Жолдауда мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі туралы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп атап көрсетті.
Тіл – мемлекеттің тірегі. Ел тұтастығының беріктігі мен халықтардың бірлігі санадағы ойдың ортақтығымен астасып жатады. Ортақ пікірдің бір тілде – мемлекеттік тілде жарыққа шығуы сол елде өмір сүріп жатқан түрлі халықтардың бірлігін айқындайды. Тіл – ұлттарды біріктірудің құралы. Бұл жөнінде «Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп нақты жазылған. Тіліне мемлекеттік тіл деп мәртебе беріп заңды рәсімдеген мемлекеттерде азаматтар ешқандай ұлтына қарамай мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп, ресми құжаттары мен жиындарын мемлекеттік тілде жүргізеді. Қазақ тілінің де қолдану аясын кеңейту, бай лексикалық қорын пайдалану, ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру практикасы биліктен басталуы тиіс. Дамыған мемлекеттердің тіл саясатын мемлекеттік деңгейге шығару үрдісін (процесс) біздің елімізде де жалғастыру мүмкіндігі туып отыр. Оны іске асырушы жастар дайын. Президенттің «Жастардан құралған кадрлық резервті даярлау» жобасымен мемлекеттік қызметке келетін жастардың көбісі қазақ тілін игергендер болуы заңды нәрсе.
Себебі жылдан-жылға елімізде қазақ мектептерін бітірушілер саны артуда. Әлеуметтік желілерде қазақ тілді оқырмандардың көбею фактісі де айқындалуда. Халықтың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруды одан әрі жақсарту үшін мемлекеттік, жергілікті, өкілді және атқарушы органдардағы тіл басқармалары барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті ұйымдастырушылық іс-шараларды тоқтатпау керек. Әкімшіліктегі әрбір жиындар мен өтетін іс-шараларда қазақ тілінің еркін қолдануы үшін мүмкіндік жасап, идеялардың бір тілдің негізіне бірігуіне жағдай жасағаны дұрыс. Тіл үйрететін орталықтар мен түрлі үйірмелер, этностық орталықтар мемлекеттік тілді үйрететін оқу-әдістемелік құралдардың жарыққа шығуына мүмкіндік жасауы керек. Отбасындағы әрбір азамат баласының бойына «мемлекеттің тірегі – оның тілінде» ұғымын қалыптастыруға атсалысқаны жақсы болар еді.
Жазира АҒАБЕКҚЫЗЫ,
Назарбаев Университеттің ассистент профессоры