Қазақстан • 18 Қазан, 2019

Алматы еліміздің мәдени орталығы

546 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалық етуімен келер жылы Абайдың 175 жылдығына, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Алтын Орданың 7 жылдығына арналған шараларды дайындау және өткізу бойынша кеңес өтті. Кеңеске ғалым-тарихшылар мен философтар, өнер, кино, театр қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері, ведомстволық бағынышты ұйымдардың басшылары қатысты»  деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы еліміздің мәдени орталығы

2020 жылы ел ауқымында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы аталады, сонымен қатар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу бойынша бірқатар шаралар өтеді.

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Алтын Орда тақырыбында 4-ақ ғалым қорғапты. Совет өкіметі тұсында бұл тақырыпты дендеп зерттеген Бекмахановтар қудаланды. Қаныш  Сәтбаевтартың да осы тақырып үшін қудалауға ұшырағаны аз ортаға ғана белгілі.   Біздің жоғары оқу орындары жыл сайын жүздеген тарихшы мен шығыстанушы шығарады, алайда олардың ешқайсысы Жошы ұлысына қатысты тақырыптарды терең зерттеуге барған емес. Себебі тақырыптар қол жетімді емес. Алтын орда ауылы қазақ тарихынан алыс тұрады деген ой осы күнге дейін басым болып келді.

Сол себепті «Алтын Орданың мерейтойын тойлау қазақ үшін маңызды ма?» деген сұрақтар жиі болмаса да айтылып қалады. Егер құжаттық дәлел сұрасаңыз, мінекейіңіз: «Қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды» деп Шоқан Уәлиханов естеліктерінде жазыпты. Демек,  Алтын Орданың заңды мұрагеріміз деген ұғым бүгін пайда болған жоқ. Бұл ұғым,  Шоқанның тұсында-ақ аталарымызға белгілі болған.  

Айта кетерлігі, бұл мерейтойлық шаралардың барлығы ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық деңгейде ұлықталатын болады.

«Алматы еліміздің мәдени орталығы ретінде жалпы республикалық шараларды өткізудің негізгі ошағы болуы тиіс», - деді Е. Бабақұмаров.

Халықаралық конференциялар, көрмелер мен «дөңгелек үстелдер» өткізу бойынша осынау мерейтойлық күндерді мерекелеудің жалпы қалалық шаралары жоспарларының жобалары әзірленді.

Жиын барысында әр жоспар бойынша ұсыныстар мен толықтырулар енгізілді.

«Белгіленген тарихи күндерді мерекелеу – халықтың тарихи сана-сезімін тереңдетуге және жаһандық форматта еліміздің рухани мәдениетін жан-жақты алға жылжытуға бағытталған тәуелсіз Қазақстанның жаңаша тарихындағы маңызды оқиғалар»,  деп атап өтті Алматы әкімінің орынбасары.

Кеңестің қорытындысы бойынша Мәдениет басқармасына барлық ұсыныстарды қарап шығу және мерейтойлық күндерді мерекелеу жөніндегі түпкі жоспарға енгізу тапсырылды.