Парламент • 31 Қазан, 2019

Қазақстан-Түркия: Әскери ынтымақтастық нығаяды

372 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар бірқатар келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын мақұлдады.

Қазақстан-Түркия: Әскери ынтымақтастық нығаяды

 

Әскери ынтымақтастық саласындағы жаңа келісім

Алқалы жиынның күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде болды. Бұл туралы Мәжіліс мінберінде Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев егжей-тегжейлі баяндады.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы аталған келісімге 2018 жылдың қыркүйегінде Анкарада қол қойылды. Түркия – Қазақстанның маңызды әрі негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Осы уақытқа дейін екі мемлекет ара­сындағы әскери бағыттағы ынтымақ­тастық 1993 жылғы 8 тамыздағы әскери білім саласындағы, сондай-ақ 1994 жылғы 23 ақпандағы әскери ғылым, техника және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде жүзеге асырылып келеді. Жоғарыда аталған халықаралық шарттардың кейбір ережелері екі мемлекеттің қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмеуі және оларда іс-шараларды өткізу бойынша қаржылық шығыстармен қамтамасыз ету тәртібінің болмауына байланыс­ты әскери ынтымақтастық саласында жаңа келісім жасау туралы шешім қабылданған еді.

– Қарастырылып отырған келісімнің мақсаты тараптар арасындағы тең құқықтық пен өзара тиімділік қағидаттар негізінде әскери ынтымақтастықты дамытуға негізделген. Келісім әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік транзиті, медициналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі, сондай-ақ басқа да мәселелерді көздейді. Осы құжатты іске асыру бойынша шаралар тараптармен бірлесіп әзірлеген Жылдық ынтымақтастық жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Келісімді іске асыру Қазақстанның әскери саладағы мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етеді және екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықтың дамуына оң әсер етеді, – деді Т.Дәндібаев.

Министрлік өкілінің баяндамасынан соң депутаттар келісімді мақұлдады.

 Сотталған адамдар жазасын өз елінде өтейді

Бұдан кейін халық қалаулыларының назарына Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов «Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын ұсынды.

Бұл заң жобасы 2018 жылы нау­рызда елордада жасалған шартты рати­фи­кациялауға бағытталған. Құжат екі ел арасындағы құқықтық қарым-қа­тынасқа қорытынды жасайды. Шарт сотталған адамның жазасын өз елінде өтеуді қамтамасыз етпек. Құжат бойынша сотталған адамды беру үшін тиісті негіздер ескерілген. Бұл тұрғыда адам қабылдаушы тараптың азаматы болуы, жасалған әрекет екі жақтың заңы бо­йынша қылмыс деп саналуы, өтелмеген жаза кемінде бір жылды құрауы керек.

– Әрине құжатта сотталған адамдарды беруден бас тарту негіздері де қарастырылған. Мысалы, ел егемен­ді­гіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін болса, сотталған адам қылмыстан келген залалын өтемесе немесе біздің азаматтарға қарыз болса өз еліне қайтарылмайды. Қазіргі таңда Моңғолияда жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтары жоқ. Ал елімізде Моңғолияның 5 азаматы жазасын өтеп жатыр, – деді М.Ахметжанов.

Жалпы, Қазақстан аталған құжатқа ұқсас шартты 22 мемлекетпен бекіткен. Жақында осындай құжатқа Өзбекстан, Вьетнам, Кипр, Аргентина, Доминикан және басқа да елдермен қол қою жоспарланыпты. Ал Моңғолиямен жасалған келісімге осы отырыста депутаттар қолдау көрсетті.

Сонымен қатар пленарлық отырыста депутаттар Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасында еңбекші көшіп-қонушылардың еңбек қызметі мен құқықтарын қорғау туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын қарады.

Бұған қоса салықтық базаны бүрке­мелеуге және пайданы салық салу аясынан алып кетуге қарсы іс-қимыл жа­сау мақсатында салық келісімдеріне қа­тысты шараларды орындау жөніндегі көпжақты конвенцияны ратификациялауды назарға алды.

 Тіл орталықтарын сақтауға тиіспіз

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралған соң әдеттегідей депутаттар Үкіметке ба­ғытталған депутаттық сауалдарын жолдады. Мысалы, мәжілісмен Фах­риддин Қаратаев Nur Otan партия­сы фракциясы мүшелерінің атынан Премьер-Министр Асқар Маминге жолдаған сауалында мемлекеттік тілге қатысты бірнеше мәселені көтерді. Ол, әсіресе, Елбасының 2025 жылға дейін барлық қазақстандықтың 95 пайы­зы мемлекеттік тілді меңгереді деген мін­детін жүзеге асыру үшін тілдік құры­лымдарды сақтауға мән берді.

– Тiл туралы заңның және Мемлекеттік бағдарлама міндеттерін іске асыру үшін облыстық және республикалық дәрежедегі әкімдіктерде Тілдерді дамыту басқармалары және соларға қарасты тілдерді оқыту орталықтары құрылған еді. Алайда, қазір бірнеше облыста Тілдерді дамыту басқармалары өзге басқармаларға қосылып, тілдерді оқыту орталықтары жабылып, мемлекеттік емес секторға өтіп жатыр. Ақмола, Қызылорда облыстық Тілдерді дамыту басқармалары Ішкі саясат басқармасының құрамына енгізілген. Нұр-Сұлтан қаласында Тілдерді дамыту мен Архив ісі басқармалары біріктірілген. Павлодар және Маңғыстау облыстарында, тіпті Мәдениет, Тілдерді дамыту және Архив ісі басқармалары қосылып кеткен. Алматы қаласында басқарма мүлде жойылып, қазіргі кезде қала әкімі аппаратында осы мәселе бо­йынша бірнеше маман ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ Атырау, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында Тілдерді дамыту басқармалары мүлдем жоқ. Латын әліпбиі қазақтілді ортаға енгізіледі десек, онда бұл өңірлерде тілдік реформаны жүргізу үлкен кедергілерге ұшырайды. Тіл орталықтарында да жағдай осындай, – деді депутат.

Сондай-ақ Аманжан Жамалов, Құралай Қаракен, Роман Ким және Наринэ Микаелян өздерінің сауалдарында ауыл шаруашылығын дамыту, экология, жерасты су қоры мәселелерін көтерді.