Қоғам • 30 Қазан, 2019

Жемқорлықпен күрес үздіксіз жүреді

492 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғам дертімен бірлесіп күрес­кенде ғана ұтамыз. Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық дерегі туралы ресми органға хабар бергендерді көтермелеу шара­лары қолданылып келеді. Мысалы, Атырау облысында 30 адам келеңсіз көрініске куә болып, үнсіз қалмай, тиісті қызметті құлақтандырғандары үшін жалпы сомасы 4,5 млн теңге көлемінде сыйақы алған. Бұл азаматтық қоғамның белсенділігін аңғартса, медальдың екінші беті бары секілді, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық деректерінің де көбейгенін көрсетеді.

Жемқорлықпен күрес үздіксіз жүреді

 

Заң жүзінде қанша қатал шаралар қолданылып жатса да, жең ұшынан жал­ғас­қан сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне толық тосқауыл болар емес. Атыраудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жыл басынан бері 116 қылмыстық құқық­ бұзу­шы­лықты анықтады. Әсіресе мемлекет қаржысын талан-таражға салу, пара алу секілді келеңсіз жайттар жиі орын алып отыр.

–Биылдың өзінде 44 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – дейді Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гі­нің облыстағы департаментінің басшысы Нығмеджан Сапаров. – Тіркелген қыл­мыстардың 55-і білім саласына, 15-і ауыл шаруашылығына, 11-і мәдениет, спорт, 6-уы әлеуметтік қамсыздандыру, 16-сы кә­сіпкерлікті қорғау саласына тие­сі­лі. Мем­ле­кеттік бағдарламалардағы қара­жат­ты жым­қыру деректері бойынша 36 қылмыс анық­талды. Сондай-ақ жергілікті әкімдікте 85 сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкере­лен­се, мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзған 44 дерек белгілі болды. Осылардың барлы­ғының кесірінен мемлекетке 273,4 млн теңге залал келтіріліп, соның 99%-ы кері өн­дірілді.

Биыл «Transparensy International Kazakhstan» ұйымы еліміздегі сыбайлас жем­қорлық деңгейінің таралуына, осы ке­селге бейім салалар мен мемлекеттік орган­­дар жөнінде арнайы зерттеу жұмы­сын жүргізген. Әлеуметтік сауалнама қор­тын­­дысы, әсіресе денсаулық сақтау саласында, полиция органдарының қызметі мен жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелінің жоғары екенін көрсеткен. «Осы тәуекелдерді жою мақ­са­тында Агенттіктің Атырау облысы бо­йынша департаментімен «Атырау – адал­дық алаңы» жобалық кеңсесінің, «Адал жол», «Сапалы жол», «Саналы ұрпақ», «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы», «Бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобаларының қызметін үйлестіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп отыр», – дейді Нығметжан Сапаров. Мысал айтар болсақ, шілде, тамыз, қыркүйек айларында «Адал жол» жобасының жұмысшы тобымен темір жол саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін жою мақсатында «Атырау-Алматы», «Манғышлақ-Атырау», «Атырау-Ақтөбе», «Атырау-Нұр-Сұлтан» және «Ташкент-Ургенч-Саратов» бағыт­та­рындағы пойыздарға 12 рет рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде, билетсіз пойызға мінген 5 жолаушы, 50 кг заңсыз тасымалданған жүк, 2 техникалық кемшілік анықталып, 5 жолсерікке қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

«Бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобасы аясында «KAZAKH INVEST» АҚ Атырау филиалымен, Аты­рау облыстық кәсіпкерлік палатасымен бір­лескен жұмыстардың нәтижесінде кә­сіп­­керлердің 171 млрд 109 млн 900 мың теңгенің 13 инвестициялық жобалары қорғауға алынды. Кәсіпкерлерден түскен 17 өтініштің 15-і қанағаттандырылды. Кәсіп­кер­лерге көп жағдайда жер телімдерін алу, кеңейту, субсидия алу жұмыстары кезінде қиындықтар туындайтыны анықталды. «Яғни, көрсетілген жағдай «Transparensy International Kazakhstan» ұйымының зерт­теуінде жазылған жер қатынастары сала­сын­дағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейі бойынша мәліметтермен сәйкес келеді»,  дейді департамент басшысы.

Соңғы кездері Атыраудағы денсаулық сақтау саласы жиі сынға ілігіп кетті. Кадр жетіспеушілігі, медициналық қызмет көрсетудің төмендігі, азаматтардың қызмет көрсету сапасына көңілдері толмауы бұл салаға қойылатын сынның жүгін ауырлатып отыр. «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлерімен жүргізілген мониторингтік жұмыстар барысында да олқылықтар анықталған. Айталық «Атырау– адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлері облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет депар­таментінің жанынан құрылған Арнайы мониторингтік топтың мүше­ле­рімен бірлесіп, тамыз айында облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық балалар ауруханасында мони­торинг­тік жұмыстар жүргізді. Сол кезде аурухана қызметкерлерінің зейнетақы жарна­лары зейнетақы қорларына толық және уақытылы түспейтіні белгілі болған. Аталған департамент өз кезегінде анық­тал­ған кемшіліктер бойынша шара алу жөнінде уәкілетті органдарға ұсыныс жол­дап, нәтижесінде «Атырау облыстық бала­лар ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына айыппұл түрінде 2 500 003 теңге айыппұл салынып, қызметкерлердің зейнетақылары толығымен аударылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес­ке бағытталған жұмыстар мұнымен шектел­мей­ді. Жаңа жобалар мен тың бастамалар қоғамның келеңсіз көрінісінің алдын алуды мақсат етіп отыр.

 

АТЫРАУ