық жетекші архив мекемелерінің бірі болып табылады. Архивте 80 мыңға жуық істердің цифрлық форматқа өткізілген архив құжаттары еліміздегі пайдалану қорының ең көлемдісі болып табылатын бөліктен тұратын Электрондық архив қызмет етеді, қор жыл сайын цифрлық форматқа көшірілген 25 мың сақтау бірлігімен толықтырылып отырады.
Осы уақыт аралығында Архивтің оқырман залында отандық және шетелдік 7 мыңнан астам ғалым-зерттеушілер іздестіру жұмыстарымен айналысты. Аталған жылдар көлемінде 150-ден астам әдістемелік құралдар, жадуалдар дайындалды. Ведомстволық архив және іс жүргізу қызметінің қызметкерлеріне арналған 170 семинар-кеңес, іскерлік ойындар, шеберлік сабақтары және кәсіби тренингтердің басқа да түрлері өткізілді.
Конференцияда әлемдік архив ғылымының жетістіктері және экономика мен қоғамның жеделдетілген технологиялық жаңғыруының тәжірибелерін, тиімді ақпараттық іздеуді ұйымдастыруды, ақпараттық ресурстарды іріктеу, сканерлеу, каталогтау, архивтік мәліметтер базасына қолжетімділік және тағы да басқа өзекті мәселелерді қарастыру, сонымен қатар архив ісінің жағдайы мен даму келешегі талқылануда. Басты назар архивтердегі цифрлық ресурстарды интеграциялау жағдайы мен болашағына, біртұтас ақпараттық кеңістіктің бөлшегі ретінде ақпараттық архивтік ортаны құруға аударылып отыр.
Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, дипломатиялық корпус өкілдері, Қазақстандағы мемлекеттік архив мекемелерінің басшылары қатысуда.
АЛМАТЫ