26 Наурыз, 2010

НҰРА АУЫЛЫНДАҒЫ НҰРЛЫ КҮН

986 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Дінің тұрсын дін аман Ұлық мереке күні ауылда жаңа мешіт ашылды Қыс салқыны әлі кете қой­ма­ғанымен, ақ қар, көк мұздың кө­бесін сөгіп, күн мен түнді те­ңес­тірген, барша тіршілік иелерін қуанышқа кенелдірген жыл басы 22 наурызда Нұра ауылының кө­гінде жарқырай нұр шашып тұрды.  Жағалай үш-төрт киіз үй тігіліп тасталған. Көшеге сахна орнатылып, қазақы ән-күй әуені көңілді шалқытып асқақтата түскендей. Мұндағы осы жолғы наурыз­дың бір ерекше қуанышты оқи­ғасы сол, осынау ұлыстың ұлы күні еңселі жаңа мешіт ашылып, ауыл­дағы ақ ниетті барлық мұ­сылман қауымның имандылық игілігіне айналды. Бұл ізгілікті ғамалдың жай-жапсарын ауылдық округтің әкімі Дәлібай Әбдіғұлов пен “Нұр Отан” партиясының осы округтегі бөлімше төрағасының орынбасары Әзімжан Нұрәбілов кеңірек баяндады. Бір айтарлығы, бұл Нұраның өзі әзелден-ақ құт қонып, береке дарыған байырғы да баянды ауылдардың қатарына жа­та­ды. Бұрындары колхоз да болған, совхоз да орнаған. Белгілі азаматтар шыққан. Дәулет-сәулетімен республикаға кеңінен танылған. Ана бір өтпелі кездегі нарық қиындығын да елден бұрын еңсеріп, өз беттерімен тірлік жа­сап, береке-бірлікпен, еселі ең­бекпен адал несібесін айырып, ауыз­дан ақ май ағызар қазіргі шү­кір­шілік күндерге ертерек қол жет­кізген де осы Нұраның атпал азаматтары десек, қателеспейміз. Тегінен дарыған, уызынан жарыған бұл ауылда имандылық мәселесі де бұрыннан-ақ ілтипатты назарда болған екен. Осы сөзімізді тірілте кетсек, дәл бүгінге дейін, жиырма жылға жуық, жамағатты дін исламға ұйытып келген алғаш­қы мешіттің іргетасы сонау Кеңес өкіметі қайнап тұрған 1990 жы­лы қаланған көрінеді. Еңселі жаңа мешіттің қасындағы бұл ескі мешіт үйі ендігі жерде жастарды хақ дінге баулитын, жеткіншектерге дін саба­ғы жүргізілетін медресеге айнал­мақ. Сол мешітте 22 жыл наиб имам, ауыл молдасы болған Ха­лық атаға мешіт ашылу сал­та­на­ты­ның үстінде ауыл азамат­та­ры­ның арғымақ ат мінгізіп, шапан жабуын да тамырын иман­ды­лық­тан тартқан үлкен ұлағаттылық деп білдік. Қызыл кірпіштен қаланып, күмбезі сонадайдан көз тартқан, мәзіншінің мұнарасы биікке бой­лаған еңселі мешіт ғимаратын өз қаржысына салып, туған ауылына сыйға тартушы Серік Есдәулетовті де осы арадан көрдік. Шымыр де­нелі, байсалды жігіт. Өзі де құ­ры­лысшы. Осы ауылдың тумасы. Ал­матыда тұрады. Ізінен ерген Ерік деген інісі бар. Мінеки, осы кәсіп­­кер жігіттер Елбасы Жол­да­уындағы әр азаматты өзінің туған ауылына көмектесіп қолұшын беруге шақырған үндеуге жүрек қалауымен үн қатқан. Жаңа мешітке ақсақалдардың ұйғаруымен колхоздың негізін қа­лас­қан, Ұлы Отан соғысына қа­тысқан, ел мен жерге еңбегі сіңген Бұралқиев Әбілда атаның аты бе­ріліпті. Ол кісінің кешегі ел ба­сына күн туған, ер етікпен су кеш­кен алмағайып заманда табан­ды­лық танытқан қасиеті мол жан бол­ғандығы бүгінгі ұрпақтың есін­де қалыпты. Сондай-ақ, бұрын­ғы “Школьная” көшесі Әбілда ата­ның, Төле би шағын ауда­нындағы және бір көше Ұлы Отан соғы­сы­ның шәһиті Құрманғали Бұ­рал­қиевтің атымен аталатын болды. Сөз ретімен осы арада айта кетсек, Әбілда ата атындағы мешіт ау­ла­сында 1941-1945 жылдарда осы Нұра ауылынан Отан қорғауға ат­танып, қан кешуден қайтып ор­ал­маған боздақтардың аттары тас­қа қашалып жазылған сынтас тү­рін­дегі ескерткіш тақта қоса ор­на­ты­лыпты. Ел анасы Мар­жан­бала әже­­нің мүбәрак қолымен ескерт­кіш тақтаның ашылу рәсімінің куәсі болдық. Сол арада соғыс құр­­­­­бандары мен кешегі Қы­зыл­ағаш ауылындағы қайғылы нәу­бет­тің шәһиттеріне Құран бағыш­та­луы өткенге – салауат, ертеңге  ама­наттай болып көрінді. “Отанды сүю – иманнан” деген пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінің ізгілікті мәні де осы арада тереңдей ашыла түскен­дей. Әбілда ата мешітін ашу рәсімін орайымен жүргізген Талғар аудан­дық мешіті имамының баспасөз хатшысы Кәмнұр Тәлімұлы: “Ме­шіт – Бәйтолла деген Қағ­ба­ның бір бөлімшесі. Ол адам пен­десінің Алла тағалаға деген құл­шылық тілегін қабылдап, жә­н­натқа жол ашатын, жүрегімізге иман нұрын шашатын ең қасиетті де қастерлі киелі орын” деп жұртты ұйыта сөйледі. Ең әуелі Талғар ауданы орталық мешітінің наиб имамы Нұржан Әбдікерімұлы пайғам­ба­ры­мыз мұсылмандардың қал­қа­нына теңеген мешіттің ашылу құрметіне Құран оқыды. Бұдан соң Алматы облысының өкіл имамы Мұх­тар қажы Сардарбекұлы құт­тықтау сөз сөйлеп, бірсыпыра уағыз айта келе, жаңа мешітке Елбасы ықыласымен шыққан Құ­ран Кәрім кітабын сыйға тартты. Келесі кезекте Талғар ауданы әкімінің орынбасары Талғат Жұ­ма­ғұлов, көрші Туғанбай ауы­лының ақсақалы Рақымжан қажы Мәл­кеев, Өстемір ауылынан Ержан қажы Кәкімбайұлы, Нұра ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Кемал Баялбаев, 3 жыл бұрын Туғанбайда осындай мешіт салған кәсіпкер Мұрат Нұр­ға­зиев­тар құттықтау лебіздерін арнап, айтыскер ақын, Мәдениет үйінің ди­ректоры Әбдіғани Бәзілхан жырдан шашу шашса, әкім Дә­лі­бай Әбдіғұлов пен атбегі кәсіпкер Айтбек Балабеков бастаған ауыл азаматтарының жаңа мешіттің имамы Әділхан Сатыбалдиевке жеңіл автокөлік, мешітті салушы Серік Советжанұлына ат мінгізіп, үстеріне шапан жауып, сый-құрмет көрсетуі де елдің береке-бірлігін паш етіп тұрғандай болды. Сол арада ақсақалдар мен хақ діннің шырақшылары лентаны қи­ып, Әбілда ата мешітін сал­та­натпен ашты. Жиылған жамағат құдай үйіне кіріп, екі бас сәлем намазын оқыды. Мұсылмандық пен ізгіліктің қазақы жол-жо­ра­лары одан әрі жалғасты. Бұ­рын­нан-ақ ұйтқылы имандылық өрісі кеңейе түскен, осы бір нұрлы күні ұлық наурыз бен жаңа мешіт ашыл­уын қатар тойлаған Нұра ауылынан біз де қуанып аттандық. Қорғанбек АМАНЖОЛ.