Халықаралық қоғамдастықтың белсенді қатысушысы ретінде біздің еліміздің де бүгінгі үдерістен тыс қала алмайтыны түсінікті. Мұндайда дипломатиялық майдан өкілдерінің алдыңғы қатарға шығып, қалыптасқан қиын күрмеуді шешу жолдарын іздеуі, мәмілегерлік бітімдер жасасу арқылы ортақ ымыраға жетуі күмәнсіз маңызға ие болмақ. Анығын айтқанда, әсіресе егемендіктің елең-алаң кезінде жас мемлекетімізді жанжал ошақтарына ұшыратпай, ымырашыл, сындарлы, бейбіт һәм өркениет жолымен өрлеуін қамтамасыз етудің қиын да абыройлы міндеті тұрғаны аян. Мемлекет басшылығы қайыспас қара нарлар шыдас беретін мұндай ауыр жүкті мойымай алып жүру аманаты артылатын азаматтарды бұрынғы барша одақ көлемінде түгендеп, оларға жауапты міндеттер жүктеуі де сондықтан. Осынау бір шоғыр айтулы қыз-жігіттердің алғашқы қатарында кеңестік мектептің кермек дәмін татқан көрнекті дипломат, кәсіби маман, ақкөңіл азамат, адал дос, жас буынға ұстаз Әбутәліп Ібіжанұлы Ахметов ағамыз болған еді.
«Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз», деп ұлы Мұхтар Әуезов айтқан ұлт мүддесіне бастарын тіккен Алаш қайраткерлерінің қасиетті ісін әр салада, соның ішінде дипломатиялық майданда жалғастырған арыстарымыз Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Самат Сүндетбаев сынды азаматтардың ізімен ендігі тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының қаз басқан қадамдарын нығайтудың мәртебелі міндетін арқалауда аға толқын арасынан марқұм, бүгінде арамызда тірі болғанда биылғы 4 қарашада 70 жасқа толатын Әбутәліп Ібіжанұлының сіңірген еңбегін арнайы атап өтуіміз парыз.
Сонау патшалық Ресейдің зымиян саясатын жымысқы түрде жалғастырған кеңес заманында өз атамекенінде отырса да, жергілікті қазақтарға бұйырған алыс шөлейтте орналасқан Талас ауданының шағыл құм ортасындағы шағын ауылдағы қоңырқай қазақ мектебін бітірген Әбутәліп бала күнінен алысқа ұмтылып, тәкаппар Мәскеуге қатарынан бірнеше жыл барып жүріп, ақыры арманына жетіп, атағы жер жарған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына (МГИМО) оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1977 жылы ойдағыдай аяқтаған соң, Түркиядағы КСРО өкілдігіне жұмысқа жіберілді. Одан кейін Қазақстанға оралып Шетелдермен достық қоғамында, бірнеше жыл сол кездегі Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, біліктілігін шыңдай түсу үшін қайтадан Мәскеуге аттанып, КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының басшылық құрамға арналған курстарында тыңдаушы болды. Академияда көзге түскен Әбекең Вьетнамдағы Кеңес Одағы елшілігіне қызметке жолданады. Мінеки, ол кезде негізінен саяси элитаның балалары оқитын әлемге әйгілі жоғары оқу орнын ауыл баласының бағындыруы, расында, ерен еңбекқорлық пен қайсар мінездің арқасы, тіпті ерлікке пара-пар әрекет еді.
Әлбетте, Әбутәліп Ібіжанұлының ұзақ жылғы тәжірибесі мен біліктілігі туған елінің тәуелсіздігін алған сәтінен бастап, екінші тынысы ашылғандай жарқырай көрінді. Түрік, парсы, француз тілдерін еркін меңгерген егемен елдің ресми өкілі ретінде Түркия, Ирандағы консул, бас консул жауапты міндеттерін ойдағыдай орындап, министрліктің орталық аппаратында жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды.
Кәсіби маман ретінде дипломатия саласына сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның Тәжікстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Өкінішке қарай, оның ғұмыры да кемелдікке көтерілген кезеңінде, ондаған жылдарғы бай тәжірибесін, болмысындағы боямасыз қасиеттерінен туындайтын беделі мен біліктілігін туған елінің мүдделері жолында сарқа жұмсауға дайын асқарлы шағында кенеттен, Отанынан тыс жерде жүрген кезінде үзілді.
Дипломатиялық дәрежесіне сай өз ортамызда «біздің генерал» атанған Әбекеңнің жарқын бейнесі біздің есімізде қандай болсын жоғары лауазымда жүргенімен, сол баяғы құмды ауылдағы құнарлы қазақы ортаның ізгілікке тұнған төл мәдениеті қанына сіңген қалпында қарапайым да қайырымды, азамат, абзал аға, ұстаз ретінде сақталды. Осы қырынан келгеннің өзінде ғана Әбекең тұлғасы бүгіндегі кейбір қолына болымсыз билік тисе «жаманға жал біткендей» екіленіп, есіріп, өзгелердің басына бұлт үйіріп, суық көлеңкесін түсіруден аса алмайтын байғұстардан мүлде биік, маңайына жылылық таратушы жарқын, тартымды жан еді. Әбекеңнің өмір мектебінен өткен жас дипломаттардың бірқатары бүгінде елші, министрлік басшылығы құрамында еңбектенуде.
Уақыт толассыз зымырап, Әбутәліп Ібіжанұлының ортамыздан озғанына да тоғыз жыл толыпты. 2010 жылғы 11 қарашадағы Сыртқы істер министрлігінің қайғылы хабарламасында «оның қазақстандық дипломатиядағы баға жетпес еңбегі біздің мемлекетіміздің сыртқы саясат тарихында мәңгі қалады» делінген еді. Бүгінде, әсіресе биылғы Жастар жылының рәмізді мәні орайында халықаралық қатынастар саласында жүрген үмітті, сәулелі жастар, қарымды қызметкерлер алдымызда үлгілі өмірі, зиялылық келбеті, адамдық болмысы, адал еңбек жолымен жарық із қалдырған аға ұрпақтың көрнекті тұлғаларын ұмытпай, әрдайым есте ұстауы парызымыз деп білеміз.
Олай болса, мемлекет мүддесі жолында жырақта жүріп көз жұмған Әбекеңнің жерлестерінің, яғни Жамбыл облысы, Талас ауданы Ардагерлер кеңесі мүшелерінің Тараз немесе Қаратау қаласының оқу орындарының біріне (мектеп, колледж, институт) Әбутәліп Ібіжанұлы Ахметовтің атын беру ұсыныстарын қолдай отырып, ол кісінің әріптестері ретінде өз тарапымыздан елордадағы дипломатиялық корпус арасында спорттық ойындардан жарыс, Қазақстан Дипломатиялық институты аудиториясын атау, жас мамандарға берілетін марапат тағайындау немесе өзге де тағылымды шаралар қабылдауға болар еді деген ұсынысымызды ортаға салғымыз келеді.
Боранбек ӘЛБЕРГЕНҰЛЫ,
Мұхтар КӘРІБАЙ