Ең қысқа әңгіме • 21 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Төреғали Тәшенов

1389 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Ең қысқа әңгіме. Төреғали Тәшенов

                                Іштен шыққан шұбар жылан...

Бұл оқиға Қаратау баурайындағы Шіркейлі деген жерде болған көрінеді. Шіліңгір шілденің ыстығында қой жайып, аңқасы кеуіп, қатты қаталаған Қасен деген қойшы отарын жарқабақтың астына иіріп тастап, өзі түбінде демалып отырыпты. Жақын маңда су жоқ, торсықтағы шалап та біткен, шөл қысып, қалжыраған ол қисайып жатып, қалғып кетеді.

Сонан аузын аңқайта ашып ұйықтайтын әдетімен ұзақ қорылға басыпты. Сол қалпында  түс көріпті. Түсінде әлдекім аузына тосқан мұздай суды мейірлене жұтып жіберген ол, өңешін қапқан тастай суықтан шошып оянса, күн еңкейіп, қойлары өріске ұзай бастаған екен.            Сәлден соң қаңтарулы атына мініп, желе шоқытып қой қайыруға көшкен Қасен қарнының қатты ашқанын сезіп, мазасыздана бастайды. Асқазаны біртүрлі бүріп, қарадай жаланып бара жатқан соң, малын асығыс ауылға беттетіпті.

Сол күні қойшы қанша тамақ жесе де тоймай қояды. Байының кенеттен келген ашқарақтығынан шындап шошынған әйелі ақыры алыс ауылдан Кәдірбай тәуіпті алдыруға мәжбүр бопты. Тәуіп шал  мән-жайға қаныққан соң:

«Балам, өз аузыңмен ауруыңның мәнісін айтшы» дейді. «Ештеңе білмеймін, әйтеуір далада ұйықтап қалып, түсімде мұздай суды төңкере ішіп жатқаным есімде, сонан бері кеселді болдым" деген малшыға: «Е, ұқтым, болды!» дейді тәуіп.

Ертемен ем-домына кірісіп кеткен Кәдірбай тәуіп алдымен қой етінің қоңды жерінен мол етіп қуыртып, оған қос уыстап қара тікен тұзды аямай салдыртады. Таңертеңнен нәр сыздырмай аштан бұралтып қойған малшыны алдырып, ащы қуырдақты алдына тартады. Тегене толы тұзы бетіне шыққан етті кезекпе-кезек екі ұртына толғап бітірген кезде ғана қатты шөл қысқанын сезген оның: «Сусын!» деуі мұң екен, шал қасындағы еңгезердей екі кісіге ым қағады. Олар әп-сәтте қойшының қол-аяғын буып-матап, шілденің шақырайған күні діңгекке байлап, отырғызып қояды.

Көп ұзамай тілі аузына сыймай тыпыршыған қойшының жан даусы шыға бастайды. Сол кезде тәуіп шал шеген құдықтан тастай су алдыртып, оны шелегімен мөлдіретіп әлгінің алдына қояды да: «Осыған қара да отыр» дейді. Шелектегі суды алып ішейін десе қол-аяғы байлаулы, еңкейіп ішуге ерні жетер жерде емес, амал жоқ, телміріп, тесіле қарап отыруына тура келеді. Қанша жерден жалынып-жалбарынса да таңдайына тамшы су татырмайды.

«Шіркін-ай, бір жұтым су ішсем» деп шелектегі суға емініп түсіп кетердей отырған малшының кенеттен жұтқыншағы жыбырлап қоя береді. Аузын ашуы мұң екен, атып шыққан ұзындығы бір құлаш алашұбар жылан шелектегі суға шолп беріпті.

Жұрт іштегі жыланды жармай-соқпай түсірген Кәдірбай тәуіптің еміне қайран қалысып, жағаларын ұстаған көрінеді.

                   Бура мен батырдың айқасы

ХХ ғасырдың басында Қаратау бойындағы Кең Қорық деген жерді жайлаған Беркінбай атты байдың адамға шабатын ашулы ақ бас бурасы туралы ел аузында аңызға бергісіз әңгіме сақталған. Оны құйма құлақ қарттар бізге былайша баяндар еді:

Қаңтарда қайыстай қатып жараған сол ақ бас қара бура қырық күн «қысқы шілдеде» не сынық шөп тістемей, не жұтым су жұтпай, күнді түнге, түнді күнге қосып, қырық інгенді қатар қойып қайытады екен. Жылына бір келетін сол қайран қызық шақ – сал дәуренде сабылып, ала шапқын ақ сабын күйде келедегі інгеннің артын бағып, азынаған азбанға айналғанда, ауыл-аймақ аттап басуға қорқады екен. Сілтеген сойыл, қамшы, сүйретпе құрығыңа «пішту» демепті. Бойына бұла күш – бура күші сыймай буырқана тасығанда арнасынан асып-төгіліп, еліріп-есірік күйге түскен дүлей жануар талай жанды жазым еткенмен, бай ешкімге есе бермейді. Құн сұрауға қалың елдің өзі де қаймығады екен.

Азуын айға білеген айбатты, келеге күйіті келгенде көзіне көрінген тірі жан баласын турап тастайтын тажал бір кереметі, иесін көргенде иіліп, жыны басыла қалады екен. Бура-ойнақ басталар алдында бай келе түйесін құм ішіндегі оңаша қойнауға айдап тастап, тірі пендені ол жаққа аяқ басқызбайтын көрінеді.

Күндердің күнінде, жақынын жазым қылғаны үшін бура мен иесіне бірдей тісін қайрап, қапысын тауып қарымта қайтармақ болған бір жаужүрек жігіт елеусіз түрде әлгі байдың үйіне келіп қонады. Бай жадау киімді жалғыз жаяудан жөн сұраса, ол пендең құм ішін жайлайтын нағашысының ауылын іздеп шыққанын айтады. Беркінбай ол жақта жарап жүрген бурасы барын, жолай кездессе жазым етерін ескерткенмен, қонағы оған құлақ қоймапты.

Қолында сырық тұрмақ сабау қамшысы жоқ дәу жаяудың жайбарақаттығына жаны күйінгендей болған бай «ендеше, жолың болсын» деп жымсиып қала береді.

Жолаушы былай шыға жол бойындағы торы тобылғының жігерінен таңдап жүріп екі қарыстайын кесіп алып, істікше жонып екі ұшын үшкір етеді де, қонышын қағып жүріп кетеді.

Әлдебір уақытта ойпаң сайда ойнақ сап жатқан келе түйенің үстінен түседі.

Аттылы адам, атан өгізді алғаусыз шайнап, арлан асайтын азулы аш бура алыстан айбарлана көрінеді. Аз уақытта кісі қарасын шалып қап шатынай қараған қызыл көз – қара пәле бір ақырып қап, шолақ құйрығымен қонжиған қос жамбасын сабалап, дүрсе қоя береді. Ақыр сыятын аузын арандай ашып, балға тістерін барынша сақылдатып, аузынан ақ көбік – ала жынын ақтара шашып, айдаһар мойнын алға төсеген күйі ағыза шапқан бураның ыстық ырсылы жақындай бергенде, жаужүрек батыр да шапшаң қимылдап, шалт бұрылады...

Бір ет пісірім уақыт өткен соң, жолаушының жантәсілім еткеніне сенімді бай: «Қой, сорлының сүйегін жинап алайын»,- деп атына міне сап, құмдағы түйеге тартады. Келсе, аузы-басы қанға бөгіп, басын жерге ұрғылап еңкейіп жатқан бураның үстінен түсіп, таңғалғаннан талып түсе жаздайды. Жолаушы болса ізім-қайым жоқ. Дереу артынан ат шаптырған бай әлден соң әлгі жаяуды алдына айдатып алып, тергеудің астына алады.
Сөйтсе, әлгі жанкешті жігіт, арандай аузын ашып, ақырып келген ақ бас бураға қарсы қарап тұра қалып, енді асаймын деп төнгенде уысындағы үшкір істігін, аран ауызға асқан ептілікпен, сып еткізіп сала қояды. Апан ауыздан білегін де суырып үлгереді. Сол замат «сақ» етіп барынша қарпып қалған бураның тұмсығы мен алқымын өткір істік кірш еткізіп тесіп өткен де, аузын қайта ашуға келтірмей түйреп қалған...

Жүрек жұтқан батырдың тылсым тәсілі мен ерен ептілігіне таңдай қағып, тәнті болған бай жынынан айырылған бақсыдай жүні жығылып қалған ақ бас бурасын жігітке бұйдалап беріп жіберген көрінеді.

 

                            Көкжал қасқыр мен сырттан ит

Қаратау баурайында ертеректе Есімхан деген қойшы жігіттің ит сырттаны атанған тайыншадай тарғыл төбеті болған көрінеді. Алдына тастаған атан түйенің атпал сүйегін қабан азу қанжар тісімен бір «қарш» шайнағанда-ақ қарс айырып, бір-ақ қылғытатын нағыз сырттан екен.

Қыстың кері алып соғар кәрлі бораны мен қарға адым аштырмас қақаған аязында да тынбай, түн баласы түнемелге қора төбесіне шығып қой күзетуді әдет қыпты. Иттің үй сілкінердей үрген дауысынан-ақ азулы қасқыр үйірі алты шақырым алыстан аулаққа қашады екен.

Күндердің күнінде, қас қарая бастаған бір кеште әлгі сырттан киіз үйдің алдында басын жерге салып, құйрығын бұтының арасына қысып, бүк түсіп жатып алыпты. «Тұр» десе тұрмапты, «кет» десе кетпепті. Түні бойы Есімхан отарды өзі қарауылдап шығады. Таң ата болған жайды Ақтан атты жасы тоқсанның төріне шыққан бабасына баян етеді. Байыптап тыңдап болған шал: «Сырттан иттің сыры ертең мәлім болады. Қас қарая үйіңнің ішіне кіріп жатпаса, маған кел», – деп бір-ақ түйіпті.

Ертеңіне күн батып, қас қарая бастағаннан сырттан ит шал айтқандай үйге сып беріп, босағада бүк түсіп жатып алыпты. «Шық» десе шықпапты, «кет» десе кетпепті. Қойшы қартқа қайыра барып айтса, көпті көрген көнекөз былай депті: «Сенің сырттан итің қасқырдың сойқан көкжалына жолыққан екен. Бұл содан қорқулы. Қасқырдың ерен сырттаны итіңді торуылдап, аңдығалы үшінші күн. Бүгін итің төріңе шықса, бұл түні қасқыр келді дей бер. Қорыққан иттің қосқа тығылғанын біліп жүр ол. Түнде киіз үйдің сықырлауығын айқара ашып қой. Арландар ашық айқасты сүйеді, аңдаусызда бас салу олардың бойына жат. Өзің есік қалқасына тығылып, қолыңа уыстап күміс теңге ал. Қыр басынан хабар берген көкжалдың қимылын қалтқысыз бағып тұр. Арлан қасқыр есік көзіне тақағанда қолыңдағы теңгеліктерді тастап кеп жібер, арғы жағын сырттанның өзі біледі», – деп тәптіштейді қарт.

...Түн ортасы ауа қыр басынан қып-қызыл боп маздаған екі шоқ көрінеді. «Не де болса сол сойқанның өзі шығарсың» деген қойшы да тағатсыздана тыпыршып, тосып тұрыпты. Біртін-біртін екілене маздай түскен екі шоқ көз таяй түседі. Қойшы сырттанға қараса, ит төр алдында есік көзіне қарай шөкесінен түсіп, құлағын жымып, тұмсығын алға төсеген күйі кірпік қақпай тесіле қатып қалған екен дейді.

Кенет ала шарбы бұлт бүркеген ай жарығында жер бауырлап жылжыған алып арлан қасқырдың сұлбасы да көрінеді. Бір қызығы, төрт тағандап еңбектеген барлаушыдай-ақ, көкжал бауырымен жорғалап келеді екен және есік көзіне қарай тура салыпты. Құлаққа ұрған танадай мүлгіген тыныштықта иттің алған өшпенді деміне дейін сезініп, түгіне дейін жауығып, қылшығына дейін қастасып алған қасқыр бүгінгі айқастың алғашқы да ақырғы екенін аңдысып-арбасу үстінде анық түйсінгенге ұқсайды.

Бейне бір алып айдаһардай жайымен шұбатылып, сұғына ентелеген күдіре жал көк шулан құйрық жылжи-жылжи есік көзіне енуге он шақты кез қалғанда, қойшы қолындағы қос уыс теңгеліктерді «сыңғыр» еткізіп табан астына шашып кеп жібереді. Осы кезде оқыс шыққан дыбысқа жалт қараған көкжалдың көз жанарын тайдырып алғанын тап басқан тарғыл төбет... заматта оқша атылады. Қойшы жүгіріп шықса, көз ілеспес шапшаңдықпен секіре шапқанда-ақ дүлей сырттан ересен екпінмен керіске тайдай көкжалды қара тұмсықтан қапысыз жұлып түскен екен.

                                                         

Төреғали ТӘШЕНОВ