Аймақтар • 01 Қараша, 2019

«Менің туым – менің Отаным!»

4358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясының бастамасымен қолға алынған «Менің туым – менің Отаным!» акциясына қызыл­ор­далықтар да қолдау білдірді.

«Менің туым – менің Отаным!»

Барша сырбойылықтарды патриоттыққа және мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге шақырған іс-шара қаладағы «Aray City Mall» сауда орталығында ұйымдастырылып, Nur Otan партиясы облыстық және қалалық филиалдарының басшылығы, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, жасотандықтар, жергілікті мәслихат депутаттары, ҚХА мүшелері, халықаралық дәрежедегі спортшылар мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты іс-шараны ашқан Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова акцияның негізгі мақсатына тоқталып, мемлекеттік рәміздердің құндылығын атап өтті. Ол өз сөзінде еліміздің мемлекеттік рәміздері тарихи өткенді, мәдени мұраны, лайықты болашаққа ұмтылысты бейнелейтінін, сондай-ақ Отанға деген сүйіспеншілік, абырой, борыш, еліміздің болашағы үшін жауапкершілік, мемлекетке құрмет секілді жалпы адамгершілік нормалар қалыптастыратындығын тілге тиек етті.

– Мемлекеттік рәміздер бізді Отан тағдырындағы ең маңызды сәттерде – ұлттық мерекелерден бастап, спорттық жеңістерге дейін біріктіреді. Тарихымызда мемлекеттік нышандар, еңсерілмейтін құндылықтар ретінде, халқымызды жігерлендіріп, олар үшін ұлы ерліктер жасалған, олар үшін өмірлерін құрбан еткен мысалдар аз емес.

Бүгінде Қазақстанның Көк туы астында біздің адамдар ерлік жасап, еңбек, ғылыми, мәдени және спорттық жетістіктерін көрсетеді. Біз әртүрлі салада жоғары жетістіктерімен еліміздің Көк байрағын көкте желбіретіп жүрген азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Бұл – нағыз қазақстандық патрио­тизм! Бүгінгі акцияның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау арқылы оларға құрмет көрсету, азаматтардың туған еліне деген патриоттық сезімін ояту.

Біздің Ту ғаламшарымыздың әр түкпірінде халықаралық олимпиадаларда көтерілді, ол БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде, Венадағы ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтерінің жанында желбіреп тұр. Ол қазақстандық ғарышкермен ғарышта болып, әлемнің ең биік тау шыңдарын бағындырды. Осының барлығы Қазақстан қоғамының бейнесін біздің санамызда ғана емес, халықаралық аренада да қалыптастырады.

Іс-шара барысында халықаралық деңгейдегі спорттық додаларда топ жарып, Көк байрағымызды көкте желбіреткен спортшылар сөз алып, патриоттық акцияға қолдау білдірді.

Іс-шара барысында әннен шашу шашылып, мереке көркін қыздыра түсті.