Қоғам • 21 Қазан, 2019

Жаңа әлеуметтік көмек:Ой. Пікір. Ұсыныс

137 реткөрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған жаңа заң жобасына сәйкес келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындаудың тәртібі өзгереді. Әлеуметтік жағдайына қарамастан барлық көп балалы отбасыларға жәрдемақы беріліп, тұрмысы төмен көп балалы отбасындағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама қарастырылады. Қоғамда әлеуметтік қолдаудың жаңа түрі туралы айтылып жатқан пікірлер – әртүрлі. Оның қандай артықшылықтары мен олқылықтары бар? Осы сауал төңірегінде бірнеше маманмен сөйлестік.

Ең төменгі күнкөріс деңгейін көтеру керек

Биыл 1 сәуірден бастап ең­бек­ке жарамды азаматы жоқ отба­сылардың құжаты бір жылда бір-ақ рет қаралып, олар­ға АӘК-тің шартсыз түрі таға­йын­далса, жұмысқа  жарамды, уақытша жұмыссыз жандар­дың құжаты жарты жыл сайын тек­серіліп, оларға шартты АӘК көр­сетіліп келді. Ал келесі жылдан бастап АӘК тоқсан сайын тыңнан тағайындалып отырады. Мамандардың айтуын­ша, бір шаңырақта үш айда  көптеген өзгеріс болады. Сондықтан бұл оңай олжаға кенелгісі келген­дердің жолын кеседі.

Биыл ең төменгі күнкөріс дең­гейі 29 698 теңге болып бел­гіленіп, адам басына шаққандағы отбасы кірісі оның 70 пайызынан аз (20 789 теңге) болған жағдайда АӘК тағайындалды. Экономист Мақсат Халық ең тө­менгі күнкөріс деңгейін белгілі бір деңгейде көтеру керек деген пікірді айтады.

«Бұл үнемдеп жұмсайтын болса, бір адам айына 30 мың теңгеге өмір сүре алады деген қағида ғой. Өткен жылдары ең төмен жалақының өзі 30 мың теңге шамасында болды. Биыл 42 мың теңгеге көтерді. Ең төменгі күнкөріс шегі сол күйінде қалып отыр. Негізінде оның көлемі Ұлттық экономика министрлігі мен Тағамтану академиясы бірлесіп жасайтын тұтынушылық себетке байланысты белгіленеді.

Қазақстанның тұтынушылық себетіне негізінен күнделікті тұтынатын тағамның түрлері ғана енгізілген. Былтыр оның тізімінде 42 тауар болса, биыл 50 тауарға артты. Ал көрші Ресейде тұтынушылық себеттің ішіне канцелярлық тауарлар, дәрі-дәрмектер, тұрмыстық химия кіреді. Бізде бұл енбеген. Ал Еуропада тұтынушылық себет 250 тауардан 400 тауарға дейін жетеді. Олар қызмет түрлеріне кететін шығынды да қосады. Сондықтан тұтынушылық себетті қайта қарау  керек. БҰҰ бекіткен стандарт бойынша ең кедей кісілер күніне 5 долларға өмір сүреді. Бізде одан да төмен болып тұрған жоқ па?! Бүгінде елімізде кедейшілік деңгейінің шегі 4,3 пайыз ғана. Ең төменгі күнкөріс шегін көтерсе бұл артады. Сөйтіп Қазақстанның әлемдегі рейтингі түсіп кетуі мүмкін.

2015 жылдан бері қарай халықтың жағдайының нашарлағанын байқауға болады. Нақты табыс өткен жылы ғана 3 пайызға өсті. Мысалы, Алматыда салынып жатқан ролтон зауыты халықтың макарон өнімдеріне деген сұранысының артқанын көрсетсе, Magnum сияқты үлкен супермаркеттер желісінде азық-түліктің бөліп төлеуге берілуі халықтың табысы азық-түлік шығынының өзіне жетпей отырғанын аңғартады. Орта жағдайдағы халықтың күйі осындай болса, әлеуметтік осал топтардың жағдайы тіпті нашар деген сөз», дейді ол.

Алайда экономист ең төменгі күнкөріс деңгейін тым көтеруге де болмайтынын, өйткені бұл айлық есептік көрсеткіштің артуына әкеп соғатынын айтады. «Ең төменгі күнкөріс шегі көбейсе, айлық есептік көрсеткіштің көлемі де артады. Салықтар мен айыппұлдар және басқа да төлемдердің айлық есептік көрсеткіштің көлемімен төленетінін ескерсек, бұл керісінше халықтың мойнына қайтадан артық жүкті жүктейді. Сондықтан ең төменгі күнкөріс деңгейін осыларды ерекше ескере отырып қайта белгілеген жөн. Сонымен қатар мемлекет нақты жалақыны жоғарылату керек және жұмыссыздарды жұмыспен қамтуы тиіс», дейді М.Халық.

Әрине ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. АӘК тұрмысы төмен отбасыларға ақшалай беріліп қана қоймай, жеке ісін бастауға, оқытуға, жұмысқа орналасуға қолдау арқылы да көрсетіледі. Сондықтан да Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «атаулы әлеуметтік көмек – уақытша қолдау» деген болатын. Соған қарамастан жергілікті жерлерде көптеген кедергілердің бары байқалады.

Тоқыма мектебін ашып, көп балалы аналарды жұмыспен қамтығысы келетін елордалық Назгүл Баймағанбетова жақында мемлекеттік грант алған. Бірақ орынның болмауы алған қаражатын кәдеге жаратуға қолбайлау болып отырған көрінеді. «Мектеп ашу үшін орын керек. Ал жалға берілетін орындар жұмысын грант алып бастап жатқан адам үшін өте қымбат. Әкімдікке өтініш жазсам, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға жіберді. Олардың берген орындарына тыңнан жөндеу жұмыстары керек. Осындай лажсыз жағдайда жүрмін. Гранттар көп. Бірақ грантты беріп қана қоймай, тиісті органдар аяғымыздан тік тұрып кеткенше қолдау көрсетіп, бір жылдай жетектесе дұрыс болар еді. Бастаған жұмысын жалғастырып, өнімін базарға өткізе алмай жүрген қаншама адам бар. Сондай-ақ көп балалы аналарға толық күн тәртібімен жұмыс істеу қиын. Сонымен қатар жарты күндік жұмыс орындары көптеп ашылса өте қолайлы болар еді. Ал бізде ондай жұмыс орындары жоқ. Болған күннің өзінде еңбекақысы тағы мардымсыз болары сөзсіз», дейді «Қазақстан мүгедектері мен әйелдерді қолдау қоры «Alga» қоғамдық қорының құрылтайшысы Назгүл Баймағанбетова.

Жәрдемақының жаңа түрі жеткілікті ме?

Жаңа жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы, күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студенттері бар барлық көп балалы отбасыларға табысына қарамастан төленбек. Нақтырақ айтқанда, 4 баласы бар отбасы 42 мың 500 теңге, 5 баласы бар шаңырақ 53 мың 100 теңге, 6 баласы барларға 63 мың 700 теңге берілсе, 7 және одан көп баласы барларға 73 мың 300 теңге жәрдемақы тағайындалады. Яғни әр бала орта есеппен 10-11 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Министрліктің мәліметінше, бүгінде елімізде 1 жарым млн баласы бар 343 мың көп балалы отбасы бар екен. Соның ішінде үш баласы барлар – 27%, 4 балалы отбасылар – 61%, бес баласы бар отбасылар – 9% болса, 7 және одан көп баласы барлар 3%-ды құрайды.

Халықаралық зерттеулердің нәтижесіне қарағанда жаңа туған нәресте отбасындағы экономикалық ауыртпашылықты 25 пайызға арттырады екен. Бұдан «әр бала өз несібесімен туады» десек те, нарықтық заманда олардың отбасы бюджетіне түсіретін салмағы әжептәуір екенін аңғарамыз. Сондықтан да болар, кей ата-ана жәрдемақының бұл түрінің тек көп балалы отбасыларға ғана берілгенін дұрыс емес деп есептейді. «Жаңа жәрдемақының мөлшері тым мардымсыз. Өйткені ай сайын бір балаға кететін шығын 56-60 мың теңгеден асады. Үлкен қалада аз кіріспен бір баланың өзін асырау оңайға соқпайды», дейді үш баланың анасы Назгүл Баймағанбетова.

Ал Стратегиялық бастамалар орталығының жобалар бойынша директоры Бақытжан Сәркеев көп балалы отбасын қолдау біздің басым саясатымыз болу керек дегенді алға тартады. Оның айтуынша, бұл демографияға оң ықпал етеді, болашақта экономика үшін де тиімді болады. 

Тұңғыш Президент жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы, әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев болса кез келген әлеуметтік көмекті тиімді жұмсалған қаражат деп санайды. «Соңғы уақытта мемлекеттің бюджетіне қатты салмақ түсті, халықты масылдыққа үйретіп алатын болдық деген секілді пікірлер айтылып жүр. Бұған келіспеймін. Себебі, халықтың табысы неден құралатыны жөнінде статистикалық ақпаратқа қарасақ, бізде әлеуметтік төлемдер алатын халықтың үлесі өте аз. Яғни көпшілігі жұмыс істеп, өз күштерімен табыс табады. Сондықтан халықты масыл деуге негіз жоқ. Әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қарастырғанда, осы уақытқа дейінгі бюджеттің шығындарын қарасақ өте қомақты ақша банктерді қолдауға, имидждік іс-шараларды ұйымдастыруға кетті. Ал халықты әлеуметтік қолдауға соңғы кезде ғана бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отыр. Егер салыстырмалы түрде айтатын болсақ мұны әлдеқайда тиімді жұмсалған қаражат деп ойлаймын. Өйткені бұл ең алдымен біздің адами капиталымызға салынып жатқан инвестиция, әлеуметтік көмекке жұмсалған қаржы далаға кетпейді. Бұл алғашқы кезекте әр адамның өзінің жағдайын жақсартуға жұмсалады», дейді ол.

Әлеуметтік топтама сапаға сай болуы тиіс

Жаңа заң жобасына сай аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілмек. Яғни 6 жасқа дейінгі балаларға тамақ, гигиена заттары тегін берілсе, 6-18 жас аралығындағы балаларға мектептегі ыстық тамақ, мектеп жолақысы, мектеп формасы және оқу құрал-жабдықтары тегін болады. Мұндай көмек бұған дейін де жүзеге асырылып келді. Мысалы, осы жылы Нұр-Сұлтан қаласында аз қамтылған отбасыларға мектеп формасын сатып алуға сертификаттар берілгенін, жолақыға қаржы қарастырылғанын білеміз. Демек, бұл алдағы уақытта мемлекет деңгейінде қолға алынбақ.

Дегенмен көмектің бұл түрі әр аймақтың ерекшелігіне қарай көрсетіліп, қатаң қадағалауда болғаны дұрыс. Әлеуметтанушы Серік Бейсенбаевтың пікірі де дәл осыған саяды. «Бұл оң бастама. Бірақ бізде науқаншылдық деген бар. Яғни бөлінген қаражат пен оның халыққа тигізетін көмегінің арасында жер мен көктей айырмашылық болып жатады. Көмек сапасыз киім тарату, зәру жандарға сұранысқа сай емес бұйымдарды беру сияқты жолдармен көрсетілмеуі тиіс. Меніңше, әр аймақ өзіне лайық пакет топтамасын жасақтауы керек сияқты. Мысалы, мектеп формасын жаппай емес, әр аймақтың ерекшелігіне қарай отырып дайындау керек. Ол үшін ата-аналардың және мектептің талабы ескерілгені дұрыс деп есептеймін», дейді ол. Ал экономист Мақсат Халық көмек сапаға сай болуы үшін орталықтан таратылуы немесе электронды форматта көрсетілуі тиіс дегенді айтады. Оның ойынша, бұл тәсіл бір жағынан ақпараттық ашықтыққа қол жеткізуге және бөлінген қаражатты шып-шырғасын шығармай игеруге мүмкіндік береді.

 

Соңғы жаңалықтар

Күлкі керуені № 20

Руханият • Бүгін, 12:38

Тәулігіне 15-16 тонна сүт алынады

Аймақтар • Бүгін, 09:20

Халің қалай, Қостанай?

Аймақтар • Бүгін, 08:34

Субсидияның жаңа талаптары

Экономика • Бүгін, 08:29

«Йокериттен» жеңілді

Хоккей • Бүгін, 08:15

Қазақстан төртінші топта

Футбол • Бүгін, 08:13

Педагогтерге пайдалы шара

Руханият • Бүгін, 08:09

Адалдық ешкімді алдамайды

Қоғам • Бүгін, 08:06

Мешітті салғанымен, қарамайды

Аймақтар • Бүгін, 07:57

Қолдау жұмыстары жалғасады

Қоғам • Бүгін, 07:54

Онлайн-оқырман

Технология • Бүгін, 07:52

Су басу қаупі жоқ

Қоғам • Бүгін, 07:40

Баспаналы болып, бақытқа бөленді

Бағдарламалар • Бүгін, 07:32

Әбіштанудың әз әліпбиі

Руханият • Бүгін, 07:20

Ажырамас дүниенің адамы...

Руханият • Бүгін, 07:17

Ұқсас жаңалықтар