Қоғам • 01 Қараша, 2019

Ұрпақ сабақтастығының ұясы

389 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылдың қуанышты үлкен жаңалықтарының бірі ел Прездиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық білім беру жүйесі қызметкерлерінің педагогикалық тамыз мәслихатына қатысуы болды. Тәуел­сіздіктің ширек ғасырдан астам тарихында бұл жиынға Мемлекет басшысы тұңғыш рет қатысып, сөз сөйледі.

Ұрпақ сабақтастығының ұясы

Еліміздің білім беру саласын дамытудың тың көзқарасқа толы кең ауқымды бағдарламалық сөзі қоғамның арқа тірегі ұстаздар қауымының тың серпілісін, мақтанышын туғызды. Әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ғибратты сөзін тілге тиек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл аударып айт­қан ой-толғамы, салиқалы бағыт-бағдары көп­тің көңілінен шықты. Халқымызды күпті ете бас­таған ұл-қыздарымыздың тәрбиесіндегі көп ол­қы­лықтың бетін ашып, шешудің жолын тауып, жұмыла кірісуге шақырды. Қазақстандық мек­теп құрамыз деп, реформалар енгізудегі асығыс­тыққа ұрынып, өрімтал ұл, қыз тәрбиесі екінші кезек­ке ысырылып, ақсатып алғанымызды қадап айтты. Ұлттық тәрбиенің бастауы, ұлт­тық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңі­ру­дің қайнары отбасы институтының, әке мен ана мектебінің ықпалын көтеруге білім жүйесі қызметкерлерінің белсенділігін арттыруды тап­сыр­ды. Қоғамның даму дөңгелегін айнал­ды­ра­тын  ұстаз, ата-ана және жас ұрпақ бірлес­тігінің, ын­ты­мақтастығының артуына баса көңіл аударды.

Иә, отбасында ұлттық тәрбиенің мәйегіне қанбай өскен ұл-қыздардың өз ұлтының жақсысы үшін жүрекжарды қуана алмайтын, ән-күйіне тұшынбайтын, сүйсінбейтін, мәдениеті мен әдебиетін түсінбейтін, тіпті менсінбейтін халге жеткен рухани кемістігіне күйінеміз. Олар қандай білімді болса да өз ұлтына жат адамдар сияқты күй кешуде. Сондықтан жаңа оқу жылы басталысымен-ақ Президент Жолдауында тереңдетіле жалғасын тапқан жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты қоғамдық маңызды қағидат, бірінші кезекте, орта білім беретін мектептер ұжымдары тарапынан кең қолдау табуда. Бастауыш буынның қазақ сыныптары ұстаздары ұйымдастыруымен «Отбасым – тал бесігім» тақырыбымен өткен астаналық №80 орта мектептің акт залында қала мектептері мұғалімдері мен ата-аналар бас қосқан үлкен жиын мұның айқын көрінісі болды. Жиынға жетекшілік еткен, біз қатысқан, аға ұрпақ пен орта буын өкілі және бастауыш сынып оқушысы, сондай-ақ жас отбасы, көп балалы отбасы, аяулы әже немерелерімен сахна төріне жайғасты. Әдеттегідей баяу басталған жиын бірте-бірте емен-жарқын пікір алысуға ұласты. Отбасындағы тәрбие туралы сөз тізгінін ұстаған әкелер мен аналар қысылыңқырап бастап, ойларын қысқа қайырса да, әңгіме аясы кеңи берді. Көп балалы отбасының әкесі «мен балаларымның тәрбиесіне араласпаймын, әйелімнің айтқанын істеймін» деуі мұң екен, сөз сұраушылар көбейіп, нағыз пікірталас басталды да кетті. Ұйымдастырушылардың алдын-ала дайындаған түрлі сауалдары отқа май құйғандай, пікір өрісін кеңейтті. Әсіресе жиынның үш жетекшісінің бірі, үшінші сыныптың оқушысы Ахмедиярдың «менің жасымда мен қандай болуым керек» деген сұрағына, сахна төріндегі әжесінің «өзің нені ұнатасың?» деген қарсы сауалы көпшіліктің назарын ұл балаға аударды. Аспай-саспай орнынан тұрған жас өрен «мен сіздерге Күләш Ахметова ақынның «Сен қазақсың» деген өлеңін оқып берейін» деп, ортаға шықты. Осылайша өзекті әңгіме ән-күйімен, әдемі биімен, шынайы сөз арнасымен көптің көңілінен шықты.

Жиын аяқталып, тарқай бастағанымыз­да өзін «Гүлжанат Тұтқабайқызымын, мек­теп директорының орынбасарымын» деп таныс­тырған ұстаз бір сәт бөгелуімізді өтініп, қолын­­дағы бірнеше парақ қағазды бізге ұсы­нып, «мынау менің әкем туралы жазғаным, оқыңызшы» дегені. «Қайда жазып едіңіз» деп едік, «әкем туралы кітап шығарғым келеді. Мынау – шәкірті, Ғылым академиясының академигі, философия ғылымының докторы, профессор Досмұхамед Кішібековтің ұстазы, менің әкем туралы жазғаны» деп тағы бірнеше парақ қағаз ұсынды.

Туған өңірінде ұлағатты ұстаздық іздері ұмы­тыл­маған әкесі Тұтқабай Молдыраймов туралы пер­зенттік сағынышпен: «Әкем өз заманында шах­мат ойынынан озық болғанын білемін. Мек­теп-интернаттағы үйірмеге қатысып, мен де шах­мат жүрістерін үйрене бастадым. Әкем риза бо­лып, «детский мат» қоюды үйрете бас­тады. Осы­лайша әкеммен шахмат ойнауды әдетке ай­нал­дырдым. Спорт шеберлігіне кандидат дә­ре­жесін қорғадым. Республикалық, ха­лық­­а­ра­лық жарыстарға қатыстым. Қазір жұ­мы­сыма қосымша Оқушылар сарайы филиалын­да шах­маттан жаттықтырушымын. Білгенімді үйретіп, қабі­ле­тін ашқан сайын, балалар да, ата-аналары да ри­зашылығын айтып жатады» деп жазыпты ұс­таз-шах­матшы. Иә, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іле­ді» деген осы ғой. Президентіміз Қа­сым-Жомарт Кемелұлының отбасының жақсы тәр­биесі өмір­лік өнеге деген ұстанымына бұл бір айқын әпсана.

Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген өсиеті – мәңгілік елдікке апаратын сара жолдың ұрпақ сабақтастығының ұясы отбасынан басталатынын меңзейтіні ап-айқын.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері