Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы шараны аша келіп, елімізде медицина саласына қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан шешімін таппаған мәселелер мен қордаланған түйткілдер азаймағанын атап өтті. Медициналық кадрлар даярлауда сапа емес, білімділігі мен біліктілігі жетіспейтін дәрігерлер де пайда болуда. «Бір топ Сенат депутаттарының қатты сынына қарамастан Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында медицина саласына қатысы жоқ жоғары оқу орындары жанынан медициналық факультеттер ашылды», - деді сенатор.
М.Бақтиярұлы қазіргі кезде кейбір дәрігерлік қателіктерден болған көптеген мәселелер тиісті түрде реттелмеген деп санайды. «Бұл министрліктің алдағы кезде шешетін басты жұмыстарының бірі болуы тиіс», - деді Сенат комитетінің төрағасы.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады. Ол министрлік денсаулық туралы жаңа кодекс жобасын әзірлегенін хабарлады. Онда бірқатар негізгі бөлімдер қарастырылған.
«Қоғамдық денсаулықты қамтамасыз етуде азаматтардың ортақ жауапкершілігі белгіленді, медицина қызметкерлерінің мәртебесі күшейтіледі, электрондық денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы көріністері анықталады», - деді министр.
Е.Біртанов сондай-ақ Сенаттың ұсынысы бойынша кодекс жобасында халықтың денсаулық жағдайы туралы баяндама дайындау және оны еліміздің Президентіне беру жөнінде министрліктің жаңа құзыреті қарастырылғанын атап өтті.
«2019 жылғы 6 сәуірдегі парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша Сенат Қазақстан Республикасының Үкіметіне 13 ұсыныс, Денсаулық сақтау министрлігіне 26 ұсыныс берді, олардың барлығы орындалды», - деді Е.Біртанов.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Серік Бектұрғанов өз сөзінде отандық денсаулық сақтаудың жай-күйі мен проблемаларына жан-жақты талдау жасады, оларды шешуге Парламент пен Үкіметтің белсенді қатысуы талап етілетіні айтылды. Ол медицина қызметкерлерін қызметтік міндеттерін орындау кезінде агрессия мен шабуылдан қорғау шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Уәкілетті органға осы мәселе бойынша заңнаманы өзгертуге бастама жасау керек деп санаймын. Мемлекет медициналық қызметкерлердің жұмысы үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуі тиіс», - деді сенатор.
С.Бектұрғанов сондай-ақ дәрігерлік қателіктерді қылмысқа балау жең ұшынан жалғасуға душар етті деп санайды, сондықтан бұл жағдайлар көбінесе ұжым ішінде қалып келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әрбір оныншы пациент медициналық тұрғыда келіспеушіліктерге тап болады, оны әлемде дәрігерлік қателік деп атайды.
«АҚШ-та жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкологиядан кейінгі өлім-жітімнің үшінші себебі – бұл медициналық жанжалдар мен келіспеушіліктер, содан кейін ғана жол-көлік оқиғалары мен жарақаттар бар екенін ашық айтады. Қазақстандағы жағдайдың қандай екенін біз білеміз бе? Жауаптың екіталай екені анық», - деді С. Бектұрғанов.
Оның айтуынша, дәрігерлік қателіктер үшін жауапкершілік болуы керек, дәрігер қандай жағдайда және қандай жазаға тартылуы керек – ол нақты әрі әбден сараланып анықталуы қажет.
С.Бектұрғанов Денсаулық сақтау министрлігіне осы мәселені ресми талқылауды бастауды ұсынды.
Үкімет сағаты барысында Қарағанды, Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары сөз сөйледі.
Сенаторлар денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, цифрландыруды енгізу, онкологиялық науқастарды емдеу және басқа да мәселелер бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын айтты.