Би кешіне жиылған жұртшылықты Жастар театрының фойесінде ерекше тарту-таралғы күтіп тұрды. Әріптестеріне сый жасап жүрген маңғыстаулық хореограф – Серік Сариев. Би өнерін құрметтеп, дәріптейтін азамат қылқалам шеберлеріне арнайы тапсырыс жасап, би өнері майталмандарының портреттерін салғызыпты. Майлы бояумен, асқан шеберлікпен салынған дүниелердің әрқайсысы да өзінше сырлы, құнды. «Жақсыны көрмек үшін» дегендей бұл портреттердің «Даналар. Мәшһүрлер. Ұлылар» атауымен арнайы көрмесі ұйымдастырылып, оны Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы-балетмейстер Айгүл Тәти ашты.
«Наз» – еліміздегі алғашқы кәсіби би театры. 1999 жылы Астана қаласы мемлекеттік филармониясы жанынан алғаш «Наз» халық би ансамблі болып құрылған. 2007 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры болып аталды. Театрдың іргетасын қалаған кәсіби хореографтар Еркебұлан және Хадиша Ағымбаевтар. «Наз» құрылған күннен бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы мәдени іс-шараларға белсене қатысып, көпшіліктің ілтипаты мен құрметіне бөленіп келе жатқан маңдайалды мәдени ұжымдар қатарында. Концерттің ашылу барысында құттықтау сөз сөйлеген «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Сұлтан Срайылов театрдың жиырма жылда жеткен жетістіктерінің қомақты екенін жеткізді. Осы кеште Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов театр әртісі Азамат Бектеміровті «Құрмет» грамотасымен, Ақан Рысқалиев және Наталья Леонтьеваны «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
Концерттік бағдарламада көрермендер қазақтың ұлттық билері мен әлем халықтарының билерін тамашалап, хореографиялық спектакльдерден үзінділер көрді. Мың бұралған бишілер қаламгерлердің сағаттап жазатын сезім дүниелерін санаулы минуттарға сыйғызып, көрермендерді көркемдік әлеміне қонақ етті. Оның ішінде дара талант Нұрғиса Тілендиевке арналған «Нұрғиса» би-спектаклі, әлемдік тарихта орны бар баһадүр қолбасшыға арналған «Шыңғыс хан» қойылымы, шығыс ертегілері негізінде сахналанған «1001 түн», жасөспірімдерге арналған «У сана» хореографиялық спектаклі көркемдік эстетикасы өте жоғары, театрдың қолтаңбасы анық байқалатын дара дүниелер екенін айту керек.
Әртістің сахналық костюмі оның өнеріне әр беріп, шығармашылық тұлғасын маңызды етіп көрсетеді. Бұл орайда «Наздың» «Зекен мода» сән үйімен шығармашылық байланысының жөні бөлек. «Наздың» мерейтойында көрермендер аталған сән үйінің «Жастар жалыны» атты дефилесін тамашалады.
«Наз» мемлекеттік би театры былтыр 20 жылдық мерейтойларына арнап «Би – сезімнің поэзиясы» атты республикалық жыр мүшәйрасын жариялаған екен. Концерттік кеште мүшәйраның қорытындысы да шығарылды. Ұлттық билеріміздің мәртебесін көтеру, би өнерінің халықтың тұрмыс-тіршілігінде алатын орнын анықтау мақсатында жарияланған мүшәйраға ақындар көптеген өлең жіберген. Соның ішінде ең үздік өлеңдердің топтамасы Толқын Сұлтанның «Наз мемлекеттік би театры. Жиырма жылдық белес» атты театр тарихынан сыр шертетін кітабына еніпті. Кітап жақын күндері баспадан шығып, оқырманға жол тартатын болады. Ал мүшәйраға келетін болсақ, жүзден жүйрік шыққан ақындардың есімдері кеш барысында белгілі болып, тиесілі сыйлықтары табысталды. Ынталандыру сыйлығы және алғыс хатпен Серік Сейтман, Әскерхан Ақтай, Қуат Ежембек, Нарқұлан Райхан секілді ақындар марапатталды. Жүлделі ІІІ орын, диплом және 100 000 теңге ақшалай сыйлыққа ақындар Жұма-Назар Сомжүрек пен Қалқаман Сарин ие болды. ІІ орынның 200 000 теңгесі мен дипломы ақын Асхат Аймағанбетовты тапты. Ал байқаудың І орнын және 300 000 теңге ақшалай сыйлық пен дипломды ақын Азамат Мәлжанбай алды.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Egemen Qazaqstan»