Фотокөрменің ашылу салтанатында Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөз сөйледі. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер мен «National Geographic Qazaqstan» журналының ғылыми кеңесшісі Әділ Ахметов көрме жайында жиылған жұртшылыққа біршама мағлұмат берді.
Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, АҚШ елшілігі Ұлттық музеймен 2014 жылдан бері ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Соның нәтижесінде елшілік «Туған жер» көрмесінің өтуіне демеушілік көрсеткен. Аталған көрме америкалықтар мен қазақ мәдениеті арасындағы ұқсастықты ашып көрсетуге арналған болатын. Алдағы 2020 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Ұлттық музеймен бірлесіп «Алтын адам» көрмесін Америка Құрама Штаттарында өткізуді жоспарлап отырған көрінеді. Сондай-ақ елшіліктің National Geografic ұйымымен де іскерлік қарым-қатынас орнатқанын атап өткен жөн.
«Гранд-Каньон мен Шарын шатқалының кез-келген адамды тәнті ететін әсемдігінен бастап америкалықтар мен қазақтар арасындағы ежелгі атбегілік дәстүрге дейінгі ұқсастық екі ел арасында біз ойлағаннан да ортақ нәрселер көп екенін білдіреді. Сондықтан біз көрменің тақырыбын «Сіз ойлағаннан да жақын» деп атадық» – деді АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер.
«National Geographic Qazaqstan» журналының өкілі осының алдында да АҚШ елшілігімен бірлесіп ұйымдастырған «National Geograhpic тарихындағы 50 сурет» атты көрменің сәтті өткенін атай отырып, бұл көрменің де мақсаты екі ел арасындағы экономикалық, географиялық һәм мәдени ұқсастықтарды және қос елдің айнымас серіктестігі мен бірлігі бекем әріптес екенін жұртшылыққа жеткізу екенін айтты.
Жоспар бойынша көрмені көрермендер қазан айының соңына дейін Ұлттық музейде, ал қараша айында елордамыздағы «MegaSilkWay» және Алматыдағы «Mega Almaty» сауда-ойын-сауық орталықтарында тамашалай алады.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Egemen Qazaqstan»