МӘМС жүйесінде біздің медициналық қызмет ақысыз медициналық қызметтерді ғана емес, сонымен қатар медициналық көмектің кең спектрін қамтитын екі толық пакетті – сақтандыру және кепілдендірілген тегін медициналық көмекті ұсына алады. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, адамдар учаскелік дәрігерлермен ақысыз байланыса алады және жедел медициналық көмек ала алады.
Жүрек-қан тамырлары аурулары, қоғам үшін қауіпті аурулар, АҚТҚ, туберкулез сияқты амбулаториялық-эпидемиологиялық негізде басқарылатын инфекциялық емес созылмалы аурулары бар, мысалы, қант диабеті, астма сияқты әлеуметтік мәні бар науқастарға медициналық көмектің толық спектрі көрсетіледі. Ақысыз пакет халықтың көп бөлігін қамтиды және қазіргі кезде бізде жоғары өлім мен мүгедектікке душар ететін барлық ауруды емдеуге кепілдік береді. Мұны адамгершілікке, пациентке бағытталған тәсіл деп санаймын және қазақстандық медициналық сақтандыру жүйесінің үлкен артықшылығы деп білемін.
Сақтандыру пакетіне амбулаториялық-емханалық көмек, бастапқы медициналық-санитарлық көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек, консультациялық-диагностикалық көмек кеңестерінің кең спектрі, дәрігердің рецепті бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық көмек, жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қоса алғанда емдеуге жатқызу жоспарланған жағдайлар, шұғыл көрсетімдер, стационарды алмастыратын көмек, оңалту қызметтері кіреді.
Тұрғындар, біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала алады; екіншіден, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатылады; үшіншіден, сапасыз қызмет көрсетілген немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысушы ретінде құқықтары бұзылған жағдайда Қор сақтандырылған азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Төртіншіден, МӘМС жүйесін енгізу көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Sana Vita Clinic» ЖШС медициналық мекемесі – әлеуметтік сақтандыру қорының қызметтерін жеткізушілердің бірі. Қазақстанның барлық өңірінде 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында тіркеу науқаны өткізілді. Қазір бұл мекемені таңдаған адамдар айтарлықтай көп. Атап айтқанда, клиника бойынша тіркеуде 11900 адам тұрса, соның ішінде биыл өз еркімен тіркеуге тұрған адам саны – 2493, ересектер – 1078, 18 жасқа дейінгі балалар саны – 1415 жанды құрады.
Менің аталған мекемеде еңбек еткеніме 12 жылдан асты, көптеген өзгерістер көрдік, қаншама жүйелермен жұмыс жасадық. Бүгінде біз кешенді медициналық ақпараттық жүйеге ауыстық. Бұл пациенттер туралы барлық деректердің, олардың диагноздары мен тағайындалған дәрі-дәрмектер мен процедуралары бірыңғай дерекқорда сақталатынын білдіреді. Осы арқылы МӘМС жүйесін енгізу оңайырақ болады деп ойлаймын. Қазір медициналық қызметкерлеріміз ТМКК және МӘМС қызметтерін көрсету мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Яғни МӘМС жүйесінде жұмыс істеуге дайынбыз десем болады. Өйткені МӘМС жүйесі енгізілген соң, медицинада көп өзгеріс болатынына сенімдімін. Жаңа жүйенің енгізілуімен медициналық қызметтер нарығында ойын ережелері өзгеруі керек. Жүйедегі қатынастардың сипаты әртүрлі болады: мемлекеттік және жеке клиникалар клиенттер үшін медициналық қызметтерді сатып алушымен салыстырмалы түрде тең дәрежеде бәсекелеседі, сонымен қатар олардың сапасын бақылайды. МӘМС жүйесін енгізудің пайдасын медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдар, тұрғындар және мемлекет те көреді деп сенеміз.
Зәуре ХАРАШАЕВА,
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Sana Vita Clinic» ЖШС жекеменшік клиникасы басшысының орынбасары