Аймақтар • 18 Қазан, 2019

Сананың жаңғыруы дамуды тура жолға бағыттайды

203 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Семинар-тренинг Еуразия интеграциялық институты мен облыстық ішкі саясат басқар­масының ұйымдастыруы­мен өтті. Оған университеттер ға­лым­дары мен жергілікті зиялы қауым өкілдері, қоғамдық пікір белсенділері мен саяси парти­ялар филиалдарының жетек­шілері қатысты.

Сананың жаңғыруы дамуды тура жолға бағыттайды

Еуразиялық интеграция инс­­ти­ту­ты­ның директоры, Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің мүшесі, саяси ғылым­­дар кандидаты Ерлан Са­йыров және Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия­ ұлт­тық универ­ситетінің қазіргі за­ман­ғы зерт­­теулер институтының ди­рек­торы, саясаттану ғы­лым­дары­ның док­торы Мұ­хит Сы­дық­назаров Қазақ­стан­ның Тұң­ғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» және «Ұлы даланың жеті қы­ры» ат­ты бағдарламалық мақа­ла­лары және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың Қазақстан халқына жол­даған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Жолдауын­да айтылған бүгінгі күн мәселелері төңірегінде әңгімеледі.

– Президент Жолдауының алғашқы жолдарының бірінде «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл біздің ұстанатын басты қағидамыз» деп айтыла­ды. Қоғам­да өмір сүріп отыр­­ған адам саясаттан тыс тұра ал­май­­ды. Біз қазір жаңа қоғам­дық-саяси кеңістікте өмір сүріп отырмыз. Қоғамда әркім­нің даусы естілуі, өз пікі­рін айтуы, тыңдатуы тиіс. Ара-тұра өтіп жатқан ми­тин­гі­лер де соның көрінісі. Қоғам­ды саяси жаңғырту үшін Қо­ғам­дық сенім ұлттық ке­ңесі ая­сында митингі туралы жаңа заң жобасы дайын­далу үстінде және жыл ая­ғына дейін бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар да енгізіледі, – деді Ерлан Баях­­мет­ұлы. Аудиториямен әң­гі­­месін осылай бастаған ға­лым, алдымен қоғамдық са­на­ның жаңғыруы қажеттігін және адамдардың уақыт өзге­р­іс­теріне бейімделуі және дайын болуы керектігін алға тартты.

– Әлем бастан кешіп отыр­­ған қиын­дықтар мен өз­геріс­терден Қазақстан да сырт қалып отырған жоқ. Өйт­кені біздің еліміз сол әлем­нің бір бөлшегі. Біріккен Ұлт­тар Ұйымының мәліметі бо­йын­­ша, әлем халқының бір пайы­­зы бүкіл жер бетіндегі бай­лық­тың 80 па­­йызын иемде­неді. Мұндай тең­сіз­­діктен ешқандай ел құралақан емес. Біздің елімізде де халықтың 19 пайызы ке­дей­лік шегінде өмір сүреді. Жүрек-қан тамырлары, обыр, жүйке ауру­лары – әлеуметтік аурулар бо­лып та­бы­­лады. Балалар ара­сын­да өзіне қол жұмсаудан Қа­зақ­станның алдың­ғы қатар­дан көрінуі де ойлантады. Ты­ғы­рықтан жол табу үшін бар­лы­ғын мемлекеттің мойнына асып қо­йып отыру ендігі жерде жарамайды. Мемлекет адамдардан тұрады. Сон­дықтан осы елде тұратын әр аза­мат уақыт өзгерістеріне дайын болуы тиіс, – деді Ерлан Сайыров. Спикер тың­дау­шыларға бұл жөнінде бүгінгі күн­нің өзекті мәселелерінен мысалдар келтірді.

Кез келген ел үшін басты байлық – адам капиталы. Онда да оқыған, білімді, дені сау ұрпақ, мамандар адам капиталы болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстанда мектеп бітірген 35 мың түлек жоғары және арнаулы орта оқу орындарына құжат тапсырмайды. Демек, олардың барлығы да мамандық ала алмайды. Сонда ертең олар кім болмақ? Қазіргі цифрланып бара жатқан, не бір үздік технологиялар заманы талабына сәйкес, бұ­рынғыдай тек құрық ұстағанның барлығы отар-отар қой, үйірлеп жыл­қы өсіре алмайды. Спикер мойны озық елдердің экономикасынан мысал келтірді. Жер көлемі Қазақстанның кез келген облысының бір ауданындай ғана болатын Израиль жыл сайын сыртқа 6 миллиард доллардың ауыл шаруашылығы өні­мін шыға­рады екен. Ал Қазақ­стан­ның осы саладағы экспорты мұнан әлдеқайда аз.

Мұхит Сыдықназаров Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ла­ларында айтылған мәселелер және олардың жүзеге асуы туралы тартымды әңгімеледі.

– «Туған жер» бағдар­ламасы өлке­танудың ғана ісі емес. Мұның ар жағында елімізді саяси, экономика­лық, әлеу­меттік жаңғырту­дың өзекті мәсе­ле­лері тұр. Бағдарлама өңірлерд­егі ішкі туризмді дамытудың, инвести­ция тартудың көрігіне айналуы тиіс, қала мен даланы бірдей дамытуы­мыз қажет. Алматы мен Нұр-Сұлтан сияқ­ты орталық қалалар адам капита­лын шаңсорғышса тартып ала берсе, өңірлер қалай дамиды? Егер өңір­лерде инфрақұрылым болса, жағ­дай жасалса шетелден оқу бітіріп келген талантты жастар туған жерін­­де қалып, оны неге түлетпеске? Осы­ған қол жеткізуіміз керек, – деді Мұхит Сыдықназаров. Сонымен қатар Ө.Сұл­тан­ғазин атындағы Қоста­най мемлекеттік педагогикалық универ­си­­т­еті Қазақстан халқы Ассамблея­сы кафед­расы­ның профессоры Ва­лерий Вишниченко, А.Бай­тұрсынов атын­дағы университет оқытушысы, фи­лоло­гия ғылымдарының докторы Ал­мас­бек Әбсадықов ұлт­тық құнды­лықтар туралы ой қозғады.

Уақыт бір орнында тұр­майды. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, қоғам да, мемлекет те даму үстінде болады. Мемлекет өздігінен дамымайды. Адам қолымен, ақылымен ғажап дүниелер жасалып жатады. Дамуға ыңғайланғанмен, халықтың тарихи, ұлттық тамыры үзілсе өркениет адасады деген қағиданы семинар-тренингке қатысқан тыңдаушылардың барлығы да ой таразысынан өткізгендей болды.

 

ҚОСТАНАЙ