Аймақтар • 28 Қазан, 2019

Тұрғындар сауалына жауап берді

299 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті.

Тұрғындар сауалына жауап берді

Кездесуге қала әкімі Ерлан Айта­ханов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғы­лым министрі Асхат Аймағам­бетов, Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетов, Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин қатысты.

Вице-премьер ел басшылығы мем­лекеттің әлеуметтік міндет­те­мелерін орындауға және әлеуметтік саланы дамытуға ерекше назар ауда­ратынын атап өтті. Бұған респуб­ликалық бюджеттің 45%-ға жуы­ғының әлеуметтік салаға бағыт­тал­ғаны дәлел. Алайда, қолдау масылдық пиғылдың өршуіне соқты­р­мауы керек. Мемлекеттік көмек тек мұқтаж азаматтарға көрсе­тілуі керек. Осыған байланыс­ты Үкімет заңнамаға тиісті өзгеріс­тер енгізуді жоспарлап отыр.

Бердібек Сапарбаев әлеуметтік қорғау, дарынды балаларды қолдау, жұмыспен қамту, мәдениет пен спорт­ты дамыту туралы айтты.

Шымкенттіктер вице-премьер мен министрлерге өз сұрақ­тарын қойып, қалаулары мен ұсы­ныс­тарын жеткізді. Атап айтсақ, жемқор­лықпен күресті күшейту, білім беру сапасын арттыру, халық­тың әлеуметтік әлсіз топтарын қол­дау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да мәселелер қозғалды. Бар­лық сұрақтарға жауап берілді. Қосым­ша пысықтауды қажет ететін мәсе­лелер бойынша вице-премьер заңна­маға сәйкес мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде жауап беруді тапсырды.

Мегаполистің жас белсен­ді­лерімен, ғалымдарымен, кәсіпкер­лерімен және спортшыларымен кездесу кезінде Б. Сапарбаев жастардың сұрақтарына жауап берді.

Студенттер білім беру, спортты дамыту, жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мә­селелеріне қызығушылық танытты.

«Бәсекелестік барлық жерде болуы керек, әсіресе студенттер арасында. 2019 жыл ‒ Жастар жылы. Бұл біртіндеп Еріктілер жылына айналады. Мен өңірлерге жиі барамын, жастармен кездесемін. Көптеген өршіл және мақсатты адамдарды көремін. Сіздерде барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, жақсы білім алу мүмкіндігі бар. Енді ЖОО-лардың рейтингі түлектерді жұмысқа орналастыру және олардың нарықтағы сұранысы бойынша жасалады», деп атап өтті Б. Сапарбаев.

Кездесу аясында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин жастар саясатын жүзеге асыру туралы айтты. Оның айтуынша, еліміздің барлық аймақтарында көмек көрсетуге бағытталған 200-ден астам ресурстық орталық, сон­дай-ақ жастар саясаты саласында 500-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Сонымен қатар жас ұрпақты ынталандыруға және қолдауға бағытталған, Жастар жылы аясында қабылданған Жол картасы сәтті жүзеге асырылуда.

«Жол картасы 5 негізгі бағыттан тұрады. Бұл жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту, білім беру мен волонтерлікті дамыту, жас­тар­дың әлеуметтік белсенділігін дамыту, жас отбасыларды қол­дауға, денсаулықты нығайтуға және әлеуметтік инклюзивтілікті қол­дауға бағытталған шаралар кеше­ні. Мәселен, Шымкентте жуырда жұмыс істейтін жастарға жалдамалы баспана беру мәселесі басталады. 900 пәтер беру жоспарда бар», деді Данияр Есин.

Өз кезегінде, вице-премьер жас­тарға масылдық көңіл күйді жоюға және жаңа цифрлы технологияларды игеруге, білім мен еңбекқорлыққа ұмтылуға кеңес берді.

«Жастарға мемлекеттік гранттар бөлінуде. Қазір жұмыс істейтін және дамитын уақыт. Оның үстіне мемлекет теңдессіз мүмкіндіктер жасап жатыр. Жыл сайын үш мегаполистің жас мамандарына мыңдаған жалдамалы пәтер беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады», деді Премьер-Министрдің орынбасары.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ магистранты Сәкен Сағындым жастар мәслихаттарының даму перспективалары туралы сұрады.

«Билікке жастарды көбірек тартуымыз керек. Мұны ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар қолға алуы керек. Мұндай мәслихаттар кейбір қалаларда, соның ішінде Шымкентте де құрылған. Олардың жұмысы тек күшейе түседі. Қазір мемлекеттік қызметте жас, білімді адамдар аз емес, бұл қуантарлық жағдай», деді вице-премьер.

Кездесуге қатысушылар жас кәсіпкерлерді, олардың стартаптары мен бастамаларын қолдау туралы ұсыныстарын жеткізді. Солардың бірі – воркаут-қозғалысын дамыту. Қазір Шымкентте осындай жеті спорт алаңы бар.

Сонымен қатар Бердібек Сапар­баев азаматтарды жеке мәселе­лері бойынша қабылдап, қала ардагер­лерімен кездесті.