Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қалай дегенмен де бұқаралық ақпараттың көз жанарын байлап, екі өкпесін қысқан тас қамалдың есігі ашылып, ішіне саңлау түскені рас қой. Оның үстіне ақпарат ағынында бәсекелестік пайда болды. Ал бәсеке дегеніміз – баспасөздің ішкі динамикасы, дамытушы күші емес пе?
Кейде «Егемен Қазақстанда» ылғи салмақты материалдар жарияланады, оқуға ауыр деген сияқты пікір естіліп қалатын-ды. Материалдың салмақтылығы – оның кемшілігі деу қалай болар екен? Өйткені «Егемен» мен «Казправданың» атқарып отырған салиқалы ісін саржағал басылымдар ылғи «тартымды» материалдармен түпкілікті тындыра алмайды. Олардың алдына қойған мақсат-мүддесі де мүлде бөлек қой.
Кейде демократияшыл боламыз деп мемлекет пен ұлт мүддесін қолдайтынымызды ашық айтудан жасқаншақтау орын алатын секілді. Бекер іс. «Нью-Йорк таймс» пен «Вашингтон пост» мемлекеттік басылымдар екенін неге жасырмайды? Олардың таралымы «Нью-Йорк дейли ньюс», «Ю Эс Эй Тудей», «Уолл стрит жорнэл»-дерден төмен бола тұра, беделі неге жоғары? Президенттен бастап кімде-кім «Нью-Иорк Таймс» пен «Вашингтон постта» сыналар болса, онда ол қауіптілеу. Ал «Уолл стрит жорнэлдің» бетінде айтылған сынға соншалық мән берілмейді. Өйткені баспасөздің дүниежүзілік тәжірибесіне сүйенсек, олар сапалық және көпшілік қолды газеттер болып бөлінеді. Сапалық газеттердің таралымы аздау болғанмен беделі биік, нағыз ұлттың жанашыры деп бағаланады.
Меніңше, біздегі тоқырау мен құлдыраудың ушығып тұрған бір көрінісі біздің журналистикада да бар ма деймін. Кейбір басылымдар мен телеарналар былғаныш нәрсеге тым әуес. Қашанда жоқ жерден сенсация туғызу – қарабайыр журналистің кәсібі емес пе еді. Олар ел өмірін жұтаңдыққа апара жатыр. Сондай пәлекеттен алдын ала сақтанғанымыз жөн. Оған қарсы тұрар қазақ елінің рухани қайнар бұлағы сарқылған жоқ. Осы мүмкіндікті сақтап қалуға тиіспіз. Бойында зиялылық басым, гуманитарлық толыққанды білімі бар журналистеріміз құдайға шүкір аз емес қой. Неге біз өзімізді өзіміз жоққа шығара береміз? Бірде «Майдан» хабарының жүргізушісі қойған: «Қазақ баспасөзі бар ма?», «Ол қажет пе?» деген қитұрқы сұраққа қатысып отырған қаламгерлер жауабы бір жерден шықпағанына қатты қынжылдық. Барымызды бағалай білейік те.
Қазақ баспасөзі, оның ішінде бүгінгі ғасырлық той иесі – «Egemen Qazaqstan» қоғамдық мәселелерді көрмей, айтпай, жазбай жатыр дей алмаймыз. Әр газеттің өз орны, соған қарай атқарар қызметі бар. Елдің тіл, экономика, экология, тарихи жад, салт-сана, ата дәстүр, әдет-ғұрып сияқты сан-алуан мәселелерінің бәрі де жұртшылыққа жетердей-ақ жетіп жатыр. Алайда сол діттеген нысанасына тие ме, тимей ме? Үлкен мәселенің бірі – осы. Дамыған елде қай уақытта нені қалай жазу қажеттігі туралы әр басылым арнаулы әлеуметтік зерттеу жүргізеді, дәйекті кешен жасалады, тақырып пен объектіні анықтайды. Үлгі аларлық іс пе? Айтары жоқ.
Ондай үрдісті алыстан іздемей-ақ осы газеттің тарихынан да табуға болады. Бұған біз газет шежіресінен сыр шертетін «Жүзжылдық жылнама» атты 5 томдықты әзірлеу ісіне қатысқан кезімізде анық көз жеткіздік. Жүсіпбек Аймауытовтың 1925 жылдың 5 мамырында жарияланған «Ел газетке не жазбақ?» деген мақаласында: «… жанына жағымды, тілі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ, кім көрінгенге қолжаулық, майлық, шылым орауыш, тағы бірдеңе болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса, ішіндегісін тауып жазатын газетші «тәуіп» те, «пайғамбар» да емес… Ел: «жазбасам, маған серт, баспасаң, саған серт!» деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады. Сонда жұрт газетті қызығып оқитын болады, газеттен пайдаланады».
Бұдан артық қалай айтуға болады. Сол үрдісті ұстанған газет, меніңше, өзінің бағытынан жаңылған жоқ. Бүгінгі БАҚ-тың аяғына тұсау болып тұрған қаржы үшін, немесе билікке тым жағынамыз деп беделін жоғалтып алмаса болғаны. Бұрын аға газет аталып келсе, енді ата жасына ілікті дедік. Ендеше, көтерер жүк те қомақты бола түсері даусыз. Әсіресе ұлттық мүддені көздің қарашығындай қорғаса, соны ылғи темірқазық етіп ұстаса, сүрінбесі анық. Ол үшін газеттің жүріп өткен тарихи жолын білу, ғасырлық тәжірибесінен тағылым алу керек сияқты...
Әуелі КирРевкомның, кейіннен КазАКСР-ның ресми органы болған «Ұшқын» газеті 1919 жылдың 17-ші желтоқсанында Б.Күлеевтің «Ұшқынға арнау» атты өлеңімен ашылғаны белгілі.Сондағы «Оқушыларға» деген бас мақалада басылымның алға қойған мақсаты туралы былай делінеді: ... «Ұшқын» газетасының мақсұты – шаруа халқына бас-көз болу, түрлі хабарлар һәм керек істерді уақытымен жазып, халықты құлақтандыру».
Қазақ арасында баспасөз шығармақ түгілі, хат танитындардың өзі кем тұста журналист кадрлары, тіпті жоқтың қасы еді. Сондықтан газеттің алғашқы сандарында революция, жаңа заман тақырыбындағы материалдар жұтаң көрінді. Бар болған күннің өзінде мән-мағынасы бұлыңғырлау, әр жердегі үлкен-кішілі ақпараттардан құрастырылғаны көзге ұрып тұрды. Себебі жазушының заман өзгерісін толық түсініп, ой елегінен өткізе отырып жазғаны шамалы-тын. «Сыртқы хабарларға» көбірек орын беріліп, онда көбінесе кеңес жауларымен күрес барысы егжей-тегжейлі баяндалады. Бұрынғы алаш баспасөзіндегідей тап басып, дөп айтатын, мөлдір бұлақтан сусындағандай шөліңді қандыратын әсері жоқ. Жарық көрген бірді-екілі оқшауша, бірлі-жарым өлең бар демесек, әдебиет бөлімі мүлде болмады. Әсіресе саясиланған басылымның материалдары салмақты талдау, салиқалы пікір айтудан гөрі, көбіне даурықпа ұран, даңғаза пафосқа толы екен.
Тап осы аласапыранды пайдаланып қалғысы келген, қазақ жерін бөлшектеп тастауға тырысқан кеңестік жымысқы саясат осы кезде кең етек алды. Алаш қайраткерлері бұл жолда да аянбай күрес жүргізіп, қазақ жерлерінің Ресей құрамына басы бүтін кетіп қалмауы үшін барын салды. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов пен Мұхаметжан Сералин бастаған топ Қостанай уезінің Челябі губерниясына қарап кетпеу мәселесін газеттің бірнеше санында көтеріп, Мәскеуде өткен съезде осының оң шешімін табуына тікелей әсер еткен. Бұған қоса Қазақстанның солтүстік облыстары – Петропавл,Павлодар, Семей, Омбы, Көкшетау, Орал өңірлерінің де тағдыры қыл үстінде еді. Ол жөнінен де жүйелі жұмыс жүргізіп, оның қазаққа тиесілі жерлер екенін бірнеше мәрте газет бетінде дәлелдеп барып, алып қалған. Бүгінгі ұрпақ Алаш арыстарының осы өлшеусіз жанқиярлық еңбектері үшін қарыздар.
«Ұшқынға» қарағанда «Еңбек туының» (7-желтоқсан 1920 жыл) жаңа заманға бейімделгені, ұлттың жағдайынан гөрі төңкерісті мадақтауға көбірек бет бұрғаны байқалады. Ұлттық мәселелерді бұрынғыдай ашық емес, «тігісін жатқыза» отырып сөз етеді. Алашорда қозғалысын, оның қайраткерлерін «ұлтшылдық дертіне шалдыққан» деген айыптаулар әлсін-әлсін айтылып отырды. Бір халықтың ғана емес, бүкіл дүниежүзі еңбекшілерінің мүддесін ойлауымыз керек дегендей идеялар күштеп таңылды.
Мысалы, Сәкен Сейфуллин («Манап Шамиль» деген бүркеншік атпен) «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы 66-санында «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» атты мақаласын жариялайды. Онда: «орыстың патшасы қазақты өзіне қаратып алып, жалпы қазаққа «киргиз» деп ат жапсырған соң, орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты құр мүгедек, мақау жануар деп санап, біртүрлі менмендік қияпатпен, қорлаған мазақпен «киргиз» деп айтатын болды. ...Біз «киргиз» деген атты жоғалтып, «қазақ, қазақ» деп кетсек, басқа халықтар да бізді «қазақ» деп, осы атты қолданып кетпек. Біздің бір үлкен кемшілігіміз – осы күні басқа жұрттан бұрын өзімізді-өзіміз «киргиз» дейміз. Әуелі, біздің «Қызыл Қазақстан» журналының орысша нұсқасы «Қызыл Қырғызстан» деп аталады. Бұл біздің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Егер біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе, оп-оңай түзетіп әкетер еді.
Қазақстанның Орталық үкіметі «киргиз» дегенді жойып, «қазақ» деген атты қолдануға жарлық – «декрет» шығару керек» деп, сол кездегі КазАКСР-ның ресми органы болған «Еңбекшіл қазақ» бетінен батыл үн қатады. Сәкеннің осы жарияланымының мұрындық болуымен қазақ ұлты өзінің төл атауын қайтарып алғаны тарихтан белгілі.
С. Сейфуллиннің «Еңбекшіл қазаққа» редакторлық еткен жылдарындағы айқын басымдық берген тақырыбы – ұлттық тіл мәселесі. Әсіресе оның «Қазақ тілінде жүргізілсе екен», «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу», «Қазақ тілін жүргізуде елден келген мағлұмат», «Не қылдыңдар?», «Қанына отаршылдық сіңген Шубилин», «Бөкейлікте қазақ тілін жүргізу жайында» т.б. мақалалары қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін көтеру жайлы болды. Осындай алмағайып кездің өзінде батыл айтып, өткір сынға құрылған мақалалардың жарық көруі – Сәкен редакторлық еткен жылдардағы «Еңбекшіл қазақтың» мінезі еді.
Батыр бабаларымыз елін, жерін білектің күші, найзаның ұшымен қорғаса, өткен ғасыр басында қазақтың оқыған азаматтары: Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Сералин, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Тұрғанбайұлы, С.Қожанұлы, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Е.Омарұлы, Н.Төреқұлұлы, С.Садуақасұлы, А.Байтасұлы т.б. өршіл рухымен, қалам қайратымен ел іргесінің бүтін болуына барларын салды. Бұл жерде сол тұстағы ат төбеліндей ғана қазақ оқығандарын алаштық, я кеңестік деп екіге жарып, араларына сына қағудың қажеті аз. Жоғарыда айтып өткеніміздей қазақ тілінің болашағы үшін күрескен, қазақты кемсіткен «қырғыз» атауын өзгертуге тікелей мұрындық болған Сәкенге қандай айып тағуға болады? Немесе жеке басын бәйгеге тіге отырып, Түркістандағы аш-жалаңаштардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, елінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Тұрардың өршіл рухын кім жоққа шығарар? Әрине заман талабы осы екен деп желдің ығына қарай жығыла кететін «шолақ белсенділер» туралы әңгіме басқа.
Ол бір «ұлттық» деген ұғымның «ортаққа» ауыстырылып, «қазақ халқы» деген сөз «бай мен кедей» деп жіктелген кезең болды. Әр мақала сайын іштен жау іздеу, әрбір сөздің астарынан ши шығару, «тырнақ астынан кір іздеу» сияқты жағымсыз құбылыстарды бірден байқауға болады. Бұл – қазақ халқының басына қара түнек орнатқан Голощекин саясатының салқыны еді.
Көп мақаланың соңына газет басқармасы «айтыс ретінде» деген сөзді жазу арқылы жұртты дау-дамайға шақырғандай болды деуге де негіз бар. Алаш қайраткерлерінің төңкеріске дейінгі де, кейінгі де сөздері бұра тартылып, жөн сөз теріске шығарыла берді. Олардың жауап ретінде ақталудан басқа амалы қалмады.
Осылайша Кеңес Одағы толық орнап, нығаюға бет алысымен-ақ «қырағы» коммунистер алаш қайраткерлерінен «жау бейнесін» қолдан жасап, қисынсыз жала жабу арқылы өткенге топырақ шашты. Газеттегі әрбір мақалада қисыны келсін, келмесін алаштықтарды қағыту, сөздерін бұрысқа шығару «дәстүрге» айналған. Бұл кездегі ұлт зиялыларының кейпі – тірі тышқандар құлағында ойнаған «өлі арыстанмен» бірдей еді. Бірақ олар ұсынған тәуелсіздік идеясы, ұлттың мәңгілік мұраттары өлген жоқ. Ақаңның «ел бүгіншіл, біздікі ертеңгі үшін» деген ұстанымы шындыққа айналды.
Қазіргі күні де өзектілігін жоймаған Қазақстан атауын «Қазақ елі» деп ауыстыру туралы идея алғаш Нәзір Төреқұловтың аузынан шыққанына куә болдық. Ол былай дейді: «Республиканың аты әрбір кедейге, әрбір қойшыға түсінікті болуы керек. Қазақ, Қазақ елі, Қазақ Республикасы деу Қазақстан деуден гөрі қазақ тіліне ұнамды. Қазаққа парсының (Қызылбастың) «станын» тағып, Қазақстан жасауда ешбір «сауап» көрмейміз». («Еңбекші қазақ», 1925ж).
Ұлт болашағын ойлаған қайраткерлер осындай өміршең пікірлерімен де жадымыздан өшпек емес. Сол тұстағы билік ұлт қайраткерлерінің санасын қанша бұғаулауға тырысса да, олар реті келген жерде азат ой, еркін пікірден тартынып қалмады.
Жиырмасыншы жылдардың жартысына қарай «Еңбекші қазақ» газетінің бетінен жаңа қоғам орнату жолындағы екпінді еңбек те, өткеннің бәріне топырақ шашып, орынсыз қаралау сынды жағымсыз әрекеттер де молынан көрініс тапты. Қазақ қоғамында өмірі болмаған, болса да басқа мәнге ие «тап жігі» атты ұғымды күштеп енгізу арқылы халықтың бірлігін ыдырату саясаты кең етек алды. Ал отызыншы жылдардың басына қарай ауқаттылардың тұқымын мал-мүлкімен бірге, түп-тамырымен құртып жою саясатының қандай орны толмас нәубет, ашаршылыққа алып келгені баршамызға аян. Өкінішке қарай, дәл осылай боларын біліп, алдын-ала дабыл қаққан ұлт зиялыларының үні күштеп өшірілген еді...
Шүкір, ел егемендік алды. Материалдық жетіспеушілікті ашық айтып жүрміз. Ал рухани тәуелсіздікті қайтеміз? Осы зәру мәселеге әлі де көп көңіл бөлу керек секілді. Жан дүние еркіндігі бәрінен де басым. Ұлттың рухани тәуелсіздігін сезіндіру, оның болуын қамтамасыз ету де алдымен осы газеттің міндеті болып қалмақ.
Интеллект басымдық алған зайырлы елде саясатпен айналыспаймын деу бекер. Ішкі-сыртқы саясаттың көпшілікке беймәлім иірімдерін ақтарып айтып, жарқыратып жазар болса, оның да оқырманы аз емес.
Кейде өмірлік мәселелерді газеттер жарыса жазып, аяқсыз тастап кете береді. Ондайда оқырманның шатасуы мүмкін ғой. Немесе егемен елдің болашағы жайлы қауесетке қарсы да байыпты болжам жасау, тұжырымды түйін түю де осы газеттің міндеті сияқты көрінеді маған.
Өткен ғасырдың басынан бері қарай қазақ өмірінің айнасына айналған «Егемен Қазақстан» газеті тәуелсіздік алған жылдары қайта түлеп, жас мелекетіміздің іргесінің берік қалануына өз үлесін қосты. Жетпіс жыл бойы іште бұғып жатқан халықтың арман-аңсары, қазақ халқын талай қырғынға ұшыратқан тарихи әділетсіздіктер, жазықсыздан-жазықсыз жапа шегіп, атылған арыстарымыз, осы уақыт аралығында жоғалтып алған ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен дініміз, ұлттық тарихымызды жаңа көзқарастар тұрғысынан қарастыру, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында ұлт болып ұйысуымыз, сыртқы күштердің қауіпті әсерлеріне төтеп беру сияқты қат-қабат өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылды. Ең бастысы – отаршылдық құрсауында жоғалуға айналған ұлттық санамызды оятып, елдік іргемізді тіктеу керек болатын.
Белгілі публицист, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның бастауымен «Социалистік Қазақстан» газетінің бұрынғы аты өзгеріп, «Егеменді Қазақстан», кейіннен «Егемен Қазақстан» деген атауға ие болды. Дәл осы тұста газет халықтың ұлттық санасын оятумен қатар, елдің ертеңгі күнге деген сенімін нығайту қажет еді. Елбасының бастауымен Қазақстан халқын қиын да күрделі, бірақ жеке мемлекет ретінде қалыптасу жолы күтіп тұрғандығын халық санасына орнықтыру, жаңа реформаларға жұмылдыру мәселесі алдыңғы қатарға шықты
Бұл жылдары «Егемен Қазақстан» газеті бұрыннан қатып қалған қасаң тақырыптардан, бір-бірінен аумайтын кескін-келбеттен арылып, тәуелсіз елдің жаңа мазмұндағы, жаңа сипаттағы газеті ретінде жарық көре бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жазылған мақалаларға батылдық, өткірлік, өзектілік тән еді. Халықтың жоғын жоқтаған қаламгерлеріміз: Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов бастаған публицистердің елдік мәселелерге арналған мақалалары осы газеттің бетінде жарияланды. Әсіресе белгілі публицистер: Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның екеуара жазысқан хаттары елдің ертеңіне алаңдаушылықтан туған еді.
Газет бетінде белгілі қаламгерлер мен публицистер тәуелсіз мемлекет ретіндегі ұлттық идеологиямыз, ұстанатын бағыт-бағдарымыз қандай болу керек деген мәселе төңірегінде ой бөлісті. Сондай соқталы, ірі ой-тұжырымдар «Тәуелсіздік талаптары» айдары аясында жарияланып тұрды. Осы айдар аясында жарияланған белгілі публицист Ержұман Смайылдың «Қазақ еліне адалдық анты қажет» деген мақаласында: «Тәуелсіздік алдық деп айдай әлемге жария етіп алып, енді біреудің әскери шылауына айналуымыз жарамас» деп, дербес өз әскерімізді құру мәселесін қозғайды.
Жалпы, тәуелсіздік алған жылдарда жазылған мақалалар бұрын айтуға болмайтын мәселелерге қалам тербеуімен ерекшеленді. Шын мәніндегі еркін, азат публицистика қалыптасты. «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалалар тақырыптық және проблемалық тұрғыдан байыды. Соған сай мазмұндық жағынан да публицистиканың өмірді шынайы қамту аясы кеңейді. Ақын-жазушылар, ғылыми мен мәдениет зиялыларының қалам тартуы бұрынғыдан да жиіледі.
Ұлттық тарих, алаш арыстары жайлы жарияланымдар газет бетінен үзбей орын алып келеді. Сонымен қатар елімізде іс тетігін ұстаған, әр саланың басшыларына сөз беріліп, олардың атқарып жатқан шаруаларына, жетістіктері мен кемшіліктеріне барлау жасалып отырады. Ел газеті «Egemen Qazaqstan» ұстанған бағытымыздың әлемдік саясаттағы мән-маңызына, халықаралық қарым-қатынастарда алар орнына, ұлы елдермен көршіліктің жүктейтін ұлы жауапкершіліктері туралы сараптама материалдарды да ұсынып келеді.
Кейінгі кезде газет 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін көрген, жазықсыз жапа шеккен ерлеріміз жайлы, жалпы елі үшін көзсіз ерліктерге барған асыл азаматтарымыздың аянышты тағдырлары туралы материалдарды жиі беруде. Қоғам өміріндегі игі өзгеріс, батыл бетбұрыстарды насихаттаумен қатар, көлеңкелі тұстарды орағытып өтпей, сын тезіне салып отыру – газет редакциясында ежелден қалыптасқан дәстүрі екеніне жоғарыда тоқталдық. Осының арқасында бүгінгі күні газеттің беделі көтеріліп, шын мәніндегі жалпыұлттық газетке айналғанын көріп отырмыз. Бұл газет тізгінін ұстған қаламы қарымды, қайраткер қаламгерлеріміз: Шерхан Мұртаза,Әбіш Кекілбай, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов сияқты және қазіргі басшы Дархан Қыдырәлінің шығармашылық әрі ұйымдастырушылық қарымының мықтылығымен келген бедел екендігін де айтуымыз керек.
Намазалы ОМАШҰЛЫ