Аймақтар • 01 Қараша, 2019

Қамқоршылық кеңес мүшелері қайда қараған?..

410 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2020 жылдан бастап өңірде 1-4 сыныпта оқитын 51 278 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсат үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 789 миллион теңге бөлінбек. 545 бала демеушілер есебінен тамақтанады. Мектеп асханаларындағы тамақ сапасын Қамқоршылық кеңес өкілдері бақылауға алуда.

Қамқоршылық кеңес мүшелері қайда қараған?..

Өңірдегі 1-4 аралығындағы бастауыш сынып оқушыларының мектеп асханасынан тамақтануын қамтамасыз ету үшін аталған жо­ба­ның басталғанын облыс әкімі Болат Бақауов мектептердің Қам­қор­шылық кеңес өкілдері, ата-ана­лар, мұғалімдермен кездесу ба­рысында жеткізді.

– Бұл кездесуді өткізбес бұрын инстаграм парақшасына мектеп­тер­ге қатысты бір тәуліктің ішін­де 350-ден астам өтініш түсті. Ата-аналар тарапынан мек­теп асха­насы жөнінде сұрақ көп. Бар­лық пікірлерді оқып, ата-ана­лар­мен кездесуді ұйғардым, – деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Шағымдар мен ұсыныстар негізінен парталарды жаңарту, кабинеттердің терезелерін ауыс­тыру, жұмыс істемей тұрған мектеп бассейндерін қалпына келтіру және оқу орындарының аулаларын абаттандыру секілді мәселелерді қамтыған.

Ал мек­теп асханасына қа­тысты мәселеге келсек, жуыр­да облыс орталығындағы Пав­ло­­дар ауылындағы мектепте оқу­шылар тамақтан уланып, ауру­­ханаға түскен-ді. Бұл оқыс жағ­­дай балалары мектептен та­мақ­­танатын ата-аналардың алаң­­дауына себеп болды.

Білім және ғылым минист­рі­нің 2017 жылғы 27 шілдедегі бұй­ры­ғы бойынша Қамқоршылық кеңес жұмысының жаңа тәртібі енгізілді. Енді Қамқоршылық ке­ңестің мектептегі атқаратын жұ­мысы маңызды. Тамақтану бала­лардың денсаулығына тіке­лей қатысты болғандықтан, Қам­қор­­шылық кеңесі мектеп ас­ха­­­на­сындағы тамақ сапасын қа­­да­ғалауға да құзыретті. Сон­дай-ақ мектепте тамақ сапасын бақылау бойынша монито­ринг комиссиясы құрылуы тиіс. Бұл шаралардың барлығы тамақ беруді сапалы түрде ұйым­дас­ты­ру­ға мүмкіндік береді.

Облыстық білім беру бас­­қар­­ма­сының өкілдері өткен оқу жы­лынан бастап өңір­де­­гі мек­тептерде «Қазақ тамақтану академиясы» мен «Ұлт­­тық саламатты тағамтану орта­­лығы» әз­ірлеген «Оқушы­лар­дың та­мақ­тану рацио­ны бойынша бірың­ғай стандарттар» әдіс­теме­лік ұсынымдары бойын­ша жұ­мыс істеп жатқанын айта­ды.

Былтыр облыста 7 мың бала 1-сыныпқа барса, биыл 14 мыңға жетіпті.

Жиын барысында облыс орта­лығындағы Усолка ша­ғын ауда­нын­дағы №42 орта мек­теп­тің ата-аналары сөз алып, бұл ауданға тағы бір жаңа мектеп қажет еке­нін айтты. Шағын ауданда жыл сайын көп қабатты үйлер са­лы­нып, пайдалануға берілуде, оқу­шы­лар саны да көбейе түскен.

Тағы бір мәселе, бүкіл қала мек­тептерінің оқушылары сөм­ке­ле­рін арқалап, сабаққа қоғамдық кө­лік­термен қатынайды. Бұл мә­селе де Қамқоршылық кеңес мү­ше­­лерінен қамқорлық күтетін жағ­дай. Қамқоршылық кеңес мүше­лерінің айтуынша, қала ішінде 15 жасқа толмаған оқу­шы­лар қоғамдық көліктерде 50 пайыз жеңілдікті пайдалануда. Қалған оқушылар жолақысын толық төлеуге міндетті.

– Усолка шағын ауданында оқушы саны көп екені белгілі. Бірақ енді мектеп салатын орын жоқ. Сондықтан жаңа мектеп басқа жерден салынады. Ал жо­ла­қы мәселесіне келетін бол­сақ, қоғамдық көлікте 50 пайыз же­ңіл­дік қарастырылатын балалар жасын 15 жастан ұлғайту қажет. Мәселені бақылауға аламыз, – деді Б.Бақауов.

Бұдан бөлек, ата-аналар ағыл­шын тілі мен қазақ тілі пән­де­рінен сабақ беретін мұға­лім­дер­ге ренішті. Ата-аналар бұл пән­дерден қосымша репетитор жал­дауда. Сондықтан енді осы екі пәннің мұғалімдерін аттес­тациядан өткізу тапсырылды. Қамқоршылық кеңес өкілдері бұл жұмысқа белсенді араласып, өз пікір­лерін ашық білдірмек.

Кездесуде Ақсу қаласындағы №7 мектептің қоғамдық кеңес мүшесі Андрей Рахметов мектеп ауласын абаттандыру қажеттігін, Ленин кенті №32 мектептің Қам­қор­шылық кеңес мүшесі Уә­ли­хан Нығманов мектеп айналасын қор­шауға көмек сұрады. Өңір бас­шысы мектептің айнала­сын қор­шағаннан гөрі, аума­ғын абат­­тандырып, бейне-бақы­лау құ­рыл­ғыларын орнатуды ұс­ын­ды.

Қаладағы №35 мектептің Қам­­­қор­шылық кеңес мүшесі Майгүл Иманқұлова мектептегі ас­ха­наға ша­ғым білдірді. Көп ба­ла­лы ана С.Шарапиева мектеп жасындағы 3 баласының ыстық тамағына күніне 900 теңге төлей­ті­нін айтып, көмек сұрады.

Сондай-ақ Успен ауда­нын­да­ғы №2 мектептің ата-аналары да асхана бағасына ренішті. Аз қамтылған және көп балалы отба­сылардан шыққан балалар 350 теңгеге тамақтанса, ақылы не­гіз­де тамақ ішетіндер асқа күн­делікті 500 теңге төлеуге мін­­детті.

Ал керісінше Аққулы, Шар­бақ­ты аудандарында 1-4-сынып оқушылары жергілікті демеу­шілер қолдауымен тегін тамақ­та­нады.

Облыс орталығындағы №19 мек­тептің ата-аналары мектеп маңындағы қаптаған көлік­тер­­ді ретке келтіруді сұрады. Мектеп «Халыққа қызмет көр­се­ту орталығының» жанында орналасқан. Көліктер кептелісі қатар орналасқан №29, №36 мек­­тептің оқушыларына да бө­гет келтіруде. Сондай-ақ №41 мек­тептің ата-аналары бағ­дар­шам орнатуды сұрады. Қа­ла­да­ғы №23, №16 балабақшалар күрделі жөндеуді қажет етеді.

Келесі кезек екібастұздық ата-аналарға тиді. Олар қаладағы №13 мектептің ата-аналары мектеп ауласын жарықтандыруды, сонымен бірге өздерімен бірге бір ғимаратта отыратын №35 мектептің болуы салдарынан кабинет саны жеткіліксіздігін, парталар тым ескіргенін, дене­шы­нықтыру сабағында бір уақытта 2-3-сынып дайындалуға мәжбүр болып отырғанын жет­кіз­ді. Ал №36 мектептің ата-аналары оқушылардың киім ілуіне ар­нал­ған шкафқа бюджеттен қаржы бөлуді сұрады.

 – Мектептерді шкафпен қа­м­­­ту мақсатында 100 миллион теңге бөлдік. Қазіргі уақытта бай­қау жарияланды. Осы қаржыға өңір­дегі 3 мектептің шкафқа қажет­тілік мәселесі шешілмек, – деді Б.Бақауов.

Кездесуде жергілікті ата-аналар тарапынан түскен барлық сауал­­­­ды тыңдаған Болат Бақауов жауапты орындарға нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімі кездесуге келген ата-аналар тарапынан өңір­дің, облыс орталығының білім саласына қатысты көптеген мә­се­­лелерін тыңдап, қаладағы №19, №35 мектептерді және күр­­делі жөндеуді қажет ететін бала­бақ­ша­ларды аралап көрді.

Сонымен бірге кездесу барысында облыс әкімі Абай атын­да­ғы №10 қазақ мек­теп-лицейінің асханасына кіріп, тамақ­тан­ғанын да айтып өтті.

– Мектеп асханасындағы ха­бар­­ландырулар өзге тілде жа­зыл­­ған екен. Екіншіден, ас мәзі­рінде бәліш, тоқаш бағалары жо­ғары. Қамқоршылық кеңес мү­шелері қайда қарап отыр? Ас­ха­на сөресінде шоколад пен тәтті сусындар да бар. Олай болса, ата-аналармен бірлесіп, тамақ сапасын бақылау қажет-ақ, – деді Б.Бақауов.

Облыс әкімі ата-аналармен кездесуде мектеп асханасындағы тамақтың сапасына Қам­қор­шы­лық кеңес өкілдері жауапты еке­нін атап өтті. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Діни­слам Болатханұлына мектеп асха­насын бір жылға жалға бермей, арендалық шартта 3-5 жылға дейін ұзартуды ұсынды.

Сұрақ та, мәселе де аз емес. Осы кездесуден соң мектеп асханасы, ауласы, басқа да көптеген шаруа­шылық мәселелері қала­лық, облыстық білім беру сала­сының басшыларының, мектеп директорларының, Қам­қор­шы­лық кеңес өкілдерінің назарынан неге тыс қалған деген ой келеді.

 

Павлодар облысы