Әдебиет • 22 Қазан, 2019

Дәуір белесінің авторы

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Дәуір белесінің авторы

Қазақ әдебиетінің көгіне Мұх­тар Әуезовтің «Абай жолы» романынан кейін ірі шығарма қажет-ақ болатын. Үздік шы­ғар­малар болмады емес, бол­ды. Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұс­тафиннің романдары шық­ты. Бірақ біздің қазақ да­ла­сы­ның революциялық ке­зең­де ауқымды, кең тыныс­ты, «Ты­нық донмен» қатар тұ­ра­тын үлкен бір эпопея қазақ әде­­биетіне қажет екенін көп оқыр­­ман сезініп-ақ жүрді. Сол шы­ғар­ма ақыры дүниеге келді. Оның аты – «Қан мен тер». «Қан мен тердің» алдында Әбекең әдебиеттің табалдырығын «тұңғыш роман» деген жанрмен аттады. Ол – «Курляндия» («Күткен күн»). Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, он алты жасар бала майдан даласында жүр. Бозбаланың қатқан жерден көзіне жас алып окоп қазып жатқанын көрген кексе жігіт келіп окобын қазып береді. Бұл – трагедия. Осы қанжылау дәуірді Әбекең бастан кешті. Қиын заманның нәтижесінде қаламгер «Курляндия» романын жазып, жазушы деген үлкен үйдің табалдырығын ірі жанрмен аттады. Үлкен дайындықпен келген қазақ жазу­шысының бұл шығармасы әдеби ортада қозғалыс тудырды. «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары қазақ әдебие­тін­де дәуірлік, эпохалық белес болды.

Әбекеңнің бір сөйлем үшін орнынан тапжылмай оты­ра­­тын­ ерекше еңбекқор мі­незі бар.­ Бәрімізге: «Сендер шығар­маларың­ды аударғанда мән беріп қарамай­сың­дар. Салақ­сыңдар. Біз әлем әдебиетіне орыс тілі арқылы баратынымызды білмейсіңдер. Испан­дық­тар, ағыл­шындар, француздар біздің тілді меңгерген жоқ», деп ұр­сып жүретін. Қарымды қаламгердің ұстанатын бір-ақ принципі бар: сапалы аударма. Бір мысал, Әбе­кең орыс тілінің білгірі Юрий Казаковтың босағанын екі жыл күтті. Мұндай іске Әбекеңнің ғана шыдамы жетеді. Сөйтіп Казаковты Алматыға алдырып, басы-қасында болып, тіпті Казаковтың желкесінде тұрып аудартқан. Осындай тыным­сыз­ еңбектің арқасында «Қан мен тердің» аудармасы өте жақсы жа­сал­ды. Ол кісі «Қан мен терді» әлі жа­­зып жатыр. Маған он жетін­ші нұс­қа­сын дайындап жатқанын айтты.

«Соңғы парыз» оқылуы өте ауыр шығарма. Орыс әдебие­тінде «Ис­кусство медленного чтения» деген ұғым бар. Асықпай оқу һәм тү­сі­ніп оқу осы «Соңғы парызға» тән.

 Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше