Руханият • 22 Қазан, 2019

Өрісі кең, өрелі

476 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мұхамбет Жұманазарұлы Көпеймен алғаш танысқан шағымыз 1976 жылының күзі еді. Республика жастар ұйымының жетек­шілік қызметімен байланысты Жезқазғанға барғанмын. Ол кезде Жезқазған өзі оңаша облыс болып шаңырақ көтерген кез. Осыған байланысты облыс жұртшылығының көңілі көтеріңкі екен. Облыс, қала, өндіріс басшыларымен танысып, кезінде мектепте оқығаннан бастап Жезқазған мыс және тағы басқа республикаға әйгілі кен қазынасы мен оны өңдеу фабрикаларының, сол кездегі Қазақстанда, тіпті Одақта әйгілі озық технологияларды көріп, еліміздің өнеркәсіп өрісінің қуаттылығына қанығып, көп мағлұмат алғаным есімде.

Өрісі кең, өрелі

Ұлтымыздың, ұлт ұланда­ры­ның, мемлекетіміздің та­рихын­да ғұлама, алғашқы акаде­мик, геолог Қаныш Сәтбаев бағын ашқан Жезқазған өлкесінің біздің еліміздегі орны ерекше ғой.

Тұңғыш Президент – Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемл­екеттігіміздің та­рихы мен та­мыры туралы толғаныстарын кейінгі жылдары жазылған «Рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» ат­ты әйгілі мақалаларында көте­рілген өркениет өрнектерін де Ор­талық Қазақстан өңірімен бай­­ланыстырады. Әсіресе тау ке­нінен металл қорытып, тұрмыс­қа жарату мың жыл бұрын осы біздің Ұлы дала кеңістігінде бас­талғанына назар аударады.

Екінші Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің пре­зи­денттік лауазымының алғашқы айларында ат басын тіреп, ұлттың жүрегіне жететін ұлағатты сөзін осы өңірде айтты.

Әңгімемізге арқау болып отыр­ған замандасымыз Мұхам­бет Көпейдің туған жері осы об­лыстың Рудник, яғни қазба, кеніш орны деген мағынаны білдіретін елді мекен. Туған, өскен жері, көзін ашқалы көргені кеніш болса, тас қашап, кен қазып, тілі шығып, құлағы естіген асқар шыңы – тау тұлғалы ғұлама Қа­­ныш Сәтбаев болса, ол бала кенші болам, тау-кен инженері болам деп құшырланып өспей, бола­шағын, кәсібін, бақытын тау ке­нінен іздемей қайдан іздемек?

Әрине, ол солай. Бірақ солай боларына алдымен әкесі Жұ­маназардың сол заманда бү­кіл кен орнының беткеұстар, маң­дайалды шахтері болып, 34 жа­сында сол жұмыста мерт бо­луы да себеп болған болар. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкесінің жолын жалғастырмаққа, ол аз болғандай – Мұхамбет 15 жас­қа толар-толмасында 38 жас­тағы анасының өмірден өтуі де тағ­дырдың қатаң сабағы болған болар.

Бала Мұхамбет есейіп, орта мектепті бітіріп, болашақ жолын таңдағанда – жазбай, жаңылмай сол кездегі жастар таңдауындағы ең беделді мамандық – тау-кен инженері болуды армандап, Ал­­­матыдағы политехникалық инс­­титутына түсіп, оны үздік бі­­тіріп шығып, туған жеріне ке­­­­­­ліп, өзі армандаған тау-кен жұ­­­мыскері, шебері, инже­нері болып, өндірістің қаза­нын­да жоғары оқу орнында алған бі­лімін сынаққа салды, тәжі­ри­белі кеншілерден тәлім алудан жалықпады, шыңдалды, ши­рады. Жұмысшылар ұжы­мында еңбек адамдарымен сөй­лесуді, олардың мүддесін қор­ғай білуді, адал еңбектерінің ба­ғалануын, әлеуметтік та­лап-тілектерінің құқықтық негіз­де орындалуын қадағалап, әділ­­дік қарым-қатынастың сақ­талып, қамтамасыз етілуін қа­лып­­тас­тыруға жас маман еш жал­тақ­сыз араласып, еңбек етті. Сон­дықтан да жас жұмысшылар оны өздерінің жетекшісі етіп сайлады. Жастық жігер қай­ра­тын жастар ұйымының жұ­мысын жандандыруға аянбай жұмсай білді. Отыз жасына же­тер жетпес «тепсе темір үзе­тін» екпіні мен қайраты тау қопарар шағында ел басқарды. Бұ­рынғы саяси әкімшілік, эко­номикалық жүйе дағдарысқа тіреліп, өтпелі дүбірлі кезеңде ел арасында Қаражал, Жәйрем, Атасу өндіріс орындарында мем­­лекетіміздің тәуелсіздігін мақ­сат-мүдделерін насихаттаумен болды.

Мұхамбет Көпей 1995 жылы қабылданған жас мемлекетіміздің жаңа Конституциясына сәйкес тұңғыш қос палаталы Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, осы жылдары жаңа заң шығарушы билік тармағында ай­рықша белсенділікпен жұмыс істеп, баянды, өнегелі із қалдыра алды.

Бұрынғы одақтық экономи­калық жүйе түбірімен өзге­ріске ұшырауына байланысты біздің елімізде дендеген эко­номикалық дағдарыс 90-жыл­дардың соңына дейін созылып, Тұңғыш Президенттің жариялаған жаңа реформалары сол жылдары ғана өз нәтижелерін бере бастап еді. 1999 жылы Мұхаң өзі еңбек еткен өңірден жұртшылықтың жоғары сеніміне ие болып, екінші рет депутат болып сайланды. Бұл жолы Мұхамбет Жұманазарұлының алғашқы шақырылымда қаржы және бюджет комитетіндегі бі­лімді әрі білікті еңбегі еске­ріліп, әріптестері оны Мәжіліс Төрағасының орынбасары лауа­зымына ұсынып, сайлады. Пар­ламент басшылығындағы қыз­меттің ерекшелігі – оның өзінің жеке депутаттық міндетінен тыс жалпы палатаның жұмысын, әріптестерінің күнделікті әрі алдағы өкілетті мерзімге арналған жұмыс жоспарын жасақтап, оны жүзеге асыруға жауапты тұл­ға екенін де айту орынды болар. Парламент регламентінің бұлжымай орындалуы, комитет­тер, жұмысшы топтары, Үкі­мет сағаттары, белгілі заң жо­балары таныстырылатын, талқыланатын басқосулар, конференциялар, дөңгелек үстелдер тағы басқа шаралар Парламент палаталары басшыларының құзырынсыз өтпейді. Соның бәрі дер кезін­де әрі сапалы, нәтижелі ұйым­дас­тырылып өткізілуі палаталар жұмысының, яғни заң шы­ғарушы мемлекеттік биліктің тиімді жұмыс істей алуының көрінісі болмақ. Парламенттік қыз­меттің ең үлкен тармағының бірі қоғаммен, халықпен, сай­лау­шылармен байланысы, елі­мізде өткізілетін сан-салалы мем­лекеттік, қоғамдық шараларға белсенді түрде қатысуы, өзінің көзқарасын, ұстанымын білдіріп, ұсыныстарын жариялауы да маңызды. Әрине, осы «қайнаған» өмірдің бел ортасында депутаттар, комитет төрағалары, палата басшылары жүруі де талапқа сай.

Сондай-ақ Парламент мем­ле­­кетіміздің Президентінің сырт­­қы саясатын жүргізуде, елі­­­міз­дің қауіпсіздігін, қор­ға­­­­нысын, халықаралық қаты­нас­тарының заңдық базасын қам­тамасыз етуде шешуші рөл атқаратыны да белгілі. Еліміз дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі болуына пар­ла­ментаралық қатынастардың нәтижелі болуы, парламенттік делегациялардың Еуропадағы Қауіпсіздік Ынтымақтастық Ұйы­мының (ЕҚЫҰ), ТМД, Түр­кі елдері Парламенттік Ассам­блеяларымен, екіжақты пар­ламенттік қарым-қатынастар ор­­нықтыру шараларына да негізгі жауапты лауазымды тұл­ғалар Парламент басшылары мен бірге бейінді комитеттер. Осы бағыттардың бәрінде де Мұ­хамбет Көпей әуелде Мә­жіліс, 2005-2011 жылдары Се­нат Төрағасының орынбасары кезінде өте белсенді жұмыс ұйым­дастырып, жүргізе алды.

Мұхаң Парламенттегі жылдарында Қаратай Тұрысов, Шер­хан Мұртаза, Жабайхан Әбділ­дин, Әбіш Кекілбаев, Өмір­бек Байгелди, Оралбай Әбді­кәрімов, Кенжеғали Саға­диев, Орал Мұхамеджанов, Ра­виль Шырдабаев, Фариза Оңғар­сы­нова, Мұхтар Алтынбаев, Әділ Ахметов, Ғани Қасымов сияқт­ы елімізге белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлерімен әріптес, тілектес, мүдделес дәрежеде мем­лекеттік тәуелсіздігіміздің баянды болуына көп еңбек сіңір­ген қайраткердің бірі болды.

Осы аралықта Мұхаң Елба­сының сенімімен Төтенше жағдай министрі қызметін де абыроймен атқарды. Оның осы қызметке тағайындалуы да жайдан-жай болмаса керек. Біріншіден, ол маман, тау-кен инженері. Жер үсті, жер асты еңбектің қауіпсіздік талаптарын толық білетін адам. Екіншіден, ел қамын ойлайтын, қандай да табиғи апаттардың себеп-салдарларының алдын алуды ұйымдастыра алатын білімді, білікті қайраткер. Үшіншіден, мемлекеттік жауапкершілікке өте сезімтал, мемлекеттік тәртіпті қа­таң ұстанатын қызметкер. Жүріс-тұрысы жинақы, өзі де мазасыз, айтқан сөзін орындамай тыныш таппайтын азамат. Адамға қайырымды, қолынан келсе, көмегін аямайтын адал. Осындай мінез мемлекеттік қызметкердің қай қайсысына да керек-ақ.

Мұхаңның отбасымен бір үйде көрші тұрып, өзара түсінісіп, көп жағдайда сырласып, еркін араластық, дастарқандас, дәмдес, тұздас болып, талай естен кетпес жадыраған жақсы күндерімізді бірге өткіздік. Адами сыйластық, достық, жолдастық қарым-қатынасқа бейім, ашық, көңілі сүйген адамға астындағы атын түсіп берер тәуекелшіл. Тегінде бауыр­мал. Жанашыр. Ағайынның оқуға, ізденуге талпынған жас­тарын қолдап, қолұшын беруден жалықпайды. Арқаның өнерсүйер қауымынан сусындап өскен өнерпаз, өзі де бірнеше му­зыкалық аспаптарда бір кісідей жарқылдайтын жайсаң мінезі де жеткілікті. Қолы босай қалғанда қасқыр қуып, дала кезіп кететін саятшылығы да, мергендігі де оның өмірінің бір қыры, бір сыры. Мамандық таңдап, еңбек жолынан жаңылмаған Мұхамбет, жар таңдаудан да жаза баспай, Қаламқастай қызды өміріне серік етіп, бақытты шаңырақтың әкесі, атасы болып, еліне еңбек етер ұл, қыз өсіріп, немере, шөбере сүю бақытына кенелді. Оның еңбек жолы, жеткен жетістіктері, ұрпаққа өнегелі өмірі – бір бойына жинаған жақ­сылықтың көрінісі болса керек.

Мұхамбет Жұманазарұлы – өрісі кең, өресі биік тұлға.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше