Қоғам • 23 Қазан, 2019

Игілікті еңбек иесі

692 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Азаматты ардақтау, өнер иелерін өрелі сөзбен өз биігіне шығару қазақ халқына бірден-бір жарасатын жақсы мінез. Жақсының жақсылығын айту – жазылмаған заңдылық. Бұл ретте белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясы және Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Жөкейұлы Наурызбай есімін ерекше атауға болады. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасының алғашқы кәсіби Парламент депутаты Жұмағали Жөкейұлы бүгінгі таңда жетпіс жасқа толып отыр. Мерейлі күнде айтулы азамат жайлы азырақ сыр шерте кетуге болады.

Игілікті еңбек иесі

1949 жылы Жезқазған кен­тінде туған Жұмағаң алты жа­­­сында әкеден жетім қалса да, зерек ұл анасының берген бай тағылымымен жастайынан өлең-сөзге ерекше жақын, барған жерінде алқалы топтың алдына шығып небір мақамды дастандарды жаңылмай  жатқа соғатын болса керек.

Анасы баласының бойына көңіл иірімдерін тамыршыдай тап басатын сезімталдық, жырға құмарлық, білімге құш­тарлық, сын сағатта қорғаушы са­быр­лылық сияқты тамаша­ қасиеттер дарыта біледі. «Те­гінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан бас­қа нәрсеменен оздым ғой демек­тің бәрі де – ақымақтық» деген Абай сөзі осындайда еріксіз ойға оралады.

Жұмағали Жөкейұлы 1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің биология жә­не химия факультетін, 1998 жы­лы Абай атындағы Алматы мем­лекеттік университетінің заң факультетін үздік тәмам­даған талап иесі. Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі ал­ғашқы еңбек жолын 1972 жылы Жез­қазған қала­сында мектеп мұғалімі болып бас­тайды. Қатардағы мұғалім­нен техникум оқытушысы, уни­­верситет профессоры, кафе­дра меңгерушісі қызметтерін ат­қарып, 2000 жылы Ө.А.Бай­қоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры болып жоғарылайды.

Ж.Наурызбай 2011-2019 жыл­­­дары Ы. Алтынсарин атын­дағы Ұлттық білім академиясы Кәсіптік және жоғары білім институтының директоры болады.

Жалпы, адам баласы талмай талап қылса алынбайтын қамал бар ма? Педагогикалық қызметтің барлық сатысынан өтіп, ондаған жыл  айналасында Жұмағали Наурызбай есімі сарабдал сая­саткерлер қатарына қосылды. Ол 1977-1990 жылдары Жезқазған облыстық пар­­­тия комитетінде, одан соң Қа­зақстан Компартиясы Орта­лық комитетінде еңбек етіп, оқу орындары мен ғылыми мекемелерге басшылық жасады.

Егемен ел болып, көк бай­рақ көгімізде желбіреген жылдары ел билігін нығайтуға аян­­бай еңбек етті. Саясаттың кө­­рігін қыздыра білді. Атап айт­­сақ, Президент жанындағы Мем­лекеттік саясат жөніндегі ұлт­тық кеңестің жауапты хатшысы, Кеден одағына мүше елдер Парламентаралық қа­уым­дастығы бюросының, ТМД елдері Парламентаралық қауым­дастығы тұрақты коми­тетінің мүшесі болды.

1995-1999 жылдары Қазақ­стан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып­ сайланды. Бұл жылдары «Тұл­ғалар туралы толғаныс», «От­кры­тая политика» сынды  кі­тап­­тардың авторы атанды.

Жұмағали Жөкейұлының сал­мақ­ты саяси қызметіне көз жүгірт­сеңіз әлемді шарлауға болады. Бұған дәлел, оның  АҚШ Кон­гресінің Ұлттық қауіп­сіз­дік жөніндегі комитетінде, Пента­гон­­­да, Бельгияда, НАТО-ның­­ штаб-пә­терінде өткен се­­­ми­нар­лар мен кез­десу­­лер­ге, Иранда мұсылман ел­де­рі­ пар­­ламентшілерінің құ­рыл­­­­тай конфе­ренциясына­, Санкт-Петербургте ТМД ел­де­рі Парламентаралық Ассам­блеясына қатысуын айтуға бо­­­лады.

Адам мүмкіндігі шексіз екен­­дігіне Жұмағали Жөкейұлы айқын дәлел болады. Табиғат оған дарынды, қабілетті аямай сыйлаған. Оның ақындық өне­рі де өзінің дара болмысын кез кел­ген ортадан ерекшелеп тұ­ра­ды. Ж.Жөкейұлының «Ма­хаб­­бат киесі», «Лағындай ер­ке киік­тің», «Ғашықтық – ба­қыт», «Күз-көңіл» жинақтары бар.

Сондай-ақ Жұмағаң – көр­кемсөз шебері. Қазақстан Жур­на­листер одағы сый­лығы­ның ие­гері ретінде ол тіл сая­саты, бі­лім беру, мәдениет және ұлт­­­аралық қарым-қаты­нас мә­селелеріне арнал­ған көп­те­ген мақаласы жинақта­лып, «Ұлт­тың ұлы бола алсақ», «Өмір қақпасы» сияқты кітап­тары жарық көрді.

Жалпы айтқанда, Ж. Нау­рыз­бай отыздан астам кітаптар мен кітапшалардың, 500-ден ас­там мақалалардың авторы. Ға­лымның бұл шығармалары бі­лім беру, мәдениет, ұлттық сая­сат, еліміздің әлеуметтік саяси өміріндегі сан қырлы мә­се­лелерге арналған. Оның қа­­ламынан туған философия­лық эссе, аудармалар өз алдына жеке әңгімеге тақырып бо­ларлық толайым дүниелер.

Ж.Жөкейұлы ең алдымен елімізге белгілі ірі ғалым. Ал­ғашқы еңбек жылдарында із­де­німпаз, шығармашыл ұстаз ғана емес, ойлы оқы­мысты ре­тінде өзін таныта білген ол  1988 жылы КСРО Педа­гоги­ка­лық ғылым академия­сының Кә­сіби білім беру ғылыми-зерт­­теу институтында «Орта кә­­сіп­тік-техникалық училище оқу­­шыларының бейімделуіне педагогикалық басшылық» та­қы­рыбында кандидаттық диссертациясын қорғады.

1988 жылы Абай атында­ғы­ Алма­ты мемлекеттік универ­сите­тін­де «Оқы­тушылардың этно­мәдени бі­лім берудегі ғы­лы­ми-педагогикалық негіздері» та­қырыбында докторлық диссертация­сын қорғады. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комис­сиясының шешімі­мен оған профессор ғылыми атағы берілді.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Ж.Жөкейұлы «Ұлттық мек­теп­тің ұлы мұраты», «Этно­мә­дени білім» сияқты моногра­фия­лар­дың, оқу құралдарының авторы. Ғылыми мектебі қалып­тас­қан ұстаз 3 ғылым докторы мен 10 ғылым кандидатын да­йын­­дапты. Оның барлық ең­­бегінде  ұлттық мектепті жетіл­діру, этномәдени білім бе­ру, жан-жақты мәдениетті  тұл­ға қа­лып­­тастыру сияқты өзек­ті мә­се­лелер көрініс тауып оты­рады.

1990 жылдардың алғашқы жар­тысында республикалық га­­зет­тер мен журналдарда ға­лымның осы проблемаға ар­налған 100-ден астам мақа­ла­сы жария­ланыпты.

Ғалым-педагог әлемдік мә­дениеттің байлығын игерген еркін шығармашылық тұл­­ғаны тәрбиелеуді бас­ты­ мақ­сат тұтады. Туған ел мә­­де­ние­­тінің жетістіктерін одан әрі жетілдіруді көздейді. Ж.Нау­рызбай  өзінің ғылыми педа­гогикалық еңбектерінде қоғам­ның этномәдени өмірін­дегі осы заманғы үрдістерді атап көр­сетеді.

Қазақстан Республикасы­ның этно­мәдени білім беру тұ­жы­рымдамасының өзіндік да­муы ғалымның ұлттық мә­де­ниетімізді түбірімен қайта жаң­ғырту және дамытудың те­тігін терең түсінуге жол аш­­қан. Сонымен бірге оның ең­­бектерінде білім беру маз­мұ­нында ұлттық бастаулар мен жал­пы адами құндылықтарды үй­лестіре отырып, этномәдени дәстүрлерді жаңғырту басты мақсат етіп қойылған.

Жұмағали  Наурызбай Қа­зақ­­стан Республикасы Пар­­ламенті Мәжілісінің де­пута­ты болып қызмет ат­қар­ған кезде «Қазақстан Республи­ка­сының тіл саясаты», «Мемлекеттік жас­­­тар саясаты» тұжы­рым­да­ма­ларын, Қазақстан Респуб­ликасының білім туралы, мәде­ниет туралы, тіл туралы, көші-қон туралы, ұлттық қауіпсіздік ту­ралы заңдарын әзірлеп, тал­қылауға белсене қатысты.

Жұмағали Жөкейұлы үшін халық игілігі жолында қызмет ету саяси да маңызды міндет болып қалады. Ол өзінің журналистерге берген сұхбатында: «Мен өзімнің кәсіби педагог екен­дігімді мақтан етемін. Мен саясаткер ретінде ең ал­ды­­­мен балалардың, олар­дың мұ­ғалімдері мен ата-ана­ла­ры­ның мүдделерін қор­ғаймын. Жет­кіншек ұрпаққа, аналар мен мұ­ғалімдерге қам­қорлық жасау­ды көздей отырып, барлық қоғамның проблемаларын ше­шуді ойлаймын және бұл игі­лікті іспен ерекше шабытпен айналысамын», дейді ол.

Әлемде бейбітшілікті аңсау мен оны жүзеге асырудың ара­сы тым алшақ, алайда ғалам­дық қауымдастық осы жолдан өтуі тиіс. Автор өзінің ма­қа­­­ла­сында болашаққа деген се­­німді мынадай сөздерімен тұ­­жырымдайды. «Біздің тү­сінігімізде қарусыздану де­ге­німіз – қауіпсіз және күш қол­­данбайтын тұрақты да гүл­денген әлемге қол жеткізудің бас­ты құралы. Бұл – біздің бала­ларымыздың болашағы, жер планетасының жасампаз ұр­­пағының болашағы», дейді Ж.Наурызбай. Бұдан артық не айтуға болады.

Жезқазған облысы әкімі­нің орынбасары болып жұ­мыс істеген кезде сол өңірдің бі­лім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына бірқатар жаңалық енгізді. Оның басшылығымен Абай­дың 150 жылдығы, С.Сейфул­лин­нің 100 жылдығы, С.Мұ­хан­бетжа­новтың 70 жыл­ды­ғы, театрлардың республи­ка­­лық фес­тивалі сияқты рес­пуб­­ли­калық деңгейдегі елеу­лі мәдени шаралар ойдағыдай өткі­зілді. Ол Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жезқазғандық майдангерлер туралы сирек кездесетін мұрағаттық деректер кеңінен қамтылған «Боздақтар» атты кітаптың шығуына бас­тамашы болды және оны өзі басқарды.

Оның басшылығымен бес ғылыми практикалық конференция, қала тарихында ең  ал­ғаш рет «Жезқазған» энцикло­педиясы, «Жыр арқауы – Жез­қазған» өлеңдер жинағы баспадан шықты.  Сонымен қатар қала тарихында тұңғыш рет еліміздің 20-дан астам жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен студент жастар фес­тивалі өткізілді.

Оның шебер ұйымдастыру­шылық, тиімді басшылық ең­бектері мемлекет тарапынан ла­йықты бағаланды. Сондықтан III-IV шақырылған Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты және  Жезқазған қаласының құрметті азаматы атанды.

Ақиық ақын М.Мақатаев «Адамды адам түсіну – бір ғанибет, ойлы дос, түсініпсің рахмет!» демей ме. Профессор Ж.Жө­кейұлы адамдармен же­ке қарым-қатынасы мен мәде­ниеті жо­ғары деңгейде қалыптасқан тұл­ға. Ұжымды төртінші жұр­тына балаған ғалым – өмірлік тәжі­рибесін қолдана отырып­ ортақ мүддеге ұжымды ұйыс­тыра білу арқылы биік белес­терді бағындырды. Ғалым пәл­сапалық ойларында өмір атты өзенде қатар жүзетін ұжымға үйлесімді болу қызметкердің міндеті деп түсіндіреді. 

Ж.Наурызбай «Құр­мет»­ ­ор­­дені­м­ен, Қазақстан Рес­пуб­ликасының 8 медалімен, Ы.Алтынсарин және А. Бай­тұр­сынов атындағы төсбелгі­лермен, «Өнеркәсіпке қол­дау көрсету» Француз қауымдасты­ғының алтын медалімен мара­пат­талған.  Білім және ғы­лым министрлігінің «200 озат­ оқы­тушылар мен ғалым­дар»­ тізіміне, «Қазақстан Республи­ка­сы жоғары мектебінің көр­нек­ті  ғалым-педагогтары» энциклопедиясына енген көрнекті тұлға.

«Адам ерекше болып тумайды, ол өзін ісімен ерекше етеді» деген екен баяғының бір да­нышпаны. Шын мә­нісінде, Жұмағали Жөкейұлы кім?

Ол өзі сүйген халқының ла­йықты перзенті, ал оның осы құр­метке ие бо­луының сыры неде? Бұл күрделі сұ­рақтың жауабы қарапайым ғана, ол жо­ғары адамгершілік қасиет, жеке жауап­кершілікті сезіне білу – міне осындай асыл адами қасиеттерімен танылды. Ол қажырлы еңбек иесі, істің адамы. Оның асыл мұраты – әрдайым уақытпен үндес бо­лу, заманға сай ойлай білу, өр­кениет биігінен табылу дер едік.

 

Жанбол ЖЫЛБАЕВ,

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті