Парламент • 23 Қазан, 2019

Дариға Назарбаева жаңа технологиялар орталығында болды

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның Ресей Федерациясына ресми сапары басталды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Дариға Назарбаева жаңа технологиялар орталығында болды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты делегациясының сапары аясында Александров бағындағы Белгісіз солдат зиратына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Сенат Төрағасы «Басқарудың жаңа технологиялары» орталығында болып, «Белсенді азамат», «Біздің қала» жоба­лары­мен, мемлекеттік электронды қыз­мет­термен және Мәскеу үкіметінің краудсорсинг жобаларымен танысты.

Жобалар мемлекеттік органдардың қа­ла тұрғындарымен кері байланысын жүзе­ге асыруға: азаматтардың шағымдары мен пікірлесуіне орай әрекет етуге; мэрия бағдарламаларына байланысты қала тұр­ғындарына сауалнама мен зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Онда қазіргі заманғы ерекше ІТ-технологиялар қолданылады, азаматтар кең таралған коммуникациялық қызметтердің (сайт немесе мобильді қосымша арқылы) көме­гімен жобаны пайдалана алады. Мәселен, «Біз­дің қала» порталының регламентіне сәй­кес проблемаларды жою мерзімі 8 күн болып отыр.

«Белсенді азамат» жобасы Мәскеуде 2014 жылдан бері жұмыс істейді және Мәс­­кеу қаласы тұрғындарының өтініш­терін жинақтау және ауқымды сауалнама жүргізу үшін мобильді қосымша әрі сайт түрінде қызмет көрсетіп келеді. Сауалнама тақырыптарында қала өмірінің барлық са­ла­лары: жаңа метро стансасының дизай­нын әзірлеуден бастап мемлекеттік емхана­ның жұмыс кестесін ауыстырғанға дейін қамтылады. Сауал нәтижелері мәскеулік биліктің шешім қабылдау барысында ескеріледі. Жобаның жүзеге асуы қалалық проблемаларды талқылауға әлеуметтік белсенді жас ұрпақты тартуға мүмкіндік берді. Жоба жұмыс істеген 5 жылда оған 2,4 миллион мәскеулік атсалысқан.

Сенат басшысы «Біздің қала» порталы жұмыс істеген жылдары 3,7 миллион мәселенің шешімін табуы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін реттеу жүйесін жетілдірудегі мүмкіндіктер мен бағыттарды көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Азаматтарды өз үйлеріне қызмет көр­сету мен күтіп-ұстауды цифрлық тұрпатта ба­қылауға белсенді түрде тарту бүгінгі заманға сай, ыңғайлы әрі басқаруға тиімді. Мұн­дай әдістерді Парламентте тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылауда қарас­тыруға болады. Халықпен кері байланыс тәжірибесі қызықтырады. Ойланатын мә­селе», деді Д.Назарбаева.

Дариға Назарбаева сондай-ақ Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде орналасқан Қазақ КСР ескі павильонының орнында бой көтерген «Қазақстан» павильонында болды.