Міне, енді «Петербург трактор зауыты» АҚ (ПТЗ) қуаты жоғары тракторының жаңартылған, жаңғыртылған нұсқасы Қостанай трактор зауытынан шығарыла бастады. Жоба екі ел арасында осы жылдың сәуір айында келісілген болатын. Жаңа Қостанай трактор зауыты облыс орталығындағы Индустриялық аймаққа орналастырылған. Жаңа зауыттың ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуына бақылау орнату аясында өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Асқар Мамин қатысты. Үкімет басшысы жобаны жоғары бағалады.
–Бұл өндіріс еліміздің ауыл шаруашылығын отандық және сенімді, сапалы техникамен қамтамасыз ететін болады. Петербург трактор зауытымен ынтымақтаса жұмыс істеу Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперацияға қатысуын нығайтты. Біздің ресейлік әріптесімізге өнеркәсіп кооперациясына белсенді қатысқаны үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан ауылшаруашылық техникаларын өндіруді кеңейтуге мүдделі. Алдағы уақытта оны экспортқа шығаруымыз, жергіліктендіруді кеңейтуіміз, сервис деңгейін көтеруіміз керек. Бұл жоба отандық машина құрастыру ісінің стратегиясы екенін көрсетті, ал бұл мемлекет тарапынан әр уақытта қолдауға ие бола береді, – деді Асқар Мамин құттықтау сөзінде. «Петербург трактор зауыты» АҚ (ПТЗ) бас директоры Сергей Серебряков алдағы уақытта екі жақтың ынтымақтастығымен нарықты жоғары сапалы техникалармен қамтамасыз етуге сенімді екенін айтты.
–Бүгінде алдымен әріптестер тарапынан жоғары жауапкершілікті сезіп тұрмын. Жаңа технологиялық деңгейге жету, кадрларды даярлау, іс бастау оңай емес еді. Соның барлығы да тура айтқан уақытта жүзеге асып жатыр, оған Қазақстан Үкіметі, облыс әкімдігі, қос зауыттың мамандары мүмкіндік жасады. Алдағы уақытта қол қойылған келісімдер шеңберінде біздің байланысымыз арта беретін болады, – деді Сергей Серебряков.
Қостанай трактор зауытының жұмысын бастаған цех өндірістің алғашқы сатысы болып табылады, оған 2 миллиард теңге инвестиция салынды. Екінші, үшінші сатысы 2025 жылы аяқталады. Ол кезде жылына 700 трактор сапқа қойылатын болады, 500 қостанайлық жұмыспен қамтылады. Ең бастысы, цехта трактор сапқа қойылғанға дейінгі жұмыстың 50 пайызы жергіліктендіріледі. Келесі жылы Қостанай зауытында «Кировец» қуаты жоғары тракторының пластикалық бөліктерін шығару қолға алынады. 2021 жылдан бастап жоғары қысым, балласт жүктерінің түтіктерін, 2025 жылдан бастап, кабиналар, бактар, көтергіш жақтаулар, дискілер, кардан білігі, теңдестіргіш дайындау және тағы басқа қажетті бөліктердің барлығы өндіріледі. Үш кезеңде іске асырылатын жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 7 миллиардтан астам теңгені құрайды. Бірте-бірте жергіліктендірудің таразы басы осылай салмақтана бермек. Бүгінге дейін 40 шақты трактор сапқа қойылған, оның алтауы сатылып та үлгерді.
Қостанай трактор зауытының ашылу рәсімінде Премьер-Министрдің қатысуымен «Петербург трактор зауыты» АҚ (ПТЗ) бас директоры Сергей Серебряков және Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев «ПТЗ» АҚ-ның Қостанай трактор зауытының жарғылық капиталына кіруі туралы келісімге қол қойды. Осыдан кейін Асқар Мамин мен Сергей Серебряков «Кировец» қуаты жоғары тракторына мініп, сынап көрді.
Үкімет басшысы Асқар Мамин облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірге Қостанай қаласындағы «Қостанай-МБИ» үй құрылысы комбинатына, қайта жаңғырған «Большевичка» өнеркәсіп кооперативіне барды.
ҚОСТАНАЙ