«Қан мен тер» романы Әбдіжәміл Нұрпейісов есімімен қосақтала жаңғыратын үрдіс рухани кеңістігімізге берік орныққанына жарты ғасырдан асып, алпыс жылға тақап үлгергенінің біздер тірі куәгеріміз. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяқ шеніне қарай жарық көрген бірінші кітабын оқығаннан былай жалғасын тағатсыздықпен күткен уақыт күні бүгінге дейін есімізде. Көркемдік құбылысты тану түйсігі жөнінен орталық қана емес, ауылдар да шет қалмағанын айғақтайтын жайттар ол заманда жеткілікті еді. Тек өзің ғана тұшынып қоймай, шығармадан алған әсеріңді айнала төңірегіңмен алып-ұшып бөліскің келетін құлық басымдығын қазір ойлап тұрсаң, тобырлық мәдениеттің кең етек алмаған тұсында өмір сүру бүгінгіден әлдеқайда мәнділеу көрінетінін несіне жасырамыз. Жан мерекесін шарқ ұрып іздеп, ақыры ақ қайыңнан жұбаныш табатын Шукшин кейіпкері секілді бітімі өзгеше дүниеге аңсарың ауғанда орыс, оймауыттан гөрі жаныңа жақын тұтатын қолтума дүниелерді көздейтінің қызық. Сондайда ыңғай «Соңғы парызға» табан тірейтініңді өзге тұрмақ өзің түсінбейсің. «Жұлдыз» журналында жарық көрген алғашқы нұсқасы баспасөз бетінде абың-күбің әңгіме боп, арыны сап басыла қалғанын да білеміз. Өйткені әлі толық жазылып бітпеген деген сыбыс ақыры шындыққа айналып, көп жылдарды араға салып барып жарық көрген кітапта автордың машығы қазақтың қаламгерлер қауымының біріне ұқсамаса да, бейне тұрпаттары алғаш «Қан мен тердің» жаңа заманға көшірілген аналогы тәрізді көрінген. Солай ұйғару жалпы әділетсіз кесім шығаруға ұрындырмай қоймайтынына ара-тұра көз жеткізіп қалатының бар. «Соңғы парыздың» образдар жүйесінің жаңалығы Жәдігердің анасы.
Алматыға барып қайтқан сайын келіні Бәкизат құбылысын шеше жүрегі сезетінін қатал да нәзік суреттейді. Ұлттық болмыстың кесектігіне әйел бейнесі арқылы барлау жасаудың кілтін табуда Нұрпейісов теңдессіз шебер.
Төрт томдығына жазған өзінің алғысөзінде Еламанның Төлеудің екі әйелінің біріне үйлену шешіміне Мәскеу сыншысы қатты таңырқап, сүйсінгенін айтуы тегін емес. Жалпы бұл таным-талғам сезгірлігінің қапысыздығымен қатар, көркемдік құндылықты айыру әділетінің үстемдігін аңдататын жағдай. Адамзат рухының төрінен бір жарым ғасырдан астам уақыттан бері орын алып келе жатқан «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясына осы жерде жүгінбей-ақ, Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» бейнелерді есіңе алып, болмыс бітімдерін өзіңше сараптай бастасаң – негізгі желіге арқау болып тартылғандарды былай қойғанда, жанама ілескендердің өздері дара-дара. «Қан мен тер» кейіпкерлері суық басып, дүние мұзға айналғаннан кейін жаппай қырылып қалған динозаврларды еске салады. Бейнелерге ену эстетикасының нәзік те кірпияз өлшемінің ауылына бармай-ақ, шығарманың орындалу үдерісінің үстіндегі табиғи қалыбының бұзылмай оқушыға тұтас жетуінің өзі Қасым Аманжоловша айтқанда, «серінің сертке таққан семсеріне» тән сипат еді. Әдебиет деген жарықтық анау жылдарғы Украинаның Майдан қозғалысына ұқсайды, әркім ойына келген пікірін қаймықпай білдіріп, үкімін жасқанбай шығаруға құдды құқы бардай. Ақбаланы «Тынық Дондағы» Аксиняның көшірмесі деген түсініктің итжандылығына кейде абыржып, ашуланасың. Ақбаланың жан әлемінің тартымдылығы ұлттық бояуында жатқанын көрнеу ескермеу де Абай анықтамасындағы екі күйдірмектің айласына ұқсайтыны бар.
Болашақ кәдесіне аманаттауға жарайтын Нұрпейісовтің «Қан мен тері» мен «Соңғы парызының» орындалуындағы тартылған өрмектің тұғыры бір де, өрнегі екі түрлі. Жазушылық тағдырында тәуекелге бас тігетін жүректілігіне қоса үлкен полотноны аяғына жеткізудің жауапкершілігін дәл Нұрпейісовтей сезініп атқарған жазушы кемде-кем. Сөздің әділетіне жүгінген уақытта «Соңғы парыздағы» тартылған желінің артық-ауыс тұстары жұдырықтай жұмылулы суреткерлік шымырлықтан байқалмай қалуы бек мүмкін. Қазақ прозасына баяндау әдісінің өзгешелеу ағысын алып келген «Соңғы парыздың» бітімі кейде дүниеден көшіп кеткен досыңның бейнесіне ұқсайтындай. Орындалудың соншалықты еркін екпінділігінде Нұрпейісовтің өзінің өткен өмірін еске алу үстіндегі тебіреністі күңіренісіне ұқсап үндесетіндей. Оның жазушылық шеберханасында қаламмен өрнектеліп, басқа ұлттың бірінен кезікпейтін мінез жұмбақтығын бедерлеу шеберлігі кімді де болса тәнті етпей қоймайды.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты