Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді, Түркия Елшісі Невзат Уянык, Әзербайжан Елшісі Рашад Мамедов, Қырғызстан елшісі Жээнбек Кулубаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Бақытжан Ертаев, Сауытбек Абдрахманов, Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әкім Тарази, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас муфти Серікбай қажы Ораз, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, бірқатар БАҚ басшылары қатысты.
Айта кету керек, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған тапсырмаларды айқындай түсетін аталған екі басылым да түркология саласына қосылған бағалы еңбектер саналады.
Атап айтқанда, «Қорқыт ата кітабының» Мырзатай Жолдасбековтың Гүлім Шәдиевамен бірлесіп жасаған аудармасында әйгілі тарихи шығарма Дрезден нұсқасы бойынша тұңғыш рет қазақ тіліне толық аударылып, транскрипциясы мен сөздігі қоса ұсынылып отыр.
Ал автордың Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп шығарған «Ұлы Дала әдебиеті» монографиясында көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты зерттеулерімен қоса, қазақ ауыз әдебиетінің бірқатар мұралары туралы еңбектері қамтылған.
Тұсаукесер шарасына қатысушылар аталған екі кітап жөнінде ойларымен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды.