Жолдаудың жекелеген тезистері қылмыстық құқық бұзушылықтардың (жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері, есірткі құралдарын заңсыз өткізу және басқалары), сондай-ақ жеке тұлғаға қарсы, әсіресе балалардың құқықтарына, бостандықтары мен мүдделеріне қарсы қылмыстар мысалында қазақстандық қылмыстық заңнаманы шамадан тыс ізгілендіру салаларының мәселелерін қамтыды.
Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, яғни қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың белгілі бір себептерге байланысты (залалды өтеу, қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін не жоққа шығаратын мән-жайлардың болуы), өз мақсатын көздейтін жауаптылығын, оның ішінде гуманистік принциппен салынған идеяларға қол жеткізуді жеңілдету.
Осы орайда, қалыптасқан практиканы ескере отырып, шектен тыс ізгілендіру өз кезегінде қылмыстық құқық пен заңнаманың басқа негіз қалаушы қағидатын бұзуға – жасалған құқық бұзушылық үшін жауапкершілік пен жазалаудың қолданылмай қалатындығына әкеп соқтыратынын түсіну қажет. #НеМолчиДетиKZ қоғамдық бірлестігінің директоры Алмат Мұхамеджанов, Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында ресми статистика негізінде атап көрсеткендей, Қазақстанда әйел адам әр үш сағат сайын және екі бала күн сайын зорланатынын айтып өтті.
Мұндай сипаттағы қылмыстар үшін қолданыстағы жазалар, сол сияқты қылмыскердің қылмыстық жауапкершілігін жеңілдетуге не болдырмауға мүмкіндік беретін ҚР Қылмыстық кодексінің жекелеген ережелері заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап ететінін көрсетеді. ҚР ҚК 121-бабының бірінші бөлімі (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдалану бойынша еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе жәбірленушіге немесе басқа адамдарға жасалған сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер үшін үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. ҚР ҚК-нің 135-бабы (Кәмелетке толмағандар саудасы) кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Қылмыскерлерді қамаудың нақты мерзімдері қылмыстық заңнаманың босату, қылмыстық жауаптылықтан жеңілдету, жазаның бір түрін басқасына ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселелеріне қатысты қолданыстағы нормаларын ескере отырып, ҚР ҚК Ерекше бөлімінің тиісті баптарының санкцияларымен белгіленгеннен айтарлықтай аз. Бұл ретте, ҚР ҚК 11-бабында белгіленген қылмыстың ауырлық дәрежесі (қылмыс санаттары) маңызды мәнге ие, өйткені жоғарыда көрсетілген қорытынды мерзімдерін азайту тәсілдерін қолдану мүмкіндіктерін береді. Мысалы, ауырлығы орташа қылмыстарға, яғни бас бостандығынан айыру мерзімі бес жылдан аспайтын қылмыстарға, оның ішінде 105-баптың бірінші және екінші бөлімінде (өзіне өзі қол жұмсауға дейін жеткізу), 107-бапта (денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру), 110-баптың бірінші бөлімінде (азаптау), 116-баптың бірінші бөлімінде (адамның мүшелері мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу), 120-баптың бірінші бөлімінде (зорлау) және жеке адамға қарсы өзге де қылмыстар жатады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары болып табылады. Қолданыстағы қылмыстық заңнама осы нормамен белгіленген қағидаттарды басшылыққа ала отырып, біздің мемлекетіміздің негізгі және жоғары құндылығына қол жеткізу үшін жазаның лайықты болуына кепілдік беретін өзгерістер болуы тиіс.
Марат ЖҰМАҒҰЛОВ,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары