Отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, сонымен қатар, уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, Білім және ғылым министрлігіне қарасты республикалық ұйымдардың басшылары қатысты.
Үкімет сағатын жүргізген Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева мемлекеттік бағдарламаның алдын-ала көрсеткіштері, белгілі бір нәтижелері мен проблемаларына тоқталды.
Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдар желісі көбейіп 3 – 6 жастағы балалардың 95,2 пайызын қамтуға мүмкіндік берген. Қамту деңгейі жоғары, бірақ әлі 500 мыңнан астам бала өз кезегін күтіп отыр. Оның ішінде 1 жас – 3 жас аралығындағы 437 мың бала бар. Осы санаттағы балаларды толық қамту тұрғысынан тиісті шаралар қабылдап, олардың да есебін жүргізу қажет.
Балабақшаларды тиісті мамандығы бар кадрлармен қамту бойынша жоспарланған 50 пайыздық көрсеткіші артығымен орындалып, қазір 60 пайызға жуықтап қалды. Дегенмен, мектепке дейінгі ұйымдарда бала тәрбиесімен және оларды оқытумен айналысатын қызметкерлердің 40 пайызға жуығында тиісті білімнің болмауы алаңдатады.
Орта білім беру саласында 3 жылдан аса уақыт ішінде жаңа мектептер салынып, жаңартылған мазмұнға көшу жалғастырылып жатыр. Депутат айтқандай, авариялық жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептердің проблемасы шешілмей келеді. Бүгінгі күні олардың саны 160-тан асады.
Сондықтан Мемлекеттік бағдарламадан үш ауысымды және авариялық мектептер көрсеткішін алып тастаған министрліктің әрекеті негізсіз болып отыр. Оның үстіне бұл – «Nur Otan» партиясының Сайлау алды бағдарламасында белгіленген міндет. Мектептерді жылдамдығы секундына 4 мегабит болатын кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету көрсеткіші де артығымен орындалған.
Бірақ 93 мектеп интернетке мүлдем қосылмай қалған. Интернеттің жылдамдығы мәлімделген жылдамдықтан әлдеқайда төмен мектептер де аз емес. Техникалық және кәсіптік білім беру бойынша: «Баршаға арналған тегін кәсіптік және техникалық білім» жобасының арқасында мемлекеттік тапсырыс негізінде колледждерде оқитындардың саны біршама артты.
Бағдарламаға сәйкес дуалды оқытумен қамтылған колледждер саны өскенімен, колледж студенттерін дуалды оқытумен қамту деңгейі өте төмен – 19,8 пайыздық деңгейде қалып қойған. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласы бойынша жыл сайын гранттар саны артып келеді. Мәселен, биылғы жылдың өзінде мемлекеттік тапсырыс 3 167 орынға көбейтіліп, 71,5 мың орын болды.
Алайда 3 мыңнан аса грант бөлінбегендіктен, депутаттарда гранттарды көбейту негізсіз болғаны ма деген сұрақ туындаған. «Серпін» жобасы бойынша белгіленген орынның 50 пайыздан астамы, магистратура бойынша 20 пайыздан астамы бөлінбей қалды. Ал, жаратылыстану ғылымы циклы бойынша ағылшын тілін меңгерген мұғалімдер даярлау үшін бөлінген орындардың 57 пайызы игерілмеген.
Г.Исимбаева ғылым саласында да жоспарланған нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштер орындалып жатқандығын атап өтті. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен жалпы 2 трлн теңгеден астам (2 трлн 228 млрд 531 млн) қаражат қарастырылғанын атап өту керек. Бұл – бүкіл білім және ғылым жүйесі бюджетінің 30 пайызы (7 437,4 млрд теңге).
Тақырыпты жалғастыра келе, негізгі баяндамамен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сөз сөйледі. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама 5 мақсат және 23 міндеттен тұрады.
Биыл Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың 3 жылдық қорытындысы Үкіметте қаралды. Президент Әкімшілігі оның 12 мемлекеттік бағдарламалармен салыстырғанда 94,3% орындалғанын атап, жоғары баға берді. 12 индикатордан 11-і, 71 көрсеткіштің 65-сі, 262 іс-шараның 259 - толық орындалды. Қазіргі күні аттестацияны өткізбеуге байланысты Мемлекеттік бағдарламаның көрсеткіші орындалмай отыр. Сондықтан министрлік балабақшаларға талаптарды күшейтуді жоспарлап отырғаны туралы айтты А.Аймағамбетов. Мәселен, бүгінгі күні министрлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, балабақшаларда келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін рейтинг енгізу жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі уақытта «Әліппе» туралы сұрақ көптеп көтеріліп жатыр. Білім және ғылым министрлігі «Әліппені» қайтару қажет деп есептейді деген пікір білдірді министр. «Әліппе» 2021 жылы латын әріпіне көшумен қатар өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізілетін болады. Ғылым саласы бойынша жоспарлы индикаторлар мен көрсеткіштер орындалуда.
Қазақстанда ғылыми зерттеулер және жұмыстармен 384 ұйым, 22 378 адам, оның ішінде 35 жасқа дейінгі 7 748 жас ғалым айналысты. 2019 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың шығындарындағы бизнес шығыстарының үлесі 37,2%-ды құрады. Жеке сектордың коммерцияландыруға қоса қаржыландыруы өсуде, 2018 жылы салыным 2,3 млрд теңгені, 2019 жылы 2,5 млрд теңгені құрады. Ғылыми ұйымдар әлемнің ең беделді компанияларының деректер қорына тегін қолжетімділікпен қамтамасыз етілген. Халықаралық рейтингтік баспаларда ғалымдардың жарияланымдық белсенділігі артуда.
Clarivate Analytics халықаралық компаниясының деректер базасы бойынша 2016 жылы 1055 жарияланымға дәйексөз жасалынды (2017 ж. – 1696, 2018 ж. – 2137). Осылайша, жарияланымдардан дәйексөз келтіру деңгейі 2016-2018 жылдар аралығында екі есе артты. Ғылым бойынша Мемлекеттік бағдарламада зерттеушілердің санын арттыру көрсеткіші орындалған жоқ. Бірақ 2014 жылмен салыстырғанда ғылыми-зерттеулік тәжірибе-конструкторлық жұмыстар зерттеулерімен айналысқандар саны 2018 жылы 16,6%-ға өсті.
Сонымен бірге, министр ғылым саласының ашықтығын қамтамасыз ету бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтты. Мемлекеттік бағдарламада және Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында көрсетілген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың берген тапсырмаларын іске асыру жалғасады.
Алға қойылған міндеттер 2020-2025 жылдарға арналған жаңа Мемлекеттік бағдарламада қарастырылатын болады.
Үкімет сағатында депутаттар тарапынан айтылған барлық ескертпелер мен ұсыныстар Мәжілістің тиісті ұсынымдарына жинақталатын болады.