Егемендік алған жылдарға сәл шегінейік. Өзімнің балалық шағым Кеңес өкіметі тарап, тоқырау орын алған 90-шы жылдар ортасында өтті деп толық айта аламын. Кезіндегі миллионер кеңшар, ұжымшарлар тарап жатқан уақытта айлап, жылдап жалақы ала алмай немесе жұмыс таба алмай ата-анамыз сандалғаны көз алдымызда. Тіптен шайға салатын қантты айтпағанда нан болмаған күндеріміз артта қалды. Бұл сөзімді менің замандастарым өтірікке шығара алмас. Бірақ сол уақытта бізді сақтап қалған осы сиыр атасы – Зеңгі баба емес пе? Екі сиырымызды сауып, табиғи таза ет, қаймақ-майымыз бен құрт-ірімшігімізді жеп, айран-көжемізді ішіп жанымызды сақтағанымызды қалай ұмытуға болады? «Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр» демекші, қазанымыз оттан түскен емес. Сонау 1932 жылдағы аштықтың иісі мұрнымызға да барған жоқ. Қазақ халқы сол заманда неге қырылды? «Қылышынан қан тамған» қызыл империя қазақтың алдындағы бар малын сыпырып алған еді. Ал біздің уақыт ше? Жарқыратып мінетін көлік пен бүгінгідей киетін киім болмаса да, алдымызда сауатын екі сиырымыз бен азды-көпті ұсақ малымыз болды. Осыған «тәубә» деп күнімізді көрдік. Сол кезді қалай ұмытамыз?
Иә, бұл кезеңді де басымыздан өткеріп, жаңа дамыған 50 елдің қатарында «Қазақстан» деген асқақ атымыз бен өзгелермен терезесі тең затымыз бар, қуатты мемлекетке айналдық. Бүгінде қолда бар малдың саны мен сапасы көтеріліп келеді. Елімізде ауылшаруашылық саласы экономикамыздың негізгі күшіне айналуда. Шетелдерге ет шығаруды қолға алдық. Бұл бір бөлек әңгіме.
Әттең, бір өкініштісі, сол қолда бар екі сиырымыздың сүтін сауып сатпақ түгілі сүтін шайға қатудан қалдық. Аудан орталығын айтпағанда, ауылдағы халық сиырды саумайтын болды. Дүкендерде сыртында әдемі сиырдың суреті бар, шыққан тегі белгісіз қаңылтыр, қағаз қораптағы жасанды сүттер толып-ақ тұр. Кейбірі бейнеттеніп сиыр сауғаннан, қаңылтыр сүтті сатып алғанды жөн көреді. Енді бірі «Сиыр сауған – бұл заманнан қалған» деген сылтауларын алға тартатыны тағы бар. Жақында бір шаруашылыққа жолымыз түсті. Шаруасы шалқыған шаруашылықта төрт түлік малдың бәрі түгел. Келген шаруамызды бітіргеннен кейін қожайынның қонақжайлығын көріп, дастарқаннан дәм таттық. Дастарқан басынан қаймақ пен майдың орнына қойылған маргариннен дәм татып, сүті жоқ қара шай іштік. Үй иесінен сұрағанымызда ол: «Мал сауатын ешкім жоқ, әйтпесе сүтін сауып, қаймақ-майын жинаған адамның қолын қақпаймын ғой», деген уәжін білдірді. Қалың ойда сапарымызды жалғадық. Расымен қазіргі қожалықтар мал бағатын шопан мен сиыр сауатын сауыншы таба алмайтыны жасырын емес. Бұл жалқаулық па, әлде немқұрайлық па? Ойланып көріңізші, біз неден ұттық, неден ұтылдық?..
Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен қолдағы малды кәдесіне жарата алмай отырғандар қаншама? Бар малын керегіне жаратып, пұл жасап отырғандары да жоқ емес. Солардың қатарында аудан орталығынан алыс емес жерде орналасқан Бозоба ауылының тұрғындары бар. Мал бағып, өз күндерін көріп отырған, ұйыған шағын ғана елді мекен. Бозобадағы әрбір отбасы сиырларын сауып, артылған сүт өнімдерімен аудан орталығының халқын қамтамасыз етіп келеді. Орталықтағы тұрғындардың 70 пайызы қолда мал ұстамайтын болғандықтан, сүт өнімдерін сатып алады. Қай үйге барсаңыз немесе сатып әкелінген қаймақ пен майдың адресін сұрасаңыз «Бозобаның өнімі» деген жауап аласыз. Сол ауылда тұратын бір туысқанымыз ерінбей сиырын сауып, сүт, қаймақ, май, ірімшік, құртын сатқан бір отбасыға айына 100 мың теңге кіріс кіретінін мақтанышпен айтады. Бозобалық ағайынның бейнетінен зейнетін көріп отырған еңбегі өзгелерге үлгі боларлықтай.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, екі сиыр асырап, пайдасын көрдік дейік. «Екі сиырдың қысқы жем-шөбі бар емес пе?» деген сауал көңіліңізді алаңдатады. Бүгінде бір бума шөптің құны орташа есеппен 4 мың теңгені құраса, жемнің бір қабы 2500 теңге болады. Бір сиырға қыста 10 бума шөп пен 4 қап жем қажет. Сонда бір сиырдың қыстық мал азығы 50 мың теңгеге шығады. Ал екі сиырға 100 мың теңге қажет. Қарасаңыз, қып-қызыл ақша. Мұны қайдан аламыз. Бұған жауап ретінде бозобалық ағайынның сүт өнімдерін сататын бағасын алдарыңызға жайып берейін. Қыста туатыны бар, жаз мезгілінде екі сиырдан орташа есеппен күніне 10 литр сүт сауылады. Сүтті сиырларда одан да көп. Аудан нарығында табиғи сүттің 1 литрі – 250 теңге, айран 1,5 литр – 300 теңге, қаймақ
1 литр – 2 мың теңге, май 1 килосы – 3500 (қызғалдақ майы 1 килосы – 4 мың теңге), ірімшік 1 килосы – 600 теңге, майқұрт 1 килосы – 1200 теңге болса, құрттың бір данасы – 50 теңгеден сатылады. Қара есеппен ойлап қарасақ, мал азығы мен ішіп-жегенімізден қалғанын біраз ақша қылуға жарап қалатын сияқты.
Мен, әрине тіл маманы болғанымен, математик емеспін. Оқырман, бар есепті өздеріңізге қалдырдым. Үкіметке қол жая бермей, ата кәсібімізді дамытып, төрт түлік малды өсіру қажеттілігі туындап отыр. Қазақтың бар байлығы төрт түлікте емес пе?
Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы